«Бұл үндеу Трампқа бағытталды». Дубнов Тоқаевтың мәлімдемесіне баға берді

113
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jWDEbZDp8ZLHaKdJNjDCnRY5SU3tkjmOhXLwTVdd.jpg

Ресейдегі белгілі саясаттанушы Аркадий Дубнов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Омбыда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде Украинадағы соғысқа қатысты айтқан мәлімдемесіне талдау жасады. Оның пікірінше, Тоқаевтың үндеуі Ресей басшылығына ғана емес, ең алдымен АҚШ-қа бағытталған саяси сигнал болған.

Дубнов бұл пікірін YouTube желісіндегі «Newsru. Непечатное» арнасына берген сұхбатында айтты.

Сарапшының сөзінше, Тоқаевтың Ресей президентіне мұндай мазмұндағы пікірді алғаш рет айтып отырғаны емес. Ол Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында Қазақстанның Донецк пен Луганскідегі квазимемлекеттік құрылымдарды мойындамайтынын Владимир Путиннің көзінше ашық мәлімдегенін еске салды.

«Посткеңестік кеңістікте Ресей басшылығына мұндай пікірді бетіне айтып жүрген санаулы көшбасшылардың бірі – Тоқаев», – деді Дубнов.

«Ресейлік БАҚ Тоқаевтың барлық сөзін жарияламады»

Саясаттанушының айтуынша, Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері Тоқаевтың сөйлеген сөзінің бірқатар маңызды тұстарын жарияламаған.

«Бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, соның ішінде бізге де толық түсінікті емес», – деген сөзі ресейлік ақпарат құралдарының материалдарына енбеген.

Дубновтың пікірінше, Ресей тарапы бұл мәлімдемелерді әдейі назардан тыс қалдырған.

Сонымен қатар сарапшы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың жауабына назар аударды.

Песков Мәскеу қақтығыстың «түпкі себептерін» жеткілікті деңгейде түсіндіре алмаған болуы мүмкін екенін айтып, бұл жұмысты алдағы уақытта «екі есе қарқынмен» жалғастыратынын мәлімдеген.

Ал Ресейдің БАҚ-тары Тоқаевтың қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздердің Ыстанбұл формуласына қайта оралу туралы ұсынысына ерекше мән берген.

Бұған жауап ретінде Песков Киевтің қазіргі ұстанымын ескере отырып, соғысты «тоқтатып қою» мүмкін емес екенін айтып, Мәскеудің Украина тиісті шешім қабылдаса ғана қақтығыс аяқталуы мүмкін деген бұрынғы позициясын қайталаған.

«Бұл үндеу ең алдымен Трампқа арналды»

Аркадий Дубнов Тоқаевтың сөзі Владимир Путинге ықпал ету үшін емес, халықаралық қауымдастыққа, әсіресе АҚШ президенті Дональд Трампқа бағытталған деп есептейді.

Оның айтуынша, қақтығысты уақытша тоқтату мәселесі халықаралық деңгейде бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Сондықтан Қазақстан президентінің мәлімдемесі Вашингтонның назарын аударуға бағытталған дипломатиялық үндеу ретінде бағалануы мүмкін.

Сарапшы сондай-ақ Ресей ақпарат құралдары Тоқаевтың соғыста қаза тауып жатқан жастар мен Ресей мен Украина халықтарының «генофонды» туралы айтқан сөздерін де жарияламағанын атап өтті.

Қазақстан мұнайына әсер еткен жағдай

Дубновтың пікірінше, Тоқаевтың мұндай мәлімдеме жасауына Украина Қарулы күштерінің Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийск бағытындағы мұнай терминалдарына жасалған шабуылдары да әсер еткен.

“Дәл осы бағыт арқылы Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі Еуропаға экспортталады. Терминалдарға төнген қауіпке байланысты мұнай тиеу уақытша тоқтатылып, бұл Қазақстан экономикасына елеулі салмақ түсірген.

Осы жағдай Астананы соғысты тоқтатуға шақыруға итермелеген факторлардың бірі болуы мүмкін», - деді Дубнов.

«Дипломатиялық мәлімдеме әсерді әлсіретті»

Сонымен қатар Дубнов Ресей БАҚ-тарының Тоқаевтың Қазақстанның қақтығысты реттеуде делдал болуға ниетті емес екенін және Ресейдің «ұлы мемлекет» ретінде бұл мәселені делдалсыз-ақ шеше алатынын айтқан сөздерін кеңінен таратқанын атап өтті.

Сарапшының пікірінше, дәл осы дипломатиялық тұжырым Президенттің соғысты тоқтату қажеттігі туралы айтқан өзге мәлімдемелерінің әсерін біршама бәсеңдеткен.

Дубнов сондай-ақ қазіргі жағдайда Мәскеу мен Киевтің өзара сенімге негізделген тікелей дипломатиялық байланысы жоқ екенін айтып, қақтығыстың тағдырына ықпал ете алатын негізгі сыртқы күш ретінде АҚШ-ты атады. Оның пікірінше, сондықтан Тоқаевтың Омбыдағы мәлімдемесін тек Кремльге жасалған үндеу ретінде бағалау дұрыс емес.

 

댓글
기타 기사