Рим Папасы Трампқа жауап беріп, одан қорықпайтынын мәлімдеді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kKCIsJHZqd8qLmO8DO7ScC6zEKHkxziwotNvI94O.webp

Рим Папасы XIV Лев АҚШ президенті Дональд Трамп тарапынан айтылған сынға қарамастан, бейбітшілікке шақыруын тоқтатпайтынын мәлімдеді. Ол халықаралық қауымдастықты соғыстарды тоқтатып, диалог пен келіссөздерге көшуге үндеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Рим папасының айтуынша, қазіргі әлемде қарулы қақтығыстардың салдарынан бейбіт тұрғындар көп зардап шегуде. Ол мемлекеттер арасындағы мәселелерді шешудің жалғыз дұрыс жолы – көпжақты ынтымақтастық пен ашық диалог екенін атап өтті.

«Мен соғысқа қарсы батыл түрде сөйлеуді жалғастырамын. Бүгінде тым көп жазықсыз адам қаза табуда. Біреу шығып, бұдан да жақсы жол бар екенін айтуы тиіс», – деп оның сөзін Vatican News келтіреді.

Ол өз үндеуінде тек Дональд Трампқа ғана емес, барлық әлем көшбасшыларына жүгініп, соғыстарды тоқтатуға және бейбітшілік пен татуласу жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен қатар, Рим Папасы өзінің діни миссиясына адал екенін айтып, қандай да бір саяси қысымнан қорықпайтынын жеткізді. Оның пікірінше, Шіркеудің басты міндеті – Інжілдегі бейбітшілік пен адамгершілік құндылықтарды насихаттау.

«Мен Трамп әкімшілігінен қорықпаймын және Інжілдің үндеуін ашық айтудан тайынбаймын», – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Рим Папасының Иран төңірегіндегі жағдайға қатысты ұстанымын қатаң сынға алған болатын. Ол Папаның көзқарасымен келіспейтінін білдіріп, бірқатар өткір мәлімдемелер жасаған.

Соңғы апталарда Рим Папасы XIV  Лев Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, тараптарды қақтығысты ушықтырмай, келіссөз үстеліне отыруға шақырып келеді.

댓글
기타 기사