Баку – Тбилиси – Джейхан. Қазақстан Грузия арқылы мұнай тасымалын ұлғайтуды көздеп отыр

174
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1NZGM9nFdBwuhCO8MalanMyZwL4pcszSJeLLDgkQ.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидземен жүргізген келіссөздерде мұнай мәселесі талқыланды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Президент Қазақстанның Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалының көлемін арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Келіссөздерге екі елдің ресми делегациялары қатысып, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Грузияны Оңтүстік Кавказдағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті. Оның айтуынша, екі елді тарихи тамыры, ортақ мәдени құндылықтары және халықтар арасындағы берік байланыс біріктіреді.

Президент қол қойылған стратегиялық әріптестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысының айтуынша, сауда-инвестициялық ынтымақтастық екіжақты қатынастардың негізі болып қала береді. Қазақстан Грузия экономикасына 500 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, елдегі ірі инвесторлардың бірі саналады. Сонымен қатар тараптар энергетика саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктес деп атап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдің айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Ол стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндік ашатынын жеткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту үшін энергетика, инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және өзге де перспективалы бағыттарды қамтитын арнайы «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға да ерекше назар аударды. Осыған байланысты көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, контейнерлік тасымалды кеңейту, тарифтік саясатты үйлестіру және цифрландыруды жеделдету жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізілмек.

Бұдан бөлек, Қазақстан грузиялық стартаптар мен технологиялық компаниялардың Astana Hub бағдарламаларына қатысуын қолдайтынын мәлімдеді. Кездесуде денсаулық сақтау, білім, мәдениет және туризм салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелері де қарастырылды.

댓글
기타 기사