Көше бойында. Балқашта көп қабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсті

235
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2yz5GSECBRMlDGmCqOh78nK7OqG947tyoBIVkf6I.jpg

Балқашта бес қабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсті. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқиға 19 ақпан күні сағат шамамен 08:10-да болған.

«Қараменде би көшесі, 10 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің бұрын апатты деп танылып, бұзуға жатқызылған, қазіргі уақытта пайдаланылмайтын (тұрғын емес) кіреберісінің бір бөлігі құлады. Аталған кіреберісте ешкім тұрмаған. Зардап шеккендер жоқ»,- делінген хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, 2025 жылы көрсетілген кіреберіс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде апатты деп танылған. 5-кіреберістің тұрғындары алдын ала қоныс аударып, пәтерлері тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде есепке қойылған.

Алайда оқиға орнынан тараған видеода "апатты" үйдің қоршауға алынбағаны байқалады. Ғимарат үлкен көшенің бойында орналасқан.

«Құлау сәтінде қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылды, инженерлік коммуникациялар (электр, жылу, су жүйелері) белгіленген тәртіппен ажыратылды. Қазіргі уақытта құрылыс және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, 5-кіреберісті  демонтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Демонтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін қалған 4 кіреберісте қосымша техникалық тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізіледі. Алдағы уақытта қалған кіреберістер  конструкцияларын күшейту бойынша жұмыстарды жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама белгіленген тәртіппен әзірленетін болады»,-деп толықтырды әкімдік.

댓글
기타 기사