«Қазақстан Қытайға қазір «жоқ» демейтін болған»

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MqVKXe2quWy1v5p1CQakOh48nQMlos7Fhh20CvaO.webp

Сіңірі тартылып, аяғы бүгіліп қалған ба, бірдеңе. Өзі екі бүктетіліп қоларбада отыр. Сол түріне қарамай менен, «жерің бар ма?»  деп сұрап қояды. Екеуміз тілмәш арқылы сөйлесіп қалдық. Мен – қазақша, ол – қытайша.

– Жерің бар ма?

– Қандай жерді айтасың?

– Егін егетін, бау-бақша салатын. Мал өсіретін...

– Оны қайтесің?

– Қайткенде... бәлкім, сенің жеріңнің астында кеніш бар шығар?

– «Оны қайтесің?» деймін...

– Бірігіп игерейік. Мен саған ақша беремін. Техниканы өзіммен бірге ала барамын. Жұмыс күші де менен табылады.

Ммм, иә... арбада отырса да, мына ханзудың дәмесі дамбалынан зор болды. Сосын мен оған былай дедім: 

– Қазақта жер мен Отан бір ұғым. Сен маған ақша беріп, техникаңды сүйреп әкеліп, жұмысшыңды жұмылдырғаныңмен, мен саған Отанымды жалға бере алмаймын. Мысалы, сен Отаныңды жапондарға, еуропалықтарға жалға бере аласың ба?

Жер сұрап жанығып отырған неменің көзі атыздай болды.

– Жоқ! – деді сосын ол жуасып. Мен де:

– Жоқ – дедім. (Яғни, мен саған жерімді жалға болса да бере алмаймын).

Әлгі әңгімеден кейін көңілім құлазып кетті. Өйткені Қазақстан тарапы Қытайға қазір «жоқ» демейтін болған. Қазақ пен Қазақстандағы еңбекші халық (дисапоралар) тәп-тәуір игеріп отырған жерлерді қытай шаруаларының алып жатқанын журналисттер мен блогерлер мемлекет басшысына дейін жеткізді. Әлгіндей ақпараттар құлағына тиген президент облыс әкімдеріне ескерту де жасаған болатын. Әкімдер президенттен ескерту естігенімен, жер иелері осы күні ешкімді тыңдамайтын сияқты. Жең ұшынан жалғасып, тоқсаныншы жылдардағы топалаңда жерді басып алғандар ішінара қытайларға жерлерін жалға беруде. Қандай келісіммен? Қалай? Қайтіп? Бұл сұрақтардың мән-жайын анықтап отырған жергілікті билік бар ма, жоқ па – одан хабарсызбыз.

Қытай – құбыжық емес, әрине. Бірақ әлем елдері қытайдың көптігінен аяқ тартады. Тіпті азуын айға білеген Американың өзі қытай миграциясына сақтықпен қарайды. Кәрі құрлықтағы мемлекеттер де қытай азаматтарының жүріс-тұрысын қатаң бақылауында ұстайды.

Тек біз... жеріміз кең, халқымыздың саны қытайдың бір провинциясына жетер жетпес, шенеуніктеріміз (шетінен десек, биліктегі отаншыл азаматтарымызды қорлағандай болармыз) – сатымсақ, жерімізді молынан қарпып қалған алпауыттарымыз – ақшақұмар... сөйте тұра, тап іргемізде тұрған табғаш жұртына есігімізді айқара ашып тастап, қарап отырмыз. Осыны айтсақ, биліктегілер аузыңды жабады.

"Қытайдан қорықсақ, – дейді біздің билік, – бір жаққа көшіп кетейік. Айға ма, Марсқа ма аттанайық".

Кешіріңіздер, қазақ қытайдан қорықпайды. Сондықтан қытай туралы қорқынышты сөздерді көбейтіп, ел ішінде үрей туғызуды көздейтін мүдделі топтардың ырқына да жығыла бермейді. Бірақ халық мемлекеттің тұтастығын, қауіпсіздігін ойлайды. «Билігіміз бар, бизнесмендеріміз бар, сақшы-пақшымыз бар, алыпсатар алаяқ саудагерлеріміз бар – бәріміз қытайдың арқамыздан қаққанына бүгін ырқылдап мәз болып жүріп, ертең болашақ ұрпаққа үлкен проблема қалдырып кетпейміз бе?» деп алаңдайды. Ал, осыны ел ойлап, алаңдағанда, билік неге ойламайды? Түсінбеймін...

Дәурен Қуат

댓글
기타 기사