Ұшты, ұшты, “Сұңқар” ұшты! Қазақстан қаржыландырған "Бәйтеректегі" алғашқы сынақ

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/FVGyqqWJTHWaAL6V7AcAuoTMHZI5xl5K2FC6gak2.webp

Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі  

Байқоңыр ғарыш айлағы алаңында орта класты перспективалық «Сұңқар» зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы жүзеге асырылды. Бұл туралы Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Министрліктің мәліметінше, Байқоңыр ғарыш айлағында тарихи оқиға болды.

"КҮРДЕЛІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБА"

«Ұшу-конструкторлық сынақтар аясында зымыранның бірінші және екінші сатылары штаттық режимде жұмыс істеді, ал габаритті-массалық макет есептік траекторияға сәтті шығарылды. Бұл ұшырылым Қазақстанның ғарыш қызметтері жаһандық нарығындағы қатысуын кеңейту үшін күрделі инженерлік нысанның толық пайдалануға дайын екенін растады. «Бәйтерек» жобасы – елге заманауи ұшыру инфрақұрылымын дербес пайдалануға көшуге мүмкіндік беретін стратегиялық жетістік», – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар, кешенді құру барысында жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту, ұшыру жүйелерін, басқару, жанармай құю және қауіпсіздік жүйелерін салу мен бейімдеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгені атап өтілді. Қолданылған шешімдер ұшыру алдындағы операциялардың жоғары деңгейде автоматтандырылуын қамтамасыз етеді және халықаралық сенімділік стандарттарына сәйкес келеді.

«Бәйтерек» жобасын іске асыру – соңғы жылдардағы ең күрделі технологиялық жобалардың бірі. Қауіпсіздік пен автоматтандыру талаптарына толық жауап беретін заманауи кешен құрылды.

Бүгінгі ұшырылым Қазақстанның ғарыш индустриясына толыққанды қатысу үшін қажетті барлық элементтерді қалыптастырғанын дәлелдейді. Олардың қатарында – жеке ұшыру инфрақұрылымы, ұлттық спутниктік жобалар және жоғары білікті инженерлік кадрлар бар.

«Бәйтерек» зымыран кешенінің сәтті ұшырылуы ғарышты игеруде жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға және әртүрлі ғарыш аппараттарын орбитаға шығаруға жағдай жасайды. Ұшыруға дайындық барлық технологиялық регламенттерге қатаң сәйкес жүргізілді, басты назар барлық жүйелер мен агрегаттардың үздіксіз жұмысына аударылды», – деп нақтылады министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа ғарыштық зымыран кешенін пайдалану үшін 40-тан астам техникалық жүйе жұмылдырылған. Сынақтардың толық циклі барысында олардың тиімді өзара әрекеттесуі қамтамасыз етілді.

РЕСЕЙДЕ "СОЮЗ" АТАЛАТЫН "СҰҢҚАР" ҚАЛАЙ ҰШТЫ?

"Роскосмос" алғашқы сынақ ұшырылымның сәтті өткенін хабарлады. Пайдалы жүктеме макетін суборбиталық траекторияға шығаруға 9,5 минут кеткен. Зымыранның бірінші және екінші сатылары ойдағыдай жұмыс істеген. Макет Тынық мұхит айдынындағы алдын-ала белгіленген ауданға құлады. 

Физика және Ғарыш парақшасының хабарлуынша, Самарадағы «Прогресс» кәсіпорны жасаған «Союз-5» — бұрын Украинада құрастырылған «Зенит» орташа зымыранының аналогы. Оның ұшу-конструкторлық сынағы аясында төрт ұшырылым жоспарланған. Керосиннің нафтил деген сортын жағатын екі сатылы зымыран төмен жермаңы орбитаға 17,4 т («Союз-2»-ден 2 есе көп), гелиосинхронға — 9 т, геоөтпеліге — 6 т, геостационарға — 2,5 т жүктеме шығара алады.

«Сұңқардың» ұшыру операторы болып Қазақстан мен Ресейдің бірлескен "Бәйтерек" кәсіпорны саналады, іс жүзінде оны "Роскосмос" жасап, ұшырып отыр.

"Роскосмос" бұл оқиғаны 2014 жылдан бергі бірінші жаңа ресейлік ғарыш зымыраны ұшырылды деп хабарлап отыр. «Бүгін ерекше ұшырылым өтті. Бұл - әлемдегі ең қуатты сұйық отынды зымыран қозғағышымен жабдықталған ресейлік жаңа «Союз-5» зымыранының алғашқы старты. Оның басты ерекшеліктерінің бірі — пайдалы жүкті жермаңы орбитаға шығарудың жоғары дәлдігі», - деген "Роскосмос" басшысы Дмитрий Баканов.

«Бәйтерек» кешені жоғарыда айтылған бірлескен кәсіпорынның басқаруында және "Роскосмосқа" жалға берілген Байқоңыр ғарыш айлағының құрамына кірмейді. Кешенді қайта құруға Қазақстан 233 млн доллар жұмсады. Ал Ресей тарапы зымыран жасауды мойнына алды.

СЫНАҒЫ СЫН БОЛҒАН ОҚИҒА

Айта кетейік, бастапқыда "Сұңқар" зымыраны 27 наурызда ұшырылуы тиіс болған. Алайда техникалық себептерге байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылған. 31 наурызда зымыран пайдалы жүктеменің макетімен бірге монтаждау-сынақ корпусынан теміржол арқылы шығарылып, 45-алаңдағы ұшыру құрылғысына тік күйде орнатылған. Алайда одан кейін де ұшу мерзімі ондаған мәрте кейінге сырғытылды. 

29 сәуір күні Байқоңырда сағат 16.00-ге жоспарланған «Сұңқар» зымыранының ұшырылымы тоқтатылған еді.

Кейін ұшырылым 30 сәуір сағат 16:00-ге ауыстырылғанымен, қосымша тексерістер жүргізу қажеттілігіне байланысты бұл мерзім де тағы өзгертілген.

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Ол «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза отын компоненттерін пайдаланатын зымырандармен ғарышқа ұшыру жұмыстарын жүргізуге арналған жерүсті инфрақұрылымды құруды көздейді. Жоба 2004 жылы құрылған, ал 2005 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Байқоңырға сапары кезінде ресми түрде іске қосылған.

Бастапқыда «Ангара» зымыран-тасығышын пайдалану жоспарланған, ал оған арналған ұшыру кешенін №200 алаңдағы бұрынғы «Протон» зымыранының №40 ұшыру қондырғысының орнында салу көзделген еді.

Кейін Ресей жоспарын өзгертіп, құрылыс үшін №250 алаңдағы бұрын «Энергия» зымыранын сынауға арналған әмбебап стенд-старт орнын ұсынды. Алайда бұл жоба да жүзеге аспады.

Кейінірек «Зенит» зымырандарын ұшыру бағдарламасы аяқталған соң, №42 алаңдағы құрастыру-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшыру кешенін қамтитын барлық жерүсті инфрақұрылым «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алу келісімінен шығарылып, Қазақстан тарапына — «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына берілді.

«Ангара» зымыранының орнына, оған арналған ұшыру кешенінің құрылысы басталмағандықтан, жаңа «Сұңқар» зымыран-тасығышы бекітілді. Бұл зымыран үшін «Зенит» кешенінен қалған инфрақұрылымды белгілі бір жаңғыртулар арқылы пайдалануға мүмкіндік болды.

«Сұңқар» зымыран-тасығышы — орта класты екі сатылы зымыран. Ол Ресейдегі «РКЦ Прогресс» акционерлік қоғамында өндіріледі. Оны ұшыруға соңғы бірнеше жыл талпыныс жасалғанымен, үнемі кейін сырғытылып келеді. Зымыран айлаққа қойылған соң да оны ұшыру ондаған мәрте кейінге шегерілді. 

Техникалық сипаттамалары: зымыранның биіктігі — бас қаптамасына байланысты 58,8 м немесе 65,2 м; диаметрі — 4,1 м; ұшыру массасы — 526–531 тонна; төменгі Жер орбитасына шығаратын пайдалы жүк массасы — 17,4 тонна; геостационарлық орбитаға — 2,5 тонна.

Қолданылатын отын мен тотықтырғыш — экологиялық қауіпсіз нафтил (керосин түрі) және сұйық оттегі.

Бұған дейін ресейлік БАҚ-тың зымыран атауына қатысты дауын жариялаған едік. Ал былтыр Байқоңырдағы Гагарин старт алаңының орнынан көне өркениет ошағы табылғаны белгілі болды.

댓글
기타 기사