Атырауда төрт адамды өлтіру ісі бойынша басты айыпталушыға жаңа айыптар тағылды

242
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IeYA5gmyVlTmoqf2gv4VVFapWiusLjYo8XB0IOBB.jpg

Атырау облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында төрт адамды өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Іс бойынша басты айыпталушы 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты айыптау актісі толықтырылып, оған адам өлтіру, әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу және мал ұрлығы бойынша қосымша айыптар тағылды.

Мемлекеттік айыптаушылардың мәліметінше, Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизоды бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 2-бөлігі 13-тармағы («Басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған адам өлтіру») қосылған.

Ал Мирамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 3 және 10-тармақтары енгізілді. Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленуші денсаулығына байланысты дәрменсіз жағдайда болған және полицияға жүгінбек болғаны үшін өлтірілген.

Сонымен қатар, Сұлтан Сәрсемәлиевке қаза тапқан адамдардың атына есептелген әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз иемденді деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексітің 2-бөлігі 4-тармағы («Ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылды. Тергеу дерегінше, осы эпизод бойынша келтірілген шығын көлемі 520 996 теңгені құрайды.

Бұған дейін алаяқтық ретінде қаралған мал сатуға қатысты эпизод қайта сараланып, енді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі («Мал ұрлығы») бойынша қаралатын болды.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған. Оның айтуынша, ол Мирамгүл Қарабалинаны және әйелінің ата-анасын қасақана өлтірген, ал Наурыз Мұқанғалиевтің қазасы алдын ала жоспарланбағанын және жанжал кезінде өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет еткенін мәлімдеген.

Сондай-ақ айыпталушы қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп қалғанын, мұны қарызға байланысты ауыр психологиялық күйзеліс пен шындықтан қашуға ұмтылысымен түсіндірген.

Марқұмдардың туыстары соттан моральдық және материалдық шығын ретінде 70 миллион теңге өндіруді талап етті.

 

댓글
기타 기사