Моңғолияда израильдік туристерге шабуыл жасалғаны хабарланды

249
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/827VlVB8kRuJI3W7eBzyGii7B7A85kTncljr36P7.jpg

Моңғолиядағы кемпинг аумағында израильдік 6 турист шабуылға ұшырады. Бұл туралы «Кан» телеарнасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Оқиға осы аптада болған. Үш ер адам мен үш әйелден құралған топ көлікпен Моңғолияны аралап жүріп, кемпингке тоқтаған кезде белгісіз бір топтың шабуылына ұшыраған.

Зардап шеккендердің айтуынша, шабуыл жасағандар пышақ пен балтамен қаруланып, антисемиттік ұрандар, соның ішінде «Хайль Гитлер» деген сөздерді айтқан. Сондай-ақ оларды қазақ мұсылмандары болғаны айтылған. Алайда бұл ақпарат әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы ресми түрде расталған жоқ.

Оқиға кезінде Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) жауынгерлік бөлімдерінде бұрын қызмет еткен үш турист қарсылық көрсетіп, топтың қауіпсіз жерге кетуіне мүмкіндік жасаған. Соның өзінде топ мүшелерінің бірі ауыр жарақат алып, жақ сүйегі сынған. Ол кейін Израильге жеткізіліп, ем қабылдап жатыр.

Израильдің Сыртқы істер министрлігі әзірге оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен Қытайдағы Израиль елшілігі мен шетелдегі израильдіктер ісі жөніндегі департамент туристерге қолдау көрсетіп, олардың Моңғолиядан қауіпсіз шығуына көмектескен.

Алдын ала мәлімет бойынша, бұған дейін Моңғолияда Израиль азаматтарына немесе еврейлерге қарсы антисемиттік сипаттағы оқиғалар тіркелмеген. Қазіргі уақытта шабуылдың нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Моңғолия Израиль азаматтарына бір айға дейін визасыз кіруге мүмкіндік береді. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа шамамен 30 жыл болған.

댓글
기타 기사