"Сезімімнен жанып кете жаздағам..." Ақын Нұртас Исабаев өмірден өтті

113
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/XXOlX4cEhLzHTavgbHn03z5Qggz9zzm1D3P3KnIS.webp

Ақын, аудармашы, Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Нұртас Исабаев 72 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарды, бүгін, 9 шілдеде Жазушылар одағы таратты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі. 

Нұртас Ибрагимұлы 1954 жылдың 13 қарашада Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Ораз Жандосов қоры сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік стипендиясының иегері, «Құрмет» орденінің иегері.

Орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын аудандық газетте корректор болып бастаған. 1982 жылы Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдаған.

Нұртас Исабаевтың алғашқы жыр жинағы «Бастау» 1980 жылы жарық көрді. Кейін «Өмірді сүю» (1987), «Ұлылықпен сырласу» (1990), «Қимаймын сені» (1998), «Өмірге құштарлық» және басқа да поэзиялық кітаптары оқырманға жол тартты. Ақынның бірқатар өлеңдері «Разбег» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинаққа енген. Сонымен қатар орыс ақыны Александр Твардовскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударып, ұлттық аударма саласының дамуына үлкен үлес қосқан.

Ақынның әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы көпшіліктің назарын аударды. Онда ол мынадай өлең жолдарын жариялаған:

«Жүрегімде шоқтай, лаулап маздаған,
Сезімімнен жанып кете жаздағам.
Бірақ жету мүмкін емес екен ғой,
Бақытыңа пешенеңе жазбаған…»

Желі қолданушылары бұл жолдарды ақынның соңғы шығармашылық үндеуі ретінде қабылдап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтуда.

댓글
기타 기사