"Сұғанақ сұр" қайда екен?

3281
Adyrna.kz Telegram

Мұхтар Әуезовтің жоғалып кеткен шығармасы хақында

Арғы-бергі тарихты шолып қарасақ, қолына қалам ұстаған данышпан суреткерлердің «тұзы жеңіл, соры қалың» болған қоғамдар аз кездеспейді. Жиырмасыншы ғасырдың басында өте жылдам дамып, әлемде бар озық үрдістерге ғажап түрде лайықталып үлгерген қазақтың жаңа сападағы жазба әдебиетінің ең талантты өкілдерінің маңдайына да қиямет тірлік, қиын тағдыр жазылыпты. Олар шығармаларын  кеңестік, коммунистік идеологияны қару қылған саяси тоңмойындықпен және таптық түсініктердің шылауындағы эстетикалық таяздықпен арпалыса жүріп жазды. Қыспақ көрді, қуғын шекті, жазаға тартылды.  Шығармалары сүргіден өтті, теріс сыналды, тәркіге ұшырады.

Алаш ардақтысы, қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов те солақай әміршілдіктің, сорақы әділетсіздіктің талай құқайын бастан кешірген. Нақақтан-нақақ айыпталып қана қоймай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен дүниелері де жоқ емес.

1925 жылғы мамырдың 29-ында И.Сталин Қазақ Өлкелік партия комитетінің бюро мүшелеріне «Қазақ баспасөзі туралы» атышулы хатын жолдады. Хаттың бірінші бөлімінде ол Сұлтанбек Қожанұлы негізін қалап, Ташкенттегі алашордашыл зиялылардың мінберіне айналған «Ақ жол» газетінен (Сталин оны «журнал» деп қателеседі; соған қарағанда, қолына ұстап та көрмеген сияқты) «партияда жоқ интеллигенттерді қуып шығып, оны коммунистік баспасөздің органына айналдыруды» тапсырды. Ал екінші бөлімінде партияда жоқ интеллигенцияны кеңес және шаруашылық жұмыстарына, сондай-ақ оқулықтар жазу ісіне ғана жегіп, саясат пен идеология майданына мүлде маңайлатпау жөнінде пәрмен етті.

«Шолақ белсенділер» жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кеткен бұл хаттағы нұсқаулар сол тұстағы басқа да ұлтын сүйген қаламгерлермен бірге, Мұхтар Әуезовтің шығармашылық қызметіне де өзінің тікелей әсерін тигізді. Біріншіден, ол «Ақ жол» газетінің маңдайалды авторларының бірі болатын. Екіншіден, партияда жоқ әдебиетшілердің санатына кіретін. Ал, үшіншіден, бәлкім, ең бастысы... теңдессіз талант иесі еді... Сондықтан қылышынан қан тамған заманда қарсыластарының тарапынан мойны озық Мұхтарды жарға итеріп, орға жығу пейілдерінің көрінбей қалуы мүмкін де емес-тұғын...

Бұл туралы тарихи деректер  не дейді?

Қазіргі Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатының (бұрынғы СОКП Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының орталық партия мұрағатының) сөрелерінен өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы Қазақстанның саяси, әлеуметтік және рухани өміріне қатысты, осы күнге дейін жалпы қолданысқа енгізілмеген қызықты да құнды құжаттар көптеп табылады. Қазақ Өлкелік партия комитетінің 1926 жылғы сәуірдің 30-ында болып өткен екінші Пленумының хаттамалары мен стенограммалық жазбалары да осылардың арасынан шықты (17-қор, 25-тізбе, 1-іс).

Бұл жиында республика басшысы Голощекин Мағжанның бертіндегі поэзиялық туындыларына шүйліге отырып, интеллигенция арасындағы «сменовеховшылдық» қозғалысын, яғни ескі интеллигенцияның жаңа заманға бейімделу әдісін түйреп өтеді де, «Екеу» деген бүркеншек атпен жазған авторлардың «Еңбекші қазақтағы» мақаласынан қатерлі ұлтшылдық сарынды көреді. «Жоспар» бойынша  Мұхтар Әуезовтің де «сазайын тартатын» кезегі келеді. Мінбеге сол кездегі оқу-ағарту халық комиссары Кәрім Тоқтабаев (кей жерлерде Кәрім Тоқтыбаев деп жазылған; оны тағы бір алашордашыл қайраткер Иса Тоқтыбаевпен шатастырмаған жөн) шығып, былайша сөз сабақтайды: «Әуезовтің бәйгеде бірінші сыйлықты жеңіп алған «Қарагөз» атты кітабы туралы партияда жоқ (бірақ ниеті түзу) қызметкерлердің  бірі былай деп жазады:  «Пьеса бәйгеге жарамсыз. Егер «Қарагөз» басқа пьесалардан артық деп танылып, сыйлыққа ие болса, онда әзірше қазақта драмалық әдебиет бар деп айтуға да, қазақ театрын құру туралы сөз қозғауға да әлі мүлде ерте». Осыған қарамастан, Сәдуақасов жолдастың арқасында Әуезов бәрібір бірінші сыйлықты иемденді. Оның жанында біздің жас жазушыларымыз Қоспанов пен Өтеулиевтің «Зарлық» пьесасы өзінің мазмұны, бағыты және таптық мәні жағынан Әуезовтің кітабынан әлдеқайда жоғары тұр».  Қазір адам сенгісіз, бірақ Мұхтар Әуезовке осылай баға берілген кездер де өткен! Бұл – қазақтың тұңғыш драма театры ашылуы қарсаңында Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі жариялаған бәйгенің қорытындысы шығарылғаннан соңғы жағдай.

Кейінірек, қамауға алынған уақытында М.Әуезов Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың тұрақты өкілдігі істері жөніндегі прокуроры Столбовая мен ерекше бөлімнің тергеушісі Поповқа жазған түсініктемесінде өзін ұдайы қаралаудан шаршамаған Әбдірахман Байділдиннің «партияда жоқ әдебиетшінің есебінен саяси бедел жинауға ұмтылғандығын», «ақша үшін жазады деп жала жапқандығын» айта келіп: «Сыйлықты құрамына Жандосов, Майлин және басқалар кірген комиссия бөлгеніне қарамастан, ол «Қарагөз» пьесасына бәйге берілу фактісін ұялмастан бұрмалады, мұны Сәдуақасовтың тамыр-таныстығына теліді», - деп жазды (М.Әуезов. Елу томдық шығармалар жинағы. 8-том, 243-бет). Ендеше, әлгі пленумда К.Тоқтабаев сөзін мысалға келтіріп отырған адам нақ осы Ә.Байділдин болуы әбден мүмкін деп ойлаймыз.

Ә. Байділдин мұның алдында, 1926 жылғы сәуірдің 21-інде Қазөлкекомның баспасөз бөлімінің жаңадан тағайындалған меңгерушісі Тұрар Рысқұловтың тапсырмасымен Шымкентке сапар шегіп, сол араға Ташкенттен көшіріп әкелініп, жарық көріп тұрған «Ақ жол» газетін өз қолымен жаптырып қайтқан-тұғын. Яғни бұл мезгілде оның «ұлтшылдыққа» қарсы қолшоқпар ретінде пайдаланыла бастағандығы көрінеді.

Сөз жоқ, көркем әдебиеттің болмысын байыптамау, табиғатын танымау – сор. Ал біле тұрып – білмеген болу, тани тұрып – танымаған  түр көрсету одан екі есе зиян. Әйтпесе, көзі ашық, оқуы жетік, Әуезовпен бірге бозбала шағынан дос-жаран қалыпта үзеңгілес жүрген, талай жерде қапталдаса қызмет істеген Әбдрахман Байділдиннің «Қарагөз» пьесасына байланысты таршылық білдіруі – ақылға сыймайтын нәрсе.

Мәскеуден табылған тағы бір құжат. Қазөлкеком секретариатының 1927 жылғы мамырдың 19-ындағы  мәжілісінің №12 хаттамасы. Күн тәртібіне М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабы туралы мәселе қойылған.  Онда: «Байділдин жолдасқа бір аптаның ішінде кітаптың мазмұнымен мұқият танысып шығу және өзінің пікірін әзірлеу, сондай-ақ сол мерзімде – жарық көру мүмкіндігіне қарай, маркстік-лениндік сын тұрғысынан кіріспе сөз даярлау тапсырылсын. Кәсіподақ ұйымынан Байділдин жолдасты осы уақытқа негізгі жұмысынан босата тұру сұралсын», - делінген (17-қор, 25-тізбе, 12-іс).

Бұл кітап сол жылы «Әдебиет тарихы» деген  атпен  Қызылордада жарық көрді. Өкінішке қарай, Ә.Байділдиннің  қандай пікір жазғанын, қолжазбаның түпнұсқа қалпын қаншалықты сақтағанын біле алмадық...

Бірақ ақыры қайыр болған жоқ. «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген сөздің бекер айтылмағаны рас. Ә.Байділдин де жанын  сақтай алмады. 1930 жылғы сәуірдің 31-інде атылып кетті. Неге дерсіз? «Революцияға қарсы әрекеті үшін»...

Енді Казөлкекомның екінші Пленумына қайта оралайық.

Кәрім Тоқтабаев «Қарагөз» пьесасынан кейін әңгіменінің бағытын М.Әуезовтің «Сұғанақ сұр» атты повесіне қарай бұрады да, сөзінің арасында бұл шығарма туралы Смағұл Сәдуақасовтың пікірлерін келтіреді (орысшадан аударып беріп отырмыз): «Автор қаһармандарын өзіне тән көркем сөз шеберлігімен және адам психологиясын біле отырып суреттейді. Алаш партиясы жайында: «...биліктен айырылған соң, негізінен бейбіт жұмысқа бет түзеді», - дейді. Өз пікірінің соңына қарай авторды тағы да былай деп мадақтайды: «Жолдас Әуезовтің бүкіл жазғандары секілді, повестің тілі құнарлы, әдемі. Мұндай кітапты жарыққа шығару пайдалы іс деп санаймын».

Мұнан әрі қарай К.Тоқтабаев «Сұғанақ сұр» повесін және оның қолдаушысының пікірін «партиялық тұрғыдан» талдап-таразылайды. «Повестің мазмұнына байланысты болсын, бағытына байланысты болсын, ештеңе айтпайды. Бұл кітапты мен қолымда ұстап қалдым және ол біздің жауапты әдебиетшілеріміздің арнайы талқылауының нысанасына айналады. Кітап өзінің мазмұны жағынан қазақ тұрмысын көрсете алмаған. Онда интеллигенцияның қайдағы бір айырықша жоғары тобы  таңдап алынған. Бұл кітапқа тән нәрсе – Сәдуақасов повестің негізгі кейіпкері деп сипаттайтын «алаяқ» басты қаһарманды коммунистермен ара-тұра салыстырып отыратындығы. Бұл «алаяқ» коммунистермен, комиссарлармен шендестіріледі. Содан соң бірқатар үзік сәттер бейнеленеді: съезд қарсаңындағы кикілжіңдер, әлгі «алаяқпен» бірге  жауапты коммунистер жиналыс өткізгені, сөйтіп, оның идеологиясын қабыл еткендей болғандығы...».

Сол жерде сөзге Голощекин килігіп: «Сәдуақасов осының барлығынан жақсы хабардар», - деген реплика тастайды.

Ал К.Тоқтабаев әңгімесін былай аяқтаған: «Кітап менің қолыма тигенін  білген бойда, шамасы, мені Сәдуақасов сияқты қарамайды деп қорықса керек, Әуезов маған бұл кітап әлі жеткілікті дәрежеде ширамағанын айтып, жөндеу үшін өзіне кері салып жіберуді өтінген хат жазды. Оның өзі түзетудің қажеттілігін мойындайды, ал Сәдуақасов жолдас болса, ол туралы керемет пікір жазады...».

Сонымен, 1926 жылғы сәуірдің соңы – мамырдың басында кітап Кәрім Тоқтабаевтың қолында болған.

«Сұғанақ сұр» повесінің келесі сөз етілетін жері – М.Әуезовтің 1927 жылғы  қарашаның 24-інде С.Сәдуақасовқа жазған хаты. Хаттың мәтінін белгілі жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Талқы» (Алматы, 1997) зерттеу кітабынан алып отырмыз: «Сөзіңе қарағанда, менің былтырғы «Сұғанақ сұрым» да оған берілген шығар деймін (Ғаббас Тоғжановты айтады – А.Ш.). «Ескі әдебиет тарихы»,  «Абай» да соған берілген шығар... Кәрімнің жазды күні маған айтқан бір сөзінде «Сенің жазғандарыңды Ғаббас пен Жандосов екеуінің бірінің қарамағына берем» деп еді. Сонда «Абай» , «Сұғанақ сұрды» еске ала айтқан сияқты еді. Тегі, кейінгілерді сол ізбен жіберген ғой. Осының анығы қалай екен? Ғаббасқа тапсырылғанның ішінде соңғы, биыл жібергендерім бар ма екен? Жоқ, бұрынғылар ғана ма? Осыны анықтап біліп, айырып жазсаң жақсы болар еді...» (200-бет).

Демек, тағы да іздестіретін орындар – Ғаббас Тоғжанов пен Ораз Жандосовтың  өмірлеріне қатысты мұрағат қорлары.

Ең ақыры, тергеуде жатқан М.Әуезов өзінің  Голощекинге жазған хатында Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтың ұйымдарына қатысы болды деген айыптауларды жоққа шығарып, бұл екі тұлғаға «Сұғанақ сұр» повесінде және Абай өлеңдеріне жазған алғы сөзінде тиесілі баға бергенмін дей келе, әлгі екі дүниені «тінту кезінде алынған менің заттарымның ішінде болуы керек» дейді (М.Әуезов. Елу томдық шығармалар жинағы. 8-том, 247-бет). Бұл М.Әуезовтің адастыру үшін әдейі айтқан сөзі ме, жоқ, шынымен де «Сұғанақ сұр» повесі оның қолына қайта тиген бе, мұның анық-қанығын табу қиын.

Дегенмен, бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік ұйымының қоймаларын тексеріп шыққан дұрыс болар еді дейміз.

Міне, әзірше бізге мәлімі – осы.

Смағұл Сәдуақасов М.Әуезовтің «Қилы заман» повесінің жазылуына қаншалықты себепкер болса, «Сұғанақ сұр» повесінің жарық көруіне де соншалықты қол ұшын созғанын білдік.

Алдағы уақытта ұлы қаламгердің таусылмайтын қайнар, ортаймайтын қазынаға айналған мол көркемдік дүниесінің  қатарына тұтас бір дәуірдің шындығын аңғартқан «Сұғанақ сұр» повесі де қайта қосылып жатса, зор олжа болар еді...

Амантай ШӘРІП,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

Пікірлер