Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен тартылған кабель желісін іске қосты

101
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mDDy9cHdbcnUIEB4tf4zVIPqQWijVIS3sregDStY.webp

15 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісін онлайн форматта ресми түрде іске қосты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Report агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшылары кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың дамуын талқылады. Сондай-ақ өзара сапарлардың екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесі атап өтілді. Президенттер Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VII саммитінің қорытындылары жөнінде де пікір алмасты.

«Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясында жүзеге асырылған жоба бойынша Каспий теңізінің түбімен Қазақстанның Ақтау қаласы мен Әзербайжанның Сумғайыт қаласы арасында ұзындығы шамамен 380 шақырым кабель тартылған. Оның өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады.

Жаңа желі Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға Әзербайжан, Қазақстан және Грузия арқылы дерек жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, Орта дәліздің көлік бағыты ретіндегі маңызымен қатар, халықаралық цифрлық байланыс арнасы ретіндегі әлеуеті де арта түспек. Жоба деректерді өңдеу орталықтарын, жасанды интеллект инфрақұрылымын және бұлтты қызметтерді дамытуға да жол ашады.

Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаманың маңызын атап өтіп, жаңа желіні «Орта дәліздің цифрлық нұсқасы» деп атады. Ал Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев жобаның Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдері арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Транскаспий байланыс желісі «Қазақтелеком» АҚ мен Әзербайжанның AzerTelecom International компаниясы бірлесіп құрған CaspiLink B.V. кәсіпорны арқылы жүзеге асырылып жатыр. Қазір Қазақстан мен Әзербайжан аумағындағы кабель учаскелері өзара жалғанып, оптикалық желілер сынақтан сәтті өткен.

댓글
기타 기사