Қыруар қаржыны шетелге аудару. Тағы бірнеше банк "сүттен ақ, судан таза" болып шықты

162
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3ebY9FpCTDaKPt2bEdQ4SooEPOxY0fn25M54ZM8Y.jpg

Қазақстанның тағы бірнеше банкі көрші елден шетелге 7 трлн теңге «аударылды» деген іске қатысы барын жоққа шығарды. Бұл туралы бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген болатын, деп хабарлайды «Адырна».

«Бұл ақпарат Alatau City Bank-ке қатысы жоқ»,  - деп түсіндірді бейсенбі күні банктің баспасөз қызметі КазТАГ редакциясына.

«Нұрбанк» өкілдері қай банк туралы сөз болып отырғанын білмейтінін айтты. Ал Тоқаев сипаттаған күмәнді схемаға қатысы барын Bank RBK, ForteBank және “Фридом банк” тікелей жоққа шығарды.

«Банк ЦентрКредит» (БЦК) заңнаманы, сондай-ақ қаржы институттарына қатысты барлық талаптар мен нормаларды қатаң сақтайтынын мәлімдеді.

«Біз АРРФР, Ұлттық банк, Қаржылық мониторинг агенттігі және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан тұрақты тексерулерден өтіп тұрамыз. Заң бұзушылықтар мен заңсыз немесе күмәнді операцияларға қатысу деректері анықталған жоқ, банкке қатысты реттеуші органдар тарапынан ешқандай шара қолданылған емес», - деп жауап берді БЦК.

Бұған дейін де бірқатар басқа банк 7 трлн теңгені шетелге шығару схемасына қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Атап айтқанда, «Отбасы банкінің» баспасөз қызметі мұндай операциялардың олардың банкіне қатысы жоқ екенін айтты. Сонымен қатар «Халық банк», «Алтын банк», «Хоум Кредит банк» және «Еуразиялық банк» те өздерінің аталған күмәнді қаржы операцияларына қатысы барын жоққа шығарды.

Еліміздегі ең ірі әрі көне банктердің бірі ресми түсініктеме беруге уақыт сұраса, өзге банктер редакциядан электронды пошта арқылы ресми сұрау жолдауды өтінген. Ал «Банк ЦентрКредит» журналистік сауалға ерекше талап қойған жалғыз банк болып шықты.

 Еске салайық, 28 қаңтар күні Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен кеңесте Тоқаев агенттік төрағасы Жанат Элимановтың баяндамасына сілтеме жасап, 2025 жылы көрші елден бір қазақстандық банк арқылы басқа елдерге 7 трлн теңгеден астам қаржы «аударылғанын» айтқан. Осыған байланысты Президент Қаржылық мониторинг агенттігіне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Ұлттық банкке нақты тапсырмалар берген.

Кейін саясаттанушы Ғазиз Әбішев Тоқаевтың осы мәлімдемесінен кейін Қазақстан билігінің қандай шара қабылдауы мүмкін екені туралы өз болжамымен бөлісті

댓글
기타 기사