Өзбекстан тұңғыш ғарышкерін іздестіріп жатыр

308
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PFIr1KYslxm87wQ9VmJe95o1QHLmFSi40mtDyova.jpg

Өзбекстанның Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар агенттігі тәуелсіз ел тарихындағы алғашқы ғарышкерді ғарышқа жіберу үшін жалпыұлттық ашық іріктеу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Spot агенттігіне берген сұхбатында «Өзбеккосмос» вице-директоры Мұхиддин Ибрагимов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ғарышкердің ұшуын егжей-тегжейлі зерттеу жұмысы 16 ақпанда президент Шавкат Мирзиёев қатысқан кеңестен кейін басталған. Мемлекет басшысы ғарышкерді жіберу мәселесі бойынша арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған. Комиссия үміткерлерді іріктеу, дайындау және ұшуды ұйымдастырумен айналысады. Іріктеу процесінде дамыған және дамушы елдердің тәжірибесі зерттелген.

Ғарышкерлерге қойылатын талаптар жоғары болады. Ибрагимовтың айтуынша, денсаулық жағдайы, физиологиялық көрсеткіштер, ғылыми білім деңгейі және шет тілдерін меңгеруі қаралады.

«Біз жалпыұлттық іріктеу өткізгіміз келеді», – деп атап өтті вице-директор.

Алғашқы өзбек ғарышкері 10–14 күнге созылатын қысқа мерзімді ұшуға дайындалады. Ұшу нақты ғылыми бағдарламаны орындауға бағытталған, оның басым бағыттары:

Медицина мен биология – қашықтан диагностика, жергілікті дәрілік өсімдіктердің тиімділігін зерттеу;

Өсімдік генетикасы – құрғақшылыққа және тұзға төзімді сорттарды сынау, жабық агробиожүйелерді модельдеу;

Материалтану – материалдар, мата мен талшықтарды жылуды жинау және шығару тұрғысынан сынау.

Бірінші өзбек ғарышкерін дайындау қанша уақытқа созылатыны әлі анықталмаған.

Сонымен қатар Өзбекстанда өздерінің ғылыми жасанды спутнигін жасау жұмыстары жүргізілуде, оны ұшыру 2028 жылға жоспарланған.

댓글
기타 기사