"Соғысты тоқтатудың нақты жолдарын іздеу". Трамп Путин мен Зеленскийдің кездесуіне дайындық басталғанын мәлімдеді

1915
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jJXnAgjdj126BaXJiN41WJYuK4aUDfpP8g2bJQee.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда өткен келіссөздерден кейін Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің тікелей кездесуіне дайындық басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

DW дерегінше, Ақ үйде өткен басқосуға Украина басшысы Владимир Зеленскиймен бірге Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон және бірқатар еуропалық елдердің көшбасшылары қатысты. Келіссөзде Украинадағы соғысты тоқтату және Киевке берілетін қауіпсіздік кепілдіктері талқыланды.

Трамп келіссөздерден кейін өзінің Truth Social парақшасында "өте жемісті кездесу өткенін" және енді Путин мен Зеленскийдің тікелей кездесуіне дайындық жүріп жатқанын жазды. Оның сөзінше, бұл жүздесуден соң үшжақты саммит өтеді, оған өзі де қатыспақ. Процесті үйлестіру үшін вице-президент Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және арнайы өкіл Стивен Уиткофф тағайындалған.

Зеленский келіссөздерден кейінгі брифингте алдын ала шартсыз Ресей президентімен кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

Зеленскийдің айтуынша, Ресейдің мәлімдемесінде сөз екіжақты деңгейдегі кездесу туралы ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Украина соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер үшін атысты тоқтату талабын шарт ретінде қоймайды.

"Егер Украина кездесу үшін қандай да бір ауқымды әрі әділетті шарттарды, мысалы, атысты тоқтатуды алға тартса, Ресей өз тарапынан жүз түрлі талап қояды. Сол себепті ешқандай шартсыз кездесіп, соғысты аяқтаудың нақты жолдарын қарастыру қажет деп санаймын", – деді Зеленский.

Қауіпсіздік кепілдіктерінің егжей-тегжейі он күн ішінде пысықталмақ. Киев бұл кепілдіктер аясында қаржылай көмек алып, оның бір бөлігі ел экономикасын қолдауға және АҚШ-та қару-жарақ сатып алуға жұмсалатынын атап өтті.

Зеленский Трамптың соғыстан кейін Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін "үлкен қадам алға" деп бағалады.

"Территория мәселесі – менің (ред. Зеленский) және Путиннің арасында талқыланатын тақырып", – деді Украина басшысы.

Сонымен қатар ол Ресей ұрлап әкеткен украиналық балаларды қайтару мәселесін ерекше атап өтті. Зеленский Трамптың Ресеймен "бәрін бәріне" қағидасы бойынша тұтқындар алмасуға көмектесуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, әңгіме тек әскери тұтқындар жайлы емес, сондай-ақ бейбіт тұрғындар, журналистер мен саяси тұтқындар туралы болып отыр.

"Сондықтан ең бастысы – кездесіп, соғысты тоқтатудың нақты жолдарын іздеу", – деді ол.

Франция президенті Эмманюэль Макрон келіссөздерден кейін "болашақ бейбіт келісім Украина қарулы күштерінің санына шектеу қоймауы тиіс" екенін атап өтті. Ол егер Мәскеу бейбіт шешімге бармаса, Ресейге қарсы санкциялар күшейтілуі мүмкін екенін ескертті.

Ал Германия канцлері Фридрих Мерц Путин мен Зеленскийдің кездесуін екі апта ішінде өткізу керек деп санайды. Оның пікірінше, келіссөздер алдында атысты тоқтату аса маңызды. Сонымен қатар Мерц "территориядан бас тарту арқылы бейбіт келісім жасауға жол берілмейтінін" айтты.

Айта кетейік, келіссөздер барысында Дональд Трамп жиынды уақытша тоқтатып, Владимир Путинге телефон шалған. Бұл ақпаратты кейін ЕО-дағы дипломаттар растады.

Осылайша, Вашингтондағы келіссөздер Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған жаңа дипломатиялық процестің басталғанын көрсетті. Енді халықаралық қауымдастықтың назары алдағы апталарда өтуі мүмкін Путин мен Зеленскийдің кездесуіне аударылып отыр.

댓글
기타 기사