Каспийдегі оқиғадан аман қалған 19 жастағы сарбаз жағаға өзі жеткен

143
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/XZBR1t0WvCYGZfq9ESBIvTGIRuAiifNMxAyW4UVe.webp

Фото: Ақжайық

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған 19 жастағы сарбаз Бекет Қуандықтың қазіргі жағдайы жақсы. Бұл туралы оның анасы "Ақ Жайық" мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Жас сарбаз оқиғадан кейін өз күшімен жағаға жеткен.

Бұған дейін «Ақ Жайық» Бекет Қуандықтың ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат таратқан. Алайда оқиғаның алғашқы сағаттарында мәліметтің аз болуына байланысты оның туыстары сарбаздың аман қалғанын білгенімен, ауруханаға түсті деп ойлаған.

Отбасы таңертең Ақтауға жетіп, Бекетпен кездескен кезде оның ауруханада емес екенін анықтаған.

Бекет Қуандық Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы. Ол 2025 жылғы 3 қазанда әскерге шақырылып, №29011 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген.

Сарбаздың анасы Қарлығаш Мырзғалиеваның айтуынша, қайғылы хабарды ести сала отбасы Ақтауға жолға шыққан.

«Аллаға шүкір, ұлым аман. Таңертең Ақтауға келіп, өз көзімізбен көрдік. Ол дін аман, өздігінен жүріп-тұрады. Сын сағатта өз күшімен жағаға жеткен. Қалған жағдайлар тексерістен кейін белгілі болады. Балаларымыз әлі жас, бұл оқиға олардың өмір бойы есінде қалады», – деді ол.

Қарлығаш Мырзғалиева қаза болған әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, оқиғаның ел үшін ауыр қаза болғанын жеткізді.

«Бұл бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қайғы. Қазір әке-шешелерінің қандай күйде екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық қаза болған жігіттердің әке-шешелеріне шын жүректен көңіл айтамын. Енді ешкім мұндайды бастан кешірмесін», – деді сарбаздың анасы.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Олар Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырма орындап жатқанда ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 14 әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылды. 

Қайғылы оқиғадан кейін 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.

댓글
기타 기사