ЖЕРҰЙЫҚТЫҢ ЖІГІТІ

2063
Adyrna.kz Telegram

(Алақандай эссе)

Бекжан... Ізетті іні, әлеуетті әріптес, сенімді серік... Бірге қызмет істедік. Жұмысқа жайлы. Тумысынан мәмілегер. Терісіне сыймай ашуланып, аттандап келе жатқан адамды әп-сәтте сабасына түсіріп, қойдай жуасытады. Қайырымды. Ешкімнің көңілін қимайды. Сапарға шығарда сәл жалғызсырағаныңды сезсе, бүкіл шаруасын тастап, жер түбіне дейін ілесіп жүре береді. Оқымаған кітабы жоқ. Бірақ өзінің кітабын шығаруға қолы тиер емес. Кітап демекші, туып-өскен жері - Қармақшыдағы жыраулар ауылы туралы дерек жинап жүргеніне кө-ө-өп жыл өтті. Кітабының атын баяғыда-ақ қойып қойған. "Жырдың Жерұйығы". Мына суретте сол кітапты жазайын деп шабыт шақырып отырған сәті...

Шығармашылық қабілетінде мін жоқ. Қара сөзге де, өлең сөзге де икемді. Тек ептеген серілік, аздаған перілік, кісі көңілін қимастық, жұртпен жаппай сыйластық оны үстелдің үстінен үнемі жұлып алып, алыс көкжиектерге ауық-ауық шақырады да тұрады. Мұнан соң "Жырдың Жерұйығы" оңайлықпен біте ме?! Бірақ жазады әлі ол сол дүниені. Қара да тұр, "Бекжан кітап жазған жер" деп қуанатын боламыз біз...
Сөзге өте жүйрік. Қалжыңы қиғаш кетпейді. Бірақ сол мықтыңның өзін де әдемі әзілімен қамшылап өтетіндер табылып қалады.

Бірде жұмыс бабындағы жиынға Елерке деген қызметкерімізді шақыруға Бекжанды жұмсадық. Бекжан Елеркенің бөлмесіне жетем дегенше, оның атын ұмытып қалыпты. Есікті ашып, "Еларна деген қайсыңыз еді, дереу жиналысқа барыңыз", - депті. Сонда сөз қадірін білетін Елерке Бекжанға: "Әйтеуір, "Хабар" демегеніңізге шүкір, аға!", - депті әдеппен ғана... Оңбай түсті ғой біздің Бекжан сонда...
Сол Бекжан, сері Бекжан, жүйрік журналист, күйлі кәсіпкер, "Жырдың Жерұйығы" деген жазылмаған кітаптың авторы Бекжан Сүлейменов бүгін ердің жасы - елу үшке толыпты. Құтты болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер