Қазақтың қоңыр үні домбыра: философиялық пайымдар

1198
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/07/dombyra-1-960x500.jpg?token=747a156b65e39b317ab3827f651f0bcc

Қазақ Елі жыл сайын «Домбыра күні» деп аталатын бүкілхалықтық мәдени толқынысты өткеруді дәстүрге айналдыруда. Бұл күні қазақтың кең даласын күмбірлеген домбыра үні кернеп, дала күйлердің сиқырлы нотасымен тербеліп жатады... Осы күні құлағына күй ырғағы жеткен әр бала – өзінің қазақ атты ежелдгі ұлт өкілі екенін айқын сезіне бастайды, өзінің мәдени қалыбына бет бұрады...

Бүгін біз осы күнге орай өзара туындаған ойпікірлерді ұсынып отырмыз. Әңгіме әлемге танымал «Ерке сылқым» күйінен басталып, жалпы өнер мен ғылым мәселесіне қарай ойысты. Оқыңыздар, ой тастаңыздар өнерде әркімнің өз пікірі бар екені анық. 

Орақ Алиев, экономика ғылымдарының докторы, профессор: Фариза Оңғарсынова «Ерке сылқым» күйін ұнатпаушы еді...

Мына домбыра түріне сай отырған жүздеген домбырашыдан құралған оркестр бір кездері Фариза Оңғарсынова ұнатпаған (өз аузынан естігенмін)Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» атты көпшілік сүйіп тыңдайтын күйін орындауы бекер емес-ау!.

Мен апамыздың бұл күйді «өте жеңілтек күй» деп ұнатпағанының астарында не жатыр деп сол кезде біраз ойланып, мынадай қорытындаға келгенмін. Біріншіден, сен қазақ боп тудың ба, қандай күй болса да оны «ұнатпаймын»деп айтуға еш қақың жоқ. Тек «түсінбеймін» деп айтуыңа болады.

Дәл осы пікірімді мен 1987 жылы Атырау өңірін аралаған бір сапарымда «мен төкпе күйден басқаны ұнатпаймын» деп айтқан бізді қонақ қып,  ауылдан алыс шықпаған үй иесіне айтқан болатынмын. Сөзім өтіп кеткен болу керек, ол көпшіліқ (біз отыз шақты адамнан құралған делегация болатынбыз) кешірім сұраған болатын. Фариза апамыздың осы орынсыз, тіпті қате айтқан асылық сөзіне барша қазақ халқының, қалды күй авторы, жас жағынан үлкен,  ағасы боп келетін Әбдімомын ақсақалдан  кешірім сұрады дегенді өз басым естігем жоқ. Әттеген-ай, деп өкінбеске амал жоқ!

Екіншіден,  Фариза апамыздың осындай кім болса да көңіліне қаяу түсіретін жалаң пікірінің астарында таза психологиялық жайт (фактор) жатыр деп ойлаймын. Ол кісі нағыз әйел өкіліне тән шынайы  «еркесылқымдық» мінез-құлық пен  бақытты көре алмай кеткен адам.

Философиялық тілмен айтсам, апамыз -  ПОЭЗИЯҒА ғана жаратылған адам боп, соның әлемінен тыс шыға алмай қалған  «сыңаржақ адам» ("частичный человек"). Ол кісінің бойында «толық адамға» (целостный человек) бұйырған  әмбебаптық (универсальность) қасиет бола қоймады. Апамызға, негізінен, «поэзиялық нарциссизм» тән болды. Бұны мен апамыздың көзге көріне қоятын мінез-құлығынан, айтқан сөздерінен, берген сұхбаттарынан талай байқағанмын. Оған жақын жүргендер, әрине, оның ерекше ақындық болмысына, «жалғыздық» көңіліне қарап, бетіне басып ештеңе айта алмады, қайта өте орынды еркелетті, мәпеледі, мадақтады. Қысқасы, Фариза апамыз «поэзияның ерке сылқымы» болды да, әдетте, әмбебап әйел адамға тән «еркесылқымдықты» ұнатпай кетті... 

​Сонымен қатар аталмыш қасиетті  бойына біршама сіңіре білген қайсыбір замандастарын апамыз  лайықты бағалай білді деп те айта алмаймын. Оған бір ғана мысал, әңгіме болып отырған "ЕРКЕ СЫЛҚЫМ"! Апамыздың асқақ рухы саламат болып, игі де ізгілікті іс-амалдары өзіне сауап боп жазылуына нәсіп еткей! Лайым солай болғай! Құрметпен күй/термесүйер проф. Орақ Алиев. 

Ғалымжан, философ:

«Ерке сылқым» күйі қазақ қыздарының еркелігі символы

Ассалаумағалайкум, Ордалық әріптестер, Орақ аға! Ия, күйді түсіну мен ұнатпаудың аражігін ашып, әсерлі түсіндірдіңіз, Орақ аға! Өз басым бұл екеуіне мән бермей келіппін. Тамаша, күйдің астарлы мәнін түсінбейтіндер, «ұнамайды» деп айта салатын сияқты. Негізі күйді түсіне білу де соған сәйкес қабілетті қажет ететін өнер ме деймін. Жалпы "Ерке сылқым" күйі тамаша көңіл күйдің, қазақ қыздарына тән еркелік пен еркіндікті білдіретін үн-күмбірі ғой. Сіздің өнердің қай түрін де сараптамалық терең ой сүзгісінен өткізе білетін қабілетіңізге бұрыннан тәнтімін! Керемет!

Ал, Фариза апамызға келсек, ол кісінің де өзге тани білмеген, білсе де, білгісі келмеген ерке мінез жақтарын да дәл тауып айтып отырсыз. «Поэзияның ерке сылқымы»деген пікіріңіз де орынды шыққан. Апамыздың жаны жәннаттық болсын!

Сараш Сақиқызы, ғалым:

Әзілхан Нұршайықов күйді түсіне алмай кетті

Қайырлы күн!

«Талғамға талас жоқ» дегендей, жалғыз ақын апамыз емес, бұл күйді «қабылдай» алмайтындар болған. Ән сияқты деген пікірді естігенбіз. Тіпті «күйді түсіне алмаймын»деген атақты Әзілхан Нұршайықов деген ағамыз. «Күй — түсінгенге жыр, түсінбегенге дыр» дегендей,  өмірдің өзі түсіну мен түсінбеуден, қабылдау мен қабылдамау деген қарама-қайшылықтан тұруы заңдылық болар.

Ғалымжан: Бірі пенде, екісі кенде

Ия, дұрыс айтасыз, замандас Сараш! Талғамға талас жоқ. Күйді түсіну де өнер деп бекер айтылмаған шығар. Алайда аса талант иелерінің, қала берді танымал тұлғалардың  (біреуі ақын, бірісі жазушы) күйді түсінбеуі, әрине өкінішті-ақ. Дейтұрғанмен, Жаратушы пендесіне бірін берсе, екіншісін кенде қылатыны осы болар!

Әбдірашит Бәкірұлы, философ:

Ұлттық өнерге жершілдік жат нәрсе

Орақ аға, Ұлттық өнер атаулыны тұтас қабылдай алмау - рулық сана көрінісі деп білемін. Бұл дегеніңіз халқымыздың әлі де біртұтас ұлт ретінде қалыптаса қоймағандығын білдіреді. Мұндай жағдайда әрбір өңірлерде қалыптасқан өнер мектептері «жершілдік» қалыппен өлшенеді. Оған ақын да, жазушы да  ұрынуы мүмкін. Тек ғылым ғана одан таза болады – ғылым табиғаты жершіліктен жоғары.. Әрине, бұл «ғалымдарда жершілдік жоқ» деген сөз емес...

Шын ғалымдар ғана ұлттық масштабта ойлай алады, соған қызмет етеді... Жалған ғалымдар «жалған ғылым»жасауға бейім. Бірақ, шын ғылым олардың субьективті қателерін үнемі түзеп отырады... Ал, дінде  «құдай санасы»молдалар арқылы субъектіленеді. Топас молданың құдайы да топастау боп келетіні сондықтан... (Ескерту: мұндағы молда - жинақы образ. Ол «халық» болуы да мүмкін)...

Орақ Алиев: Ғылымда жершілдік болуы мүмкін емес

Әбеке, «өнердегі жершілдік» туралы бағана «атыраулық мысал» арқылы қысқаша айтқанмын. Оған тағы бір мысал келтіргім келіп отыр. Бұл қайсыбір жастарға сабақ болуы.да мүмкін:

- КазГУ- де студент кезімде пәтерде менімен бірге қазалылық егде жерлесім тұрды. Ол филология факультетінде оқитын. Болашақта немен айналысамыз деген сұрақ туғанда ол терме тақырыбынан кандидаттық диссертация жазатындығын айтты. Бірақ сол мезетте маған ол "Сыр бойы, оның аясында тек  Қазалы-Арал өңірінің терме мектептерін ғана мойындап, басқа "терме мектептерін" ҰНАТПАЙТЫНДЫҒЫН айтты. Мен болсам, бұны естіп шошып кеттім. Оған мен ғылымда "ұнату-ұнатпау" деген болмайды, онда зерттеушінің барынша объективті болуы шарт деп айта келе, оның  кереғар ұстанымымен  ғылымға бас сұғуға болмайтындығын ескерттім. Ол сабазым біраздан кейін айтқаныма көніп, ғылымды қойып, жақсы журналист, кейінірек мықты аудармашы боп кетті. Әркез  кездескенде осы оқиға есімізге түсіп, ол терме мәселесі бойынша  ғылыммен айналыспағанына қуанатын-ды. Міне, сол досым өнер түгілі, тіпті, ғылымды «жершілдікке» тәуелді етуге бара жаздаған-тұғын. Менің ықпалымен әйтеуір, қой да (терме) аман, қасқыр да (ғылым) тоқ күйінде қалып, ол өзінің атақ-абыройын да сақтап қала білді. Сайып келгенде, әңгіме бұл жерде өнер-білім-ғылымды "үнатпау-түсінбеу"(қабылдау-қабылдамау, бағалау-бағаламау) тұрғысынан зерделеу аясында болып отыр. Құрметпен Орақ ағаң.

Орақ Алиев: Күй еркіндік

Ғалеке, бағана сен "Ерке сылқым" күйін "қазақ қыздарына тән ЕРКЕЛІК пен ЕРКІНДіКТІҢ үн-күмбірі" деп айттың! Қандай керемет теңеу десеңші! Жарайсың Ғалеке! Олай болса, ендігі жерде мен саған сілтеме жасай отыра, «Ерке сылқымды» қазақ аруларының ЕРКЕЛІГІ мен ЕРКІНДІГІНІҢ СИМВОЛЫ деп айтатын да шығармын! Келісесің бе Ғалеке? Орақ ағаң.

Ғалымжан: Күй – күмбір үн

Ия, әлбетте, Орақ аға! «Символ» деген сөз әу баста келген ойға, бірақ» «күйдің күмбірі» деген сөз тіркесі еске келді де, «күмбір-үн» болсын деп түйген едім.

Берік Аташ, философия ғылымының докторы: Қорытынды сөз:

Домбыра қазақ өнерінің мәдәни коды ретінде көне дәуірден бері сабақтасқан (кейбір деректерде  бес, кейбір деректерде шамамен мың жылдық тарихы бар) сакральді аспап. Қазіргі таңда халқымыздың тарихи жадысында оның тылсымдығы мен қасиеттілігі бірте-бірте бәсеңдеп, тек өнер ретіндегі технологиясы ғана сақталып отыр, немесе, оның рухы көмескіленген.

А. Жұбанов «Күй» сөзінің шығу тегін Көк сөзімен байланыстырады, яғни, оның қастерлілігі көне Тәңірлік ілімнен туындайды.

Әл-Фараби домбыра аспабын жетілдіріп қана қойған жоқ, оның өзі күй орындаған сәттері хақындағы аңыздарда – әрбір күйді тартқанда, әрқайсының мазмұнына орай, тыңдаушы қауымның көздеріне жас алып, шаттанып, ақыр соңында ұйықтап кететіндігі туралы аңыздар бар...

Бұл құбылыс сол дәуірдегі халықтың (әрине, көне түркі халықтары) домбыра үнін ішкі жан дүниесімен терең түйсінетін тұңғиық сезімдерін көрсетеді. Осы терең түйсіну «Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихында да көрініс табады...

Тіпті ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген Ғұмар Қараштың өмір деректерінде оның киіз үйге кіріп, оңашаланып, ауылдың мықты күйшілерін шақыртып алып,  түнімен күй тыңдайтын кездері болғандығы айтылады.  

Күйдің осындай ықпал ету өрісі Н. Тілендиевтің «Аққу» күйінің шығу тарихына да қатысты айтылады: кино түсіру сәтінде аққуларды суға қондыру үшін осы күйді орындаған екен, сол сәтте шындығында да, ұшып жүрген аққулар келіп маңайдағы суға келіп қонған екен делінеді.  

Бұл құбылыс – бағзы замандардағы Қорқыттың күйіне бүкіл ұшқан құс, жүгірген аң құлақ түріп тыңдап тұрады екен-мыс деген аңызының заманауи форматы ғана емес, мыңжылдықтар аясындағы сабақтастық пен ділдің көрінісі.

Әрине, қазіргі таңда өнертану ғылымында «Домбыра философиясы» туралы пайымдаулар оның тарихын, қыр-сырын, түрленуін, қастерлілігін т.б.  тереңірек зерттеп келеді. Көпшілігі оны әлемдегі барлық ырғақтардың көшірмелері деп түсіндіреді, әсіресе, аттың жүрісімен, желісімен, шабысымен байланыстырып, шабыт пен жігер тудыратын, кейде терең ойға жетелейтін айрықша үн екендігі туралы тоқтамға келген.

Қазіргі таңда да бейсаналы-саналы түрде қоғамдық эстетикалық қабылдауда домбыраның үніне деген құштарлық пен оның қасиеттілігін сезіну өнердегі мәдени тұрақтылық ретінде сақталып отыр. «Домбыра-пати», арасында қылаң беретін әсіре исламшылдардың «домбыра харам»  пәтуаларына деген көпшілік сананың өткір қарсылығы, бірнеше адамның бір уақытта қатар отырып домбырада күй орындайтын шаралардың пайда болуы, домбыра жасау мектебінің қайта жандануы (тіпті, табиғи қалыпта таза қойдың шегінен дайындалған домбыралар), музыка терапияда қолданатын тәжірибелер  т.б. осының айғағы. Домбыра мен Күй өнері – қазақ атты Ел барда мәңгілік бола береді!

     

Берік Аташ

Әбдірашит Бәкірұлы

 

 

 

댓글
기타 기사