Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ

5186
Adyrna.kz Telegram

(Соғыс ардагері, түп нағашы атам Оқас Теміржанұлы мен әжем Ақаудың рухына бағыштаймын)
Менің әжем Ақау Теміржанқызы (өзі аты Аққу, әке-шешесі еркелетіп Ақау атап кеткен екен) 1931-32 жылғы ашаршылықта құдай қосқан қосағымен қол ұстасып, жасқа толмаған тұңғыш қызын арқалап Кегеннің Ақтоғайынан қытайға қашып өтеді. Өйткені олардың алдында екі жол бар еді. Бірі - осында қалып аштан өлу, не болмаса шөптің сабағын, тамырын жеп өмір сүру; екіншісі - басқа елге қашып кету. Олар ақылдаса келе, амалсыз екінші жолды талдап, бір түнде шекарадан өте шығады. Таяқ тастам жердегі Шыбышыда тұратын әке-шешесіне, бауыр-туысына жете алмай қалады. Олардың қандай халде екенінен мүлде хабарсыз кетеді. Тігулі тұрған үйлерінің түңлігі ашылмай, тігіулі күйінде қала береді. Артынан қыстық еліне ұзатылған Бүбайша деген сіңлісі де отбасымен қашып барады. Төркінінен тірідей айырылған әкпелі-сіңлілі қыздарға оңай түспегені анық. Осыдан бастап екі ел, екі тағдыр өз арнасында өрбиді... Әрине, өкінішті. Туған жер, ата-қоныс, ата-ана, бауыр-туыстан алысқа кетіп, жат елде өмір сүру қыздар тұрмақ ер азаматқа да өте қиын екені айтпаса да түсінікті.
Бұрын әжем қалай өмір сүріп жүргенін білмеймін, мен ес білгелі әке-шешесін, бауыр-туысын және 1955-ші жылдары тұрмыстанып Қазақстанға қоныс аударып кеткен Уайхан деген қызын жиі айтып, көзінің жасын сығымдап алатын.
1970 жылдың басында Совет Одағынан ақырындап хат келе бастады. Хат тек Уайхан әкпемнен келуші еді. Ол кісі хаттың адресін кирилл харпімен жазатын да, ішіндегі сәлем хатты төте жазумен жазатын. Хатты мен әжеме дауыстап оқып беруші едім. Амандық, есендіктен басқа әңгіме жазылмайтын. Соны тыңдаған әжем әжеп-тәуір қуанып, марқайып қалатын. Оқылып болған хаттар қатталып әжемнің қара сандығында сақталатын. Сол хаттар әжеме күш-қуат, бір түрлі рух беретін секілді сезілетін маған.
Бір күні бұрынғы хаттардан қалыңлау бір хат келді. Хатты алдымен ашатын баяғы мен. Канверттің ішінен хатпен бірге екі фотосурет шықты. Суреттің артында Оқостың отбасы, балалары деген жазу жазылыпты. Сөйтсек, бұл кісі әжемнің бірге туған інісі екен. Сол хат оқылған күні әжем көп жылады, екі бүктеліп төсегіне жатып қалды. Әжемнің қиналып жылайтын жөні бар еді. Хатқа әкпем Уайхан: "Апа, баурыңыз Оқасты іздеп таптым. Біз ауыл Тоғызбұлаққа жақын, көрші ауыл Жылысайда тұрады екен. Отбасы, бала-шағасы бар екен, соғыста бір аяғын снеряд жұлып кетіпті. Ең өкініштісі, 1941 жылы соғысқа бірге аттанған және бір ініңіз Алтынбек Теміржанұлы, кіші әкеңіздің балалары Рахымбай Өміржанов, Анықбай Қашқынов соғыстан оралмапты, із-түзсіз жоғалып кетіпті. Бекем болыңыз, апа!" деген сөздер бар еді. Осы күйзеліс әжемнің ішіне күйік болып түскен болар, содан кейін көп өмір сүрмеді, 1975 жылы көктем айында бақилық болды.
Иә, Оқас атамыздың Совет-Германия соғысына қатысып, 1945 жылы Австрияның астанасы Венаны азат ету шайқасында снаряд түсіп бір аяғын жұлып кеткенін балалары Есенгелді, Сатыпалды ағадан және қызы Сәбетхан әкпеден Қазақ еліне 1992 жылы көшіп келген соң естіп-біліп жатырмыз.
Госпитальға жатып, емделіп шыққаннан кейін Оқас атам еліне балдақпен оралып, қазіргі Шыбышы ауылында фермасында 3 жыл сиыр бағады. Кейін Ұзынбұлақ савхозының Жылысай фермасына ауысып келіп жылқышы болады. 1947 жылы отбасын құрып, он баланың әкесі атанған Оқас ата бір аяғының жоқтығына қарамай аттың құлағында ойнап жылқы бағып, "озат жылқышы" атанып, 1970 жылы зейнеткерлікке шығады. 1975 жылы 9-ші мамырда Жеңістің 30 жылдық мерей тойында, үкімет соғыс ардагері Оқас атаны құрметтеп астына жеңіл көлік мінгізіп марапаттайды. Құдайдың берген жасын жасаған Оқас Теміржанұлы 1979 жылы 22-ші мамырда өмірден озады.
Жатқан жеріңіз торқа болсын, ардақты Оқас ата!
Қазір Оқас ата өзі болмаса да, артында қалған тұяқтары, ұл-қыздарымен барыс-келіс жасап араласып тұрамыз.

 

 

Әлімжан ӘШІМҰЛЫ

Пікірлер