«Айтыскерлер – журналистикадан плагиат жасайтын жеңіл кәсіп иелері» - Қасым Аманжол

8075
Adyrna.kz Telegram

Белгілі журналист Қасым Аманжол айтыскер ақындарды «елдің көңілін көтеруге арналған адамдар» деп есептейді. Бұл туралы ол Qasqa Jol Youtube арнасында Абай Сейфуллаға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

- Айтыскер қауымы – асабаның ар-жақ бер жағындағы қауым ғой. Олар да сол елдің көңілінен шығатын нәрселерді айтуға тырысады. Жалпы жеңіл шоу жанрындағы әртістер сондаймен айналысады. Халықтың көңілінен шығуға тырысып, түрлі бағыттарын таңдап алады. Өз басым айтыс көрмеймін, айтыстағы лозунгтар, позициялар күлкі шақырады,- деді Қасым Аманжол.

Оның ойынша, айтыскер ақындардың айтқандарын журналистикадағы көтерілетін мәселелердің салмағымен салыстыруға болмайды.

- Ешқашан журналистпен айтыскерді қатар қоймаймын. Себебі айтыскер сол жерде тұрған жүлде емес жанын салып, тіпті журналистің көтеріп отырған мәселесін плагиат жасаумен айналысады. Алдын ала «заготовка» жасағанда «Жас Алаштан» проблемаларды теріп алады. Айтыскер деген жеңіл қауым, елдің көңілін көтеруге арналған адамдар. Бірақ оларды ешқашан терең кәсіп иелері деп айта алмаймын. Олар сөйтіп өмір сүреді, халықтың ықыласына бөленеді, ет жейді, бас мүжиді, түрде отырады. Жүре берсін сола, - деп пікір білдірді журналист.

Бағдарлама жүргізушісі сұхбат барысында Қ. Аманжолға айтыскер Ринат Заитовтың саясатқа баруы туралы айтқан еді.

- Иә, солай жылтың-жылтың етеді де артынан өздерінің кім екені белгілі болып, масқараға ұшырап жатады. Қызығы – олар қайтадан өз қауымын тауып алып, үлде мен бүлдеге оранып жүре береді. Мен бұларды бақсы-құшнаш деймін. Бақсы-құшнаш бүгін былай сайраса, ертең басқаша сайрап жүреді. Қазақстан сияқты балаң мемлекеттерде мұндай адамдар сүйкімді бола береді,- дейді журналист.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер