Ыстанбұлда өтіп жатқан IDEF 2025 – 17-ші халықаралық қорғаныс өнеркәсібі жәрмеңкесінде Түркия өзінің алғашқы гипердыбысты баллистикалық зымыраны – TAYFUN BLOK-4-ті ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Зымыранды ROKETSAN компаниясы әзірлеген. Оның ерекшелігі – ұшу қашықтығы 3 000 шақырымға дейін жетіп, жедел-стратегиялық нысандарды, командалық пункттерді, қоймаларды, аэродромдарды және әуе қорғаныс жүйелерін жоюға арналған.
Roketsan бас директоры Мурат Икинджи бұл өнімнің Түркияның баллистикалық зымыран технологиясындағы жетістігін айғақтайтынын айтты.
“TAYFUN BLOK-4 – гиперсоникалық жылдамдыққа ие, ұзындығы 10 метр, салмағы 7 200 кг болатын, ең үлкен тежеу әсері бар TAYFUN отбасының өкілі. Бұл жоба өндірісте жаппай қолға алынып жатыр”, – деді ол.
Түркия Құрлық әскерлерінің қолбасшысы, генерал Селчук Байрактароғлы бұл жүйенің ел қорғанысы үшін маңызын атап өтті.
“Біз бұл зымыранды биылғы жылдың соңына дейін әскери техника құрамына енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұл Түрік Қарулы күштері үшін баллистикалық зымыранмен алғашқы байланыс болады. Жаңа жүйенің жылдамдығы мен қашықтығы оның басты стратегиялық тежеу құралдарының біріне айналуына мүмкіндік береді”, – деді генерал.
TAYFUN BLOK-4 Түркияның қорғаныс өнеркәсібіндегі жаңа кезеңге қадам басқанын және зымыран-ғарыштық технологиялар саласында бәсекеге қабілетті елге айналып келе жатқанын көрсетеді.