Жарқайың ауданында «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы мамандарға қолдау көрсетілуде

81
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zaEXjjRwdMZxxkykpT3ehpno3uMqEFpoOsXPxG7x.jpg

Ақмола облысының Жарқайың ауданында ауылдық елді мекендерге білікті мамандар тарту және оларды тұрақтандыру бағытында «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Adyrna.kz тілшісі.

Жарқайың ауданы әкімдігінің мәліметінше, бағдарлама 2009 жылдан бері іске асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты - ауылдық жерлерге қажетті мамандарды тарту, олардың еңбек етуіне және тұруына жағдай жасау, сондай-ақ кадрлардың ауылда тұрақтап қалуына қолдау көрсету. Бағдарлама аясында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ветеринария және басқа да салалардың мамандарына әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді.

«Ауылдың тұрақты дамуы ең алдымен білікті кадрларға байланысты. Сондықтан мамандарды ауылға тартумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрғын үй мәселесін шешуге және тұрақты еңбек етуіне мүмкіндік жасау маңызды. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған тиімді тетіктердің бірі», - деп түсіндірді аудан әкімдігінен.

2009-2025 жылдары аудан бойынша 28 маман тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алған. Олардың 24-і білім беру, екеуі денсаулық сақтау, біреуі мәдениет және біреуі ветеринария саласының маманы.

Осы кезеңде 287 маман көтерме жәрдемақымен қамтылды. Оның ішінде 239-ы білім беру, 26-сы денсаулық сақтау, 8-і мәдениет, 7-еуі ветеринария саласының қызметкерлері және 7 мемлекеттік қызметші бар.

Бағдарлама аясында мамандарға екі негізгі қолдау шарасы қарастырылған. Біріншісі - 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі көтерме жәрдемақы. 2026 жылы оның мөлшері 432 500 теңгені құрайды.

Екінші қолдау шарасы - тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған бюджеттік кредит. Кредиттің ең жоғары мөлшері 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 2026 жылы 8 миллион 650 мың теңгені құрайды. Қарыз 15 жылға дейінгі мерзімге жылдық 1 пайыздық мөлшерлемемен беріледі.

Тұрғын үй бойынша мемлекеттік қызмет «Отбасы банк» АҚ-ның «Баспана Маркет» жылжымайтын мүлік порталы арқылы көрсетіледі.

Мамандар әлеуметтік қолдау шараларын ауылдық елді мекенге келген және тіркелген күннен бастап үш жыл ішінде алуға өтініш беруі қажет.

2026 жылы Жарқайың ауданында бағдарламаны іске асыруға жергілікті бюджеттен қажетті қаражат қарастырылған. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бір маманға бюджеттік кредит беру үшін 8,65 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар 10 маманға көтерме жәрдемақы төлеуге 4,325 миллион теңге қарастырылған.

Биыл көтерме жәрдемақыны 10 маман алды. Олардың бесеуі - білім беру, екеуі - денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Сондай-ақ бір мемлекеттік қызметші және агроөнеркәсіп кешенінің екі маманы қолдауға ие болды.

Қазан айында Костычево ауылында еңбек ететін математика пәнінің мұғаліміне тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беру жоспарланып отыр.

Аудан әкімдігінен атап өткендей, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіледі. Бұл ретте халықты жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек адамының мәртебесін арттыру, кәсіби бағдар беру және сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау мәселелеріне басымдық беріледі.

Сонымен қатар халықтың табысын арттыруға бағытталған 2029 жылға дейінгі бағдарлама, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі және еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтар бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстың негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттырумен қатар, елді мекендердегі кадр әлеуетін нығайтып, мамандардың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасау екенін атап өтті.

Фото: Жарқайың ауданы әкімдігінен.

댓글
기타 기사