Орынай ЖҰБАЕВА: Біз қазақ тілі үшін қызмет етуіміз қажет

4113
Adyrna.kz Telegram

 «Қыркүйек» пе, «қыргүйек» пе? «Шекара» ма, «шегара» ма?  «Көкөніс» пе, «көгөніс» пе? Қазақ тілінің емле ережесі әлі де болса бірізділікке түспегені жасырын емес. Мәселен, 2007 жылы шыққан «Орфографиялық сөздікте» күздің алғашқы айы «қыркүйек» деп жазылса, 2013 жылғы сөздікте «қыргүйек» деп берілген. Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы? Осы сұраққа жауап алу мақсатында «Адырна» ұлттық порталы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаевамен тілдесті.

  • «Қыргүйек», «көгөніс», «шегара» сөздерін г-мен жазу туралы ұсынысты Рабиға апай жасаған еді. 2013 жылғы сөздікке апайдың енгізген өзгерісі - сол ғана. Себебі бұл сөзді журналисттер "шекара, көкөніс, қыркүйек" деп к-мен айтатынына ашуланатын. Кезінде М.Әуезов "Қарагөз" пьесасының қойылымын ұсынып, афишаға ілінер кезде, Рабиға Сыздықовадан "Қарагөз" сөзінің к-мен емес, г-мен жазылуын  емле жүзінде заңдастырып беруін  өтінген. "Амангелді" пьесасын жарыққа шығарарда, Ғ.Мүсіреповте сондай өтініш болған екен. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов - әр сөздің байыбына бара білген, соны пайымдай білген сөз зергерлері, олардың сөзді дұрыс қолдануға қатысты көптеген идеялары мен ой-тұжырымдары өте керемет қой! Рабиға апай сол кісілердің  ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, әрі тыңдаған құлаққа жағымсыз болмасын деп, осы ұстанымдарды айтқан болатын. Сондықтан ол кісінің бұл ұсынысына түбегейлі қарсы шығып,  дұрыс емес деуге де болмайды. Мұның арғы жағында уәж бар. Сонымен қатар, Рабиға апай "қыргүйек, көгөніс, шегара" сөздерімен шектелмей, осы секілді бірнеше сөздің  бірігуі арқылы жасалған сөздерді кіріккен қалпында қолдануды ұсынған. Мысалы, "бұл күн" деген сөз кіріккен кезде тұрпаты өзгеріп, "бүгін" деген сөзге айналды.

«Шекара», «көкөніс», «қыркүйек» сөздерін морфологиялық принциппен жаза беруге болады

  • Академик Рабиға Сыздықова - менің ұстазым. "Қыргүйек" сөзінің емлесіне қатысты ұстазымның пікіріне қосыламын, бірақ "шекара, көкөніс, қыркүйек" сөздерін морфологиялық принциппен жаза беруге болады деп ойлаймын. Меніңше, бұл сөздер к-мен жазыла беріп, дыбыстардың дұрыс айтылу нормаларын мектептен бастап жүйелі түрде үйреткен жөн. Радио, теледидарда хабар жүргізетін дикторларды іріктеп, оларға да сабақтар жүргізсе дұрыс болар еді. Көпшіліктің алдына шығатын адамдар өзінің жауапкершілінін сезініп, басқаларға эталон болатынын, үлгі болатынын ескеруі керек.

Өткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақшаға аударылған кей терминдердің қайта өзгергенін мәлімдеген еді.

"Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, "мұражай" деген сөз "музей" болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер", – деді ол.

Бұдан бөлек, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина,  теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал “әлеует” деген сөз “потенциал” болып қайта өзгертілді. Осы орайда біз филологтың бұл шешімге қатысты көзқарасын білуді жөн көрдік.

  • Қазақ тілінде тұрақталып қалған бірқатар сөздер бар. Мәселен, музей-мұражай, архив-мұрағат, процент-пайыз, интернет-ғаламтор. Соңғы жылдары бұл сөздерді орысша қалпында сақтап жазу үрдіс алып барады. Шынымды айтсам, мен бұған түбегейлі қарсымын. Себебі, қазақ тіліндегі терминдердің үлес салмағы өте аз. Біз өз тілімізді «жанды тіл» деңгейіне көтеруіміз үшін қазақ тіліндегі терминдердің санын көбейтуіміз керек. Байтұрсыновтың заманынан «сынып» деп қолданылып келе жатқан сөзді «класс»-қа ауыстырудың қандай қажеті бар еді?Бұл сөзде қазақ қызығатындай не бар? Шындығында, ол бүкіл қазақ тілінің заңдылығын бұзып тұр. Түсінбеймін, кірме сөздердің баламасы табылып жатса, халық оны қабылдаса, неге біз бұл сөздерден бас тартуымыз керек?Ахмет Байтұрсынұлы: «Мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек»,-деп айтып кетті.

Еуропа солай айтсын, бірақ біз қазақ тілі үшін қызмет етуіміз қажет

  • Кезінде бір министр "жүйе" деген сөзге қарсы шығып,оны «system» деп алуымыз керек деген еді. "Жүйе" - ауыз әдебиеті үлгілерінде бар сөз. Қазақ «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дейді. Сонда «Системді сөз системін табады, системсіз сөз иесін табады» бола ма? Біз - жүйелі ойлай білген халықпыз. Тіліміздің байлығы мен халқымыздың дүниетанымын көрсететін сөздерден бас тарудың қажеті жоқ. Жақсы, Еуропа солай айтсын,бірақ біз қазақ тілі үшін қызмет етуіміз қажет.

 «Балкон» дегенді біреулер «қылтима» деп аударып, мазақ етіп еді

  • «Қытай қазақтарының тілін алайықшы. Олар «мышка»-ға "тінтуір" деген балама тауып берді. "Балкон" дегенді біреулер «қылтима» деп аударып, мазақ етіп еді. Ал Қытай қазақтары оны «самалдық» деп атайды. Қандай әдемі! Біз бірінші кезекте қазақы болмысымызға тән сөздерді тауып, қолданысқа енгізуіміз керек»,-деп сөзін аяқтады Орынай ханым.

Жүсіпбек Аймауытов атамыз: «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі»,-деген еді. Бәйтерегімізді құлатып алмайық..

                                                             Диана АСАН,

                                «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер