Қазақстандағы білім саласындағы іргелі реформалар: сапалы білім, ұстаз мәртебесі және халықаралық жетістіктер

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DHq0TnqE2vXWs2BodyklVr30tLJJmosaJQYr87Id.jpg

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Құжат балалардың құқықтарын қорғау саласында бірыңғай көзқарас қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге біріктіреді.

Министр Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. «Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған. Қазақстан балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі», – деді министр.

Қазақстанда бүгінгі таңда 6 902 492 бала тұрады, бұл халық санының үштен бірін құрайды. Соңғы онжылдықта балалар саны 1,5 миллионға артқан. Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қорғауға және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік принципін енгізуге бағытталған 10 заң қабылданды. 2025 жылы балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті бекітетін қосымша өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта 237 мыңнан астам бала психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдаумен қамтылған, оның ішінде 17 мың бала үйде білім алады. Білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді.

Сонымен қатар, кеңейтілген алқа отырысында халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің қорытындылары жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының нәтижесінде Қазақстан мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына енді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Бүгінде педагогтердің 95%-ы өз жұмысына қанағаттанатынын мәлімдеп отыр.

Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданғаннан кейін мектеп мұғалімдерінің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылды, демалыс уақыты 56 күнге ұзартылды. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе, балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30%-ға артты. Бұл шаралар педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті – бала оқыту мен кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі үш есе өсіп, 11%-ды құрады.

Қазақстандық ұстаздардың кәсіби шеберлігі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Мысалы, алматылық химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize байқауында әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына енді. Сондай-ақ, Президенттің қолдауымен 5 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды, 95 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды.

Министрлік алдағы уақытта жас мамандарды қолдау, цифрлық сауаттылықты арттыру және кадрларды даярлаудың озық стандарттарын енгізуді жалғастырады. Педагогтердің құқықтарын қорғауды заңнамалық тұрғыдан жетілдіру және оларды өз құзыретіне жатпайтын жұмыстардан босату басты назарда болады. Бұл кешенді шаралар еліміздің зияткерлік капиталын нығайтуға және білім беру теңсіздігін, әсіресе ауылдық аймақтарда жоюға бағытталған.

Министр Жұлдыз Сүлейменова:

«Білімнің дамуы – қоғамның өркениет деңгейінің басты көрсеткіші. Бүгінгі білім тек пәнді меңгерту емес, тұлғаның әлеуметтік және эмоционалды дағдыларын қалыптастыру, сыни ойлау мен креативтілікті дамыту, өзгермелі еңбек нарығына бейімделетін ұрпақ тәрбиелеу. Біз балалардың сапалы білім алуына, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз етуге барынша күш жұмсаймыз».

Қазақстанда «Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың орынға арналған 217 жаңа мектеп бой көтерді, ескі мектептерді жаңғырту бағдарламасы аясында 245 мектептің инфрақұрылымы заманауи форматқа көшірілді. Бұл шаралар қала мен ауыл мектептері арасындағы білім теңсіздігін азайтуға бағытталған.

Сонымен бірге, 2025 жылы оқушыларымыз халықаралық олимпиадалардан 1 006 медаль жеңіп, еліміздің білім саласындағы жетістіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осылайша, Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын арттыру және мұғалім мәртебесін көтеру бағытында жүйелі реформалар жүзеге асырылуда.

댓글
기타 기사