Тоқаев балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізуді тапсырды

587
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PUpIBPgDgnYlTmUFqrS8UwFDTNhx23Cd8OWZpk2s.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығын сақтау мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект және агрессивті маркетинг балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді.

«Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздікке және елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі жағдай 2018 жылы қабылданған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңды қайта қарауды және оған елеулі өзгерістер енгізуді талап ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеген. Аталған құжат биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылған.

«Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген дамыған ел осындай шараларды қабылдағанын атап өтіп, Қазақстанға да балалардың психологиялық жай-күйіне төнетін қауіптердің салдарымен ғана күреспей, олардың алдын алуға көшу қажет екенін айтты.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Үкіметке балаларды қорғау үшін интернеттегі контентті сүзгіден өткізу шараларын қабылдауды тапсырды.

«Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады»,– деді ол.

댓글
기타 기사