Қолжетімді құқық: Қарағанды облысында жаңа Конституция жобасы Брайль қарпімен басылып шықты

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pEfXw6t6ojJjSIwvRQtYFEDXB6qH9dswvz4RUlXK.jpg

Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы Брайль қарпімен басылып, көпшілікке таныстырылды. Басылым Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада ұсынылды. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етудегі нақты қадам болды.

Басылымды дайындауға арнайы кітапхана мамандары қатысып, Брайль қарпімен басып шығаруға арналған арнайы тифлотехниканы және жабдықтарды пайдаланды.

– Бізде Брайль қарпімен басып шығаратын арнайы принтерлер бар. Қазақ және орыс тілдерінде басып шығару мүмкіндігі қарастырылған. Конституция жобасын екі тілде де басып шығардық, – деді арнайы кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айжан Исина.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен теңдік қағидаттарына ерекше назар аударылғанын атап өтті.

– Ең басты құндылық – адам. Конституцияның жаңа нұсқасында тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге басымдық берілген. Бұл – әділетті әрі инклюзивті қоғам құру жолындағы негізгі ұстаным, – деп атап өтті ол.

Қарағанды облысы әкімінің аппараты жанындағы гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесші Айжан Қиясова бастаманың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кітап даналары кітапхана қорына енгізіліп, оқырмандарға қолжетімді. Бұл бастама қолжетімді әрі инклюзивті орта қалыптастырудағы маңызды қадам болып, құқықтың шын мәнінде әрбір адамға қолжетімді болуы тиіс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

댓글
기타 기사