Арал теңізінің құпиясы: су қайда кетті?

5898
Adyrna.kz Telegram

Жер бетінде таңғажайып құбылыстар өте көп. Солардың бірі - Арал теңізінің жағдайы. Ғалымдарды оның жай-күйі көптен бері ойландырып жүр. Бүгінде бұл теңіздің суы қайда жоғалып кетті және оған адам кінәлі ме деген сұрақтарға нақты жауап табылмады. Арал 70 жыл бұрын көлемі жағынан дүние жүзіндегі ең үлкен төртінші көл саналды. Адамзат теңізге құятын екі өзенді (Сырдария мен Әмудария-ред.) жауып, қысқа мерзімде Аралдың тартылуына себепкер бола алар ма еді?

Арал теңізінің тасу процесі жеті рет байқалған

ХІХ ғасырда ғалымдар тіршілік иелерінің геологиялық деректері мен сипаттамаларын зерттеп, Арал теңізі ертерек құрғап, содан кейін әдеттегі күйіне оралды деген алдын ала үкім шығарды. Бірақ, метаморфозалар процесінде оның жағалау сызығы үнемі өзгеріп отырған. Ондаған жылдар өткен соң, зерттеушілер тарихи деректерді ескере отырып, Арал теңізінің ерекшелігі - тек жағалау сызығының өзгеруінде ғана емес, сонымен қатар арнасы тартылып, кейін қайта пайда болуында деген қорытындыға келді. Деректерге сүйенетін болсақ, соңғы бес мың жыл ішінде Арал теңізінің тасу процесі жеті рет байқалған.

Боз жыландар үйі

Кезінде Арал биологиялық алуан түрлі табиғи орта болып саналды. Көлде балықтың 20-дан астам түрі болған. 1874 жылы Арал-Каспий экспедициясы кезінде Владимир Аленицын Аралды зерттеп, мәлімдеме жасады. Ең алдымен, ғалымды жануарлар әлемі қызықтырды. Ол зерттей келе, боз жыландардың отаны Арал деген шешімге келді.

Аралдың бүгінгі ахуалы қандай?

Бүгінде шағаласы шаңқылдаған шалқардан ақ тұздар мен шаң-тозаң ғана көкке көтерілуде. Экологиялық апат он миллиондаған адамға өз зардабын тигізді. Зерттеулерге сүйенетін болсақ, жел арқылы жылына 120 миллион тонна тұз бен құм ауаға таралады екен. Қазіргі таңда Арал теңізінің құрғап қалған табанына Оңтүстік Корея Республикасының Орман қызметінің қолдауымен сексеуіл егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өсімдік тұз бен құмды тежеп, жел тұрғанда олардың ауаға көтерілуіне тосқауыл болады. Соңғы 2 жылда 5 миллион сексеуіл көшеті отырғызылған.

«Арал тағдыры - адам тағдыры»

1962 жылы АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Кеннеди: «Мұнай туралы ұмытыңыз, су туралы ойлаңыз»,-деген еді. Дәл осы 60-жылдардың басында теңіз дағдарысы басталып, халқымыз қайраткер сөзінің қаншалықты дұрыс екенін сезінген еді. Біз Арал тағдырының халық тағдыры екенін үнемі естен шығармауымыз қажет. Табиғатты аялай білейік, құрметті оқырман!

                                                                      Диана АСАН,

                                                    «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер