Полицей өз әйелін қызметтік көлікпен қағып өлтірді деген күдікке ілінді

263
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cOOCosZeKXmqIEP79nyNs9TLauKXKu3oAfyntN0J.jpg

Алматы облысының Балқаш ауданында полиция бөлімі бастығының орынбасары әйелін қызметтік көлікпен қағып өлтірді деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Polites News жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Алдын ала ақпарат бойынша, қайғылы оқиға 16 мамырда шамамен таңғы сағат 5:04-те Қонаев-Бақанас тас жолында болған.

Аудан прокуроры, оның орынбасары, кезекші прокурор және Алматы облысы полиция департаментінің тергеу тобы оқиға орнына жеткен.

Алдын ала тергеу мәліметтері бойынша Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бауыржан Қабдылданов Hyundai Elantra көлігін жүргізіп келе жатқан. Көлікте онымен бірге әйелі де болған.

Күдіктінің сөзінше, Бақанас ауылына қарай келе жатқанда ерлі-зайыпты арасында дау туындаған. Әйел көліктен шыққысы келіп, есікті ашпақ болыпты. Осыдан кейін ол көлікті Бақбақты ауылының маңында тоқтатып, әйелін түсіріп, көлік жүргізуді жалғастырған. Шамамен 2-3 шақырым жүріп өткеннен кейін әйелін алып кету үшін артқа қайтқан дейді.

Әйел Қонаев-Бақанас тас жолының 84-шақырымындағы жолдың ортасында отырған. Жүргізуші оны байқамай қалып, қағып кеткенін айтты.

Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында мерт болды.

Сондай-ақ Қабдылданов қызметтік көлікті жүргізгені белгілі болды. 15 мамырда ол полиция бөлімінде қаралып жатқан қылмыстық істер бойынша сот-медициналық сараптама тағайындау үшін Қонаев қаласына барған.

Оқиға сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі “Жол қозғалысы ережелерін немесе көлік құралын пайдалану ережелерін бұзу арқылы өлімге әкеп соқтыру” бойынша тіркелді.

Күдікті Бауыржан Қабдылданов уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.

댓글
기타 기사