Ақыры Қазақстандағы ЖЭО-ны Ресей емес, басқа ел салатын болды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/riBHO6xgbfOEwyGEP6OhMUte34h70FVo6qurqD9D.jpg

«Самұрық-Энерго» қатысатын жобалар аясында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салуды қазақстандық-сингапурлық консорциум жүзеге асырады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Сұңғат Есімханов мәлімдеді.

Сұңғат Есімхановтың сөзінше, жобаларға ресейлік мердігерлер қатыспайды. Келісімшарттар толықтай қазақстандық тараппен жасалған.

Вице-министрдің айтуынша, Семей мен Өскемендегі жобалар бойынша 2026 жылдың басында келісімшарттар жасалған. Жақын айларда құрылыс жұмыстарының белсенді кезеңі басталады деп те жоспарлған. Мамыр айында негізгі жабдықтарға тапсырыс беріліп, инженерлік зерттеулер мен құрылыс алаңдарын дайындау қатар жүргізіледі.

Негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған, ал станцияларды пайдалануға беру 2029 жылдың төртінші тоқсанына көзделген.

Ал Көкшетаудағы ЖЭО құрылысы дайындық және ішінара құрылыс кезеңінде екені айтылды. Қазіргі уақытта инженерлік желілер тартылып, кірме жолдар салынған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Министрлік мәліметінше, 2026 жылы әкімшілік ғимараттың құрылысы басталмақ.

Сондай-ақ станцияның жылу қуатын 520-дан 820 гигакалорияға дейін арттыру туралы шешім қабылданған. Көкшетаудағы ЖЭО-ны іске қосу 2029 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Үш станцияда да «таза көмір» технологиялары мен жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Жобаларда заманауи, соның ішінде қытайлық технологиялар қолданылмақ. Көкшетау ЖЭО құрылысы шамамен 350 млрд теңге, Семей және Өскемен ЖЭО әрқайсысы шамамен 400 млрд теңгені құраған.

Бұл жобалар тартылған инвестициялар арқылы жүзеге асырылады. Компаниялар нысандарды өз қаражатына салып, кейін пайдалануға берілген соң ғана шығындарын өтей бастайды.

댓글
기타 기사