Қазақстандағы жаппай жарықтың өшуі. Себебі белгілі болды

76
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cxtyHswBMvcLovGMDCRxS9Two9iH3HpiAlrgoD59.webp

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 14 тамызда болған электр қуатының жаппай үзілуіне Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інде екі гидрогенератордың істен шығуы себеп болған. Бұл туралы KEGOC компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Компанияның хабарлауынша, ақау сағат 14:37-де тіркелген. Соның салдарынан Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитіне шамадан тыс жүктеме түсіп, Оңтүстік аймақ елдің энергожүйесінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанды біріктіретін Орталық Азияның ортақ энергожүйесінен ажыраған.

Апат салдарынан Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында электр қуаты уақытша тоқтады. Бұдан бөлек, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында да электрмен жабдықтауда іркілістер тіркелді.

KEGOC мәліметінше, қазіргі уақытта аталған өңірлердің барлығында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.

Алдын ала ақпарат бойынша, электр жүйесіндегі ақау Орталық Азияның бірнеше мемлекетіне әсер еткен. Қазақстанның оңтүстігінде жарық өшкеннен кейін Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан тұрғындары да электр энергиясына қатысты проблемалар туралы хабарлаған.

Өзбекстанда болған ауқымды электр үзілісін кейбір жергілікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстандағы апатпен байланыстырды. Алайда Қазақстанның Энергетика министрлігі Өзбекстандағы жағдайға Қазақстан энергожүйесі себеп болды деген ақпаратты жоққа шығарды.

Алматыда электр қуаты шамамен сағат 15:00 кезінде қаланың бірнеше ауданында өшті. Артынша Алматы облысының бірқатар елді мекендерінде де жарық сөнгені туралы ақпарат тарады.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі салдарынан жүйеде қуаттың күрт артуы байқалған. Осы кезде апатқа қарсы автоматика іске қосылып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірнеше өңірдегі тұтынушылардың бір бөлігі желіден уақытша ажыратылған.

Электр қуатының үзілуі Алматыдағы күнделікті тіршілікке де әсер етті. Бірқатар бағдаршам жұмысын тоқтатып, қаланың кей көшелерінде көлік кептелісі пайда болды. Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, жол қозғалысын реттеу үшін қиылыстарға шықты.

Жарықтың жаппай өшуі әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Кей қолданушылар электр үзілісін сол күні кешке Алматыда өтуі жоспарланған америкалық рэпер Канье Уэстің концертімен әзіл-қалжың аралас байланыстырып үлгерді.

Қазіргі таңда негізгі электрмен жабдықтау жүйесі қалпына келтіріліп, мамандар апаттың салдарын жою жұмыстарын аяқтады.

댓글
기타 기사