Италияның Linea Tempo атты мамандандырылған журналында Абай Құнанбайұлы туралы үлкен мақала жарияланды, онда қазақ ақынының әлемдік әдебиетке және Қазақстанның рухани мұрасына қосқан үлесі кеңінен ашылып көрсетілген. Бұл туралы "24KZ" телеарнасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
Мәлімет бойынша, мақаланың авторы – италиялық филолог, әдебиет пәнінің оқытушысы Фьоренца Боски.
«Бүгінгі таңда италиялық қоғамда жаңа мәдениеттер мен поэзияны тануға деген зор қызығушылық бар. Бұл, бәлкім, түпнұсқа шығармалардың сапалы аудармаларының арқасы. Абаймен де осылай болды – 2020 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен оның шығармалар жинағы аударылған еді. Осы мақала жарияланған журналды мәдениеттанушылар, профессорлар, мұғалімдер оқиды – яғни мәдениетті тереңірек тануға мүдделі жандар. Бұл – еуропалық авторлардың қазақстандық мәдениетті зерттеуіне түрткі болады деп ойлаймын», – дейді Фьоренца Боски.
Филологтың айтуынша, оны Абайдың философиялық кемелдігі, тілінің дәлдігі мен ойының ирониясы таңғалдырған. Екі жыл бойы шығармаларын зерттеген соң, автор Абайдың туындылары шығыстың ауызша поэтикалық дәстүрін қазіргі еуропалық философиямен шебер ұштастыратынын атап өтеді.
«Еуропалық оқырман үшін Абайдың шығармашылығы алыс, түрлі-түсті, еуропалық шындықтан өзгеше, бірақ сонымен қатар көшпелі халықтың әлеміне, дала болмысына жақындатады. Оның бүкіл шығармашылығының өзегінде – адамгершілікке үндейтін үн бар. Бұл – барлық халықтар мен елдерді біріктіретін ортақ нәрсе, және ол әрқашан өзектілігін жоймайды. Өйткені “ақиқаттың нұрын көру үшін – көкірек көзі керек”. Абай дәл осылай жазады», – дейді Боски.
Мақаланың алғашқы бөлімінде Абайдың балалық шағы, отбасының әсері, білімі және қазақ әдеби тілінің қалыптасуына қосқан рөлі туралы баяндалған. Ал екінші бөлімінде ақынның поэтикалық тәсілдеріне талдау жасалады, ол Италияның танымал ағартушылық журналдарының келесі санында жарық көреді.