Жошы  Ұлысының мұрасын зерделеу. «Дала өркениетін бірлесіп зерттеу консорциумын» құру ұсынылды

172
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HFgGBmrEMjXw9CB1UfyD2wK2gynrRAdEdG2O889K.jpg

Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті.

Еліміздің жетекші академиктері, тарихшылар, археологтар, палеогенетиктер, фольклортанушылар мен сарапшылар басын қосқан бұл алқалы жиында Жошы Ұлысын зерделеу жобалардан тұтас ұлттық ғылыми экожүйеге көшіру және заманауи пәнаралық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері талқыланды.

Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде Жошы Ұлысының тарихы қазақ мемлекеттілігінің бастауларын тереңнен танытатын, Еуразия кеңістігіндегі саяси, экономикалық және мәдени үдерістердің тұтас бір дәуірін қамтитын аса маңызды бағыт екенін баса айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын жүйелі әрі кешенді зерделеуге ерекше мән беріп отырғанын жеткізген министр бұл бастамаларды ғылыми тұрғыдан іске асыру ұлттық тарихымызды жаңа деректермен толықтырып, оның әлемдік тарихнамадағы лайықты орнын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Осы орайда ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев Жошы Ұлысы мен Алтын Орда мұрасын зерттеуді жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған алты негізгі стратегиялық басымдықты таныстырды. Олардың қатарында ғылыми зерттеулерді үйлестіру мен ұлттық аудит жүргізуге арналған Республикалық жұмыс тобын құру, жасанды интеллект негізінде «Жошы Ұлысы мен Алтын Орда» бірыңғай көптілді цифрлық платформасын жасау, «Жошы Ұлысы мен Қазақ хандығының тарихы, мемлекеттілігі және мәдени-интеллектуалдық мұрасы» тақырыбын мамандандырылған бағдарламалық қаржыландырудың өзегі ретінде бекіту бар. Сонымен бірге бытыраңқы гранттарды біріктіретін 2027–2031 жылдарға арналған Флагмандық ғылыми бағдарлама әзірлеу, Түркия, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Татарстан және Башқұртстан Ғылым академияларымен «Дала өркениетін бірлесіп зерттеу консорциумын» құру және 2027–2037 жылдарға арналған 10 жылдық Кешенді Жол картасын бекіту ұсынылды.

Жиында палеогенетика және генеалогия саласындағы тың жаңалықтар жария етілді. Ғалым Мақсат Жабағин Үлкен Y-700 (Big Y-700) секвенирлеу технологиясы арқылы Ұлытаудағы сакралды ескерткіштерге жүргізілген талдау нәтижелерімен бөлісті. Талдау барысында Ұлытаудағы Жошы хан, Алаша хан және Аяққамыр кесенелерінде жерленген тұлғалардан ортақ C2a1a3a6-ZQ369 ірі генетикалық тармағы («Кеңгір желісі») анықталды. С14 радиокөміртекті сараптамасы Жошы хан кесенесіндегі жерлеудің XIV ғасырға (1286–1398 жж.), ал Алаша хан кесенесіндегі жерлеудің XVIII ғасырға (1726–1814 жж.) жататынын көрсетті. ДНҚ сараптамасы бұл тұлғалардың тікелей Шыңғыс ханның (Төре) элиталық әулетіне (C2a1a1b-F1756) жатпайтынын, бірақ Шыңғыс империясына одақтас рулық әулеттің өкілдері болғанын айғақтады. Ең бастысы, BY68504 ішкі тармағы арқылы ортағасырлық Ұлытау әулеті мен қазіргі қазақтың Тама руы мен қарақалпақтың Баймақлы рулары арасында тікелей генетикалық сабақтастық бар екені нақты дәлелденді.

Археология саласындағы жаңа серпілістер туралы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы баяндады. Ол дрон, LiDAR, GNSS, фотограмметрия мен ГИС-технологиялар негізінде Жошы Ұлысы ескерткіштерінің интерактивті картасы мен 3D-модельдерін жасау, изотоптық талдау арқылы ортағасырлық тұрғындардың тамақтану тәртібі, мал шаруашылығы мен көші-қон бағыттарын айқындау және қалпына келтіру міндеттері тұрғанын айтты. Сондай-ақ Сыр бойындағы Қышқала қалашығы, Қобда өзені аңғарындағы Булақ, Байтақ кешендері, Қызылоба некрополі мен Көк кесене сияқты нысандарды кешенді зерттеу жұмыстары жалғасады.

Айтулы басқосуда рухани мұраны зерттеу жайы тыс қалған жоқ. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов Алтын Орда кезеңінде туған «Едіге», «Орақ-Мамай», «Ер Шора», «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» сияқты батырлық және лиро-эпостық жырлардың барша түркі халықтарына ортақ рухани қазына екенін алға тартты. Ғалым 1944–1947 жылдардағы тарихи кезеңдерде «феодалдық-хандық мұра» деп айыпталып, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, С. Мұқанов сынды зиялылар қысымға ұшырағанын еске салып, бұл мұраны идеологиялық бұрмалаулардан арылтып, толыққанды ғылыми айналымға қосу қажеттігін баса айтты.

Археолог-ғалым, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мадияр Елеуов: «Өз тарихын ұмытқан халық ерте ме, кеш пе, тарих сахнасынан шығады. Кезінде біз Жошы Ұлысы мен Алтын Ордаға өзге елдің дүниесі сияқты қарап келдік. Бүгінгі ғылыми бетбұрыс – сол тарихи шындықты қалпына келтіріп, оны заманауи технологиялармен тереңдетудің бірегей мүмкіндігі», – деп тебірене терең ой айтса, ҚР Президенті жанындағы ҰАҒ Ғылым орталығының басшысы Жеңісбек Төлен бұл жиынның нәтижесі құр сөзбен шектелмей, айтылған барлық ғылыми ұсыныстар мемлекеттік деңгейдегі кешенді Қарар мен Жол картасының негізін құрайтынын жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша отандық ғылымды дамытуға бағытталған үш негізгі құжат, атап айтқанда, мамандандырылған Ғылыми бағыт, 2027–2031 жылдарға арналған Флагмандық бағдарлама және 2027–2037 жылдарды қамтитын Кешенді Жол картасы мақұлданды. Бұл шешімдер Ұлы Даланың бай тарихын әлемдік өркениет төріне жаңа сапада танытуға берік негіз қалайды.

 

Гүлмира Сұлтанбаева

профессор

댓글
기타 기사