Әлемдік ғылымға үлес қосқан қазақ ғалымы Манат Мәуленбай өмірден өтті

50
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oFMrdeM6qiDNYYNwmXGc7ycM7sQVQwTUsTwB8g4N.webp

6 қараша күні белгілі физик, өнертапқыш Манат Мәуленбай өмірден озды. Ол ұзақ жылдар бойы Еуропаның жетекші ғылыми орталықтарында қызмет етіп, кванттық физика бағытында маңызды зерттеулер жүргізген. Ғалымның қазасы туралы ақпаратты Қазақ ғалымдары мен технология саласы мамандарының халықаралық QIST қауымдастығы және Калифорниядағы MCC East Bay мұсылман қоғамдық орталығы хабарлады, деп жазады "Адырна".

 Әзірге оның неден қайтыс болғаны туралы ресми мәлімет жоқ.

Манат Мәуленбай Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Шыңжаң университетінің физика факультетін тәмамдап, еңбек жолын Қытай Ғылым академиясында зерттеуші ретінде бастаған.

Осы кезеңде оның ғылыми қабілетіне физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Сэмюел Тинг назар аударған. Кейін ол жас ғалымды кванттық физика саласында зерттеу жүргізетін халықаралық ғылыми топтың жұмысына шақырған.

1988 жылы Манат Мәуленбай Швейцарияға қоныс аударып, Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) және Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінде (ETH Zurich) қызмет атқарды. Сондай-ақ Еуропада кванттық электродинамика тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

1990 жылдардың ортасында ғалым АҚШ-қа көшіп, ғылыми қызметінің бағытын біртіндеп медициналық технологиялар саласына бұрды.

2025 жылы әріптестерімен бірлесіп, AIxSCAN стартапының негізін қалады. Жоба аясында өкпені диагностикалауға арналған құрылғы және дәрігерлерге қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға көмектесетін жасанды интеллект бағдарламасы әзірленді.

Ғалым сұхбаттарының бірінде бұл бастаманың басты мақсаты медициналық диагностиканы жеделдетіп, заманауи технологияларды көпшілікке қолжетімді ету екенін атап өткен.

Манат Мәуленбайдың отбасы тарихында да Қазақстанның орны ерекше. Анасы жағынан әжесі Шығыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген.

1930 жылдары әжесінің отбасы мал-мүлкінен айырылып, ашаршылықтан аман қалу мақсатында Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болған. Арада бірнеше онжылдық өткен соң, әулеттің туыстары қайта табысып, байланыстарын қалпына келтірген.

Шетелде өмір сүргеніне қарамастан, Манат Мәуленбай Қазақстандағы ғылымның дамуына бейжай қарамаған. Ол елдің ғылыми және экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, отандық ғылымды дамыту мәселелері бойынша өз ойлары мен ұсыныстарын білдіріп отырған.

Өмірінің соңғы жылдарын Калифорнияда өткізген ғалымның артында халықаралық ғылыми ортадағы еңбегі мен медициналық технологияларды дамытуға қосқан үлесі қалды.

 

댓글
기타 기사