Қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдер ілігуі мүмкін?

215
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg
Ел тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жарияланбақшы. Бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 17-наурызда көтерген еді. Бұған енді көзқарасымыз да әрқалай. Арамызда амнистияны заң бұзғандарды «жаппай кешіру» деп қабылдайтындар да болар, бәлкім?! «Бірақ...» деген мәселе бар, мұнда.
Маңызды шешім Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қолға алынған. «Әділет. Гуманизм. Адам қадір-қасиетін құрметтеу» деген қағидаларды бар. Ұсынылған заң жобасы осыған иек артқан. Яки, қылмыс жасап, қателескен адамды қоғамға қайта қосудың амалы. Әңгіме қоғамға қауіп төндірмеген азаматтар турасында, әрине. Дәлірек айтсақ, азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасап, жауапқа тартылғандар ғана амнистияға ілігеді. Есебіне келсек, 16,5 мыңнан астам адам.
Әлбетте, жәбірленушінің құқығы бірінші орында тұрады. Тіпті, ауыр қылмыс жасағандарға да жаза мерзімін қысқарту мүмкіндігі беріледі. Алайда, тек бір шартпен жібереді. Ол келтірілген шығынды толық өтеуі керек. Төлемедің бе? Жеңілдік те жоқ. Салық төлеушілер мен зардап шеккендердің қалтасына түскен салмақ қайтарылуға тиіс.
Терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, азаптау, ұйымдасқан қылмыс, балаларға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы әрекеттер мен қайталанған қылмыстарға /рецидив/ рақымшылық мүлдем жүрмейді. Осылайша, мемлекет гуманизм мен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысып отыр.
Заң жобасының тағы бір қыры, ІІМ мәліметінше, әкімшілік амнистия шамамен 1 миллион айыппұлды қамтиды. Жалпы көлемі 17 миллиард теңгеден асады. Дәл осы қыруар қаражат халық пен кәсіпкерлердің мойнындағы қаржылық жүктемені жеңілдетуге бағытталған. Онда да нақты шектеулер қойылған. Мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, қару немесе есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтар, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттер мына тізімге кірмейді. Себебі, жолдағы бейберекетсіздікті ешкім кешірмейді.
Құжаттың мазмұнына қарасақ, жазаны қысқарту не босату көбіне адамның мінез-құлқы мен келтірілген шығынды өтеуіне және қоғамға қайта бейімделуге дайын екеніне байланысты қарастырылған. Иә, құқықтық мемлекет жазалаумен өлшенбейтіні анық. Кейде қате басқан адамға екінші мүмкіндік беріледі. Сол мүмкіндікті қалай пайдаланады? Бұл енді әр азаматтың таңдауына байланысты болмақ. Ал, аталған амнистия туралы заңды Парламент сессиясының соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.
댓글
기타 기사