Таным көкжиегін кеңейтетін 7 фильм

2851
Adyrna.kz Telegram

Кейде киногерлер мен көрерменнің талғамы бір жерден шыға бермейді. "Сиқырлы SMM" кітабы авторының бірі Абзал Досым адамдардың танымын арттыратын ең үздік 7 киносын атап, ойымен бөлісті. 

1. Интерстеллар. Режиссер Кристофер Ноланның туындысы. Фильм ғылыми фантастика жанрында болғанымен фильмдегі барлық әрекеттердің ғылыми негізі бар. Себебі фильмнің ғылыми консультанты - физика саласында Нобель сыйлығының иегері Кип Торн, жобаға келмес бұрын ақылға қонымсыз көріністердің болмауын қадап айтқан екен. Қара құрдым, оқиғалар көкжиегі, салыстырмалық теориясы туралы танымды кеңейтіп, қызығушылықты оятар туынды.

Фильмнің саундтрегі, өмірге келу тарихы бөлек әңгіме. Құлаққапты нығыздап саундтректі қосқанда айналадағы тіршілік өзгеше маңызға ие бола бастайды. Кейде бойыңды үрей билеп, кейде адамзат тағдырындағы ең үлкен драмаға куә болып отырғаныңдай сезім сыйлайды.

2. Матрица. Ағайынды Уочовскилердің трилогиясы. 1999 жылдан бастап шыға бастаған фильмдегі арнайы эффектілер сол замандағы технологиялардың озық үлгісі болып табылады. Бұрын сол эффектілері үшін көрген болсақ, осы карантинде идеясы үшін қайталап көріп шықтым. Егер салмақты диалогтары, өткір сюжеті, миға салмақ түсіретін идеясы болмағанда жәй ғана фантастика болып қалушы ма еді. Сонысымен да құнды. Америка кинематография өнімдерінің алтын қорына енген игі туынды.

3. Начало. Бұл да режиссер Кристофер Ноланның туындысы. IMDb-де 13 орында тұруының өзі бекер емес. Біздің фильмдер тарих түгендеп бола алмай жатқанда батыс кинематографиясы адам қиялының шекарасын іздеп кеткен. Адамның түсіне ену арқылы оның ойына идея егу, әрі ақпарат ұрлау одан ары ұйқының екі-үш деңгейіне дейін тереңдей түсу...

4. Первому игроку приготовиться. Мен үшін бұл фильмнің режиссер, актер сияқты атрибуттары маңызды емес. Бір ғана идеясы қызық. Болашақта виртуалды әлемнің реалдан қызық болып кететіні сонша, адамзаттың бәрі виртуал әлемде көбірек болуға ұмтылады. Себебі ол жақтағы мүмкіндігің шексіз. Өзіңе қалаған дене, қалаған түр, қалаған киім, қалаған әлемді жасап аласың. Қызықтығы мен әсері жағынан виртуал әлем реалды басып озады. Меніңше қазір шығып жатқан виртуалды 3d шлемдермен тактильді қолғаптар осы үрдістің алғышарттарын жасап жатыр.

5. Лобстер. Режиссер, сценаристерін білмеймін. Бірақ басты рөлде Колин Фаррел. Мұндағы утопиялық әлемнің ең басты мақсаты адамды жұпсыз қалдырмау. Бұл әлемдегі әр адамның міндетті түрде жұбы болуы керек. Егер жұбың жоқ болса сені 40 күнге арнайы орталыққа жібереді. 40 күн ішінде өзіңе жұп таппасаң жануарға айналдырып жібереді де түбі аңшының қолынан қаза табасың. Жұп құрудағы басты критерий - екеуінің бір ұқсастықтары болуы керек. Махаббат деген түсінік жоқ. Егер жұбың көзілдірік тақса, сен де таққан болу керексін, мұрны қанай беретін болса, сенің де мұрның қанай беретін болуы керек. Орталық қызметкерлерін алдау оңай емес. Ал олар өз кезегінде тезірек жұпты болуыңа әрекет етеді. Тіпті мастурбация жасамасын деп қолын кісендеп тастайды.

6. Время. Джастин Тимберлейк деген әнші жігіт басты рөлде. Фильм идеясы сұмдық . Жылдап қағаз ақша ұстамай жүре берсеңіз өміріңіз осы фильмдегі өмірден аумай қалады. Шотыңызға цифрлар келеді, цифрлар кетеді. Кімнің цифры көп, сол бай әрі ұзақ жасайды.

7. Шокирующая Азия. Ескі деректі фильм. Аты айтып тұрғандай еуропалықтар үшін өзге планета болып көрінетін азиялықтар жайында. Ондағы адам шошитын рәсімдер, моральдық нормалардан асып түсетін өмір салтын көрсеткен.

 

Абзал Досым

Пікірлер