АҚШ-тың Флорида штат губернаторы Рон Десантис Палм-Бичтегі халықаралық әуежайды Дональд Трамп құрметіне қайта атау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Енді әуежайға «Дональд Дж. Трамп атындағы халықаралық әуежай» атауын беру жоспарланып отыр.
Алайда бұл өзгеріс күшіне енуі үшін АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасының мақұлдауы қажет. Егер рұқсат берілсе, жаңа атау 1 шілдеден бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.
Аталған әуежай Палм-Бич қаласында орналасқан және Трамптың Мар-а-Лаго гольф клубынан шамамен 6,5 шақырым жерде.
Флоридадағы республикалық партия бұл шешімді іс жүзінде қабылданды деп санап отыр. Олар әлеуметтік желіде: «Флорида ресми түрде жариялайды! Палм-Бичтің дәл ортасында орналасқан жаңа Президент Дональд Дж. Трамп атындағы халықаралық әуежайға қош келдіңіздер!» деп жазды.
WFLX-TV телеарнасының мәліметінше, атауды өзгерту салық төлеушілерге шамамен 5,5 миллион доллар шығын әкелуі мүмкін. Осыған байланысты штаттағы демократтар заң жобасына қарсы шыққан.
The Hill жазуынша, Трамп президенттік қызметіне қайта оралғаннан бері оның есімі бірқатар нысандар мен бағдарламаларға берілген. Олардың қатарында Кеннеди орталығы, АҚШ Бейбітшілік институты, TrumpRx дәрі-дәрмек платформасы және балаларға арналған инвестициялық «Трамп шоттары» бар.
