ҚУАНДЫҚ ШАМАХАЙҰЛЫ: Қазақ қоғамы ешкімге сенбесе, бәріне күмәнмен қараса, қалай жаңармақ?

3597
Adyrna.kz Telegram

Саяси партия құрамын деген жігіттерге неге екенін білмеймін, жұрт күле қарайтын, мазақ ететін болыпты. Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақ қоғамында жөні түзу саяси күш қалыптаспады. 2001 жылы бас көтерген демократиялық қозғалыс іштен ірітілді, бөлшектелді, қуғындалды, бас біріктіріп үлгермей тоз-тозы шықты. Кейін ресми биліктің арнайы батасын алғандардың жоғарыдан құрылған бір ғана партиясы "балалап", қазір сөз жүзінде ғана бірлі жарым "саяси күш" болып, Парламентте отыр. Оның өзінде бәрі сол бір ғана "нұрланған әлемнің" аузына қарап, "ләппайлаудан" өзге тындырарлары шамалы. Парламенттің екі палатасы да қазір өз миссиясын лайықты атқарып отырған жоқ. Баяғы совет заманындағы "халық кеңесінің" аржақ, бержағы. Атқарушы билік әкеліп ұсынған заң жобасын санаулы ғана депутат талқылаған түр көрсетеді. Бір-екеуі сынап та тастауы мүмкін. Бірақ, ақыр соңында бірауыздан 100 пайыз жақтап бекіте салады. Соның салдарынан дүмбілез заңдар қабылдала сала қоғам наразылығына ұшырап, оған қайтадан толықтырулар мен өзгеріс енгізуге мәжбүр болады. Билік өзі де "реформа керек, жаңарайық" деп айтып-ақ жатады. Бірақ, бәрі тек сөз жүзінде ғана. Парламенттің екі палатасында да қабылданған шешімдерге бәрі бірауыздан дауыс беретіндері соншалық, тіпті қалыс қалатын тірі жан болсайшы. Ол да жоқ. Плюрализмнің өзі тұрмақ оның елесі де жоқ. Ол аз болғандай Президент екі палатаның біраз депутатын өз жарлығымен тағайындап қояды. Халық сайламаған, жоғары билік өзі тағайындаған депутатта қандай бет-бедел болады? Ондай жерде демократияның иісі болмасы бес жастағы балаға мәлім. Қазір халық биліктің 3 тағаны яғни, басқарушы, заң шығарушы, сот билігіне сенуден қалған. Тіпті, бейресми түрде "төртінші билік" аталатын БАҚ-на сенбейді. Ол аз болғандай қоғамнің өз ішінен туып шыққан белсенді топтарға да, оппозициялық күш ретінде аттандап шыққандарға да сенуден қалды. "Анау да сатқын, мынау да сатқын" - деп, әрбіріне күдіктене қараймыз. Кімді жек көрсек, соны "биліктің жобасы" деп атап ала көзбен ататын болдық. Қазақ қоғамы ешкімге сенбесе, бәріне күмәнмен қараса, қалай жаңармақ? Халықтың қамын ойлайтын, қоғамның мүддесіне адал жандар бар шығар, бәрі кім көрінгеннің қолжаулығына айналып, әлдекімнің жобасына айналып, сатылып кетпеген болар, бір-бірімізге сенім артып неге қолдамасқа. Әлде, барша қазақ Қосанов құсап сырт айланып кетеді деп күмәндаумен күнелте береміз бе?

Пікірлер