«Ендігі жоқ әлемнің бір бөлігімін». Депардье жәбірленушілерден кешірім сұрады

390
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0iNaIe9oUEvVmFAzIvLta4d39i7y7uHQJGBRmkn0.jpg

Француз актері Жерар Депардье 2025 жылы сексуалдық зорлық-зомбылық ісі бойынша шығарылған сот үкіміне қатысты апелляциялық шағымынан бас тартты. Ол жәбірленуші әйелдерге қатысты әрекеттерінің орынсыз болғанын мойындап, олардан кешірім сұрады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұл – Депардьенің өз мінез-құлқы үшін алғаш рет кешірім сұрауы.

«Мені кінәлі деп таныды. Бұл үкімді қабылдаймын», – деп жазды 77 жастағы актер баспасөзге арналған мәлімдемесінде.

Депардье өзінің әзілдері мен қимыл-әрекеттерінің көбі өзі әдейі қаламаса да, өзгелерге тіл тигізіп, көңіліне қаяу түсіруі мүмкін екенін мойындады. Сондай-ақ ол «ренжіту ниетінің болған-болмағаны келтірілген зиянды азайтпайтынын түсінгенін» айтты. Бұған қоса, заманның өзгергенін мойындап, өзін «ендігі жоқ әлемнің бір бөлігі» деп атады.

Депардьеге тағылған жыныстық сипаттағы тиісу айыптары 2021 жылы фильм түсірілімі кезінде болған оқиғаларға байланысты болды. Жәбірленушілердің бірі – фильмнің қоюшы суретшісі актердің белінен, ішінен және кеудесінен ұстағанын мәлімдеген. Ал екінші жәбірленуші – режиссердің көмекшісі оның кеудесі мен бөксесіне рұқсатсыз қол тигізгеніне шағымданған.

Бұл – актерге қатысты сотқа дейін жеткен алғашқы іс. Алайда жалпы алғанда, оған осындай әрекеттер жасады деп 20-ға жуық әйел айып таққан.

2025 жылы сот Депардьені кінәлі деп танып, оны бір жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сол кезде актер өз кінәсін мойындамаған еді.

댓글
기타 기사