Шымкентте жаңбыр суынан тазартуға 500-ден астам жұмысшы жұмылдырылды

503

Шымкентте үш күннен бері толассыз жаңбыр жауып жатыр. Осыған байланысты қаладағы коммуналдық қызметтер тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуде. Олар қаладағы көшелердің бойына, арық-атыздар мен сай-салаларға жиналған суды арнайы техниканың көмегімен сорып, тазалауда.

Мәселен, Әл-Фараби ауданында бұл жұмысқа 5 ассенизаторлық машина, 2 мотопомпа құрылғысы және 57 жұмысшы тартылған. Аудан аумағы 7 секторға бөлініп, оның әрқайсысында кезекшілік ұйымдастырылған. Бекітілген мамандар ирригациялық арықтарды судан үздіксіз тазартып жатыр.
Еңбекші ауданы аумағында да осындай жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, №1 автожол (темір жол көпірінің асты) және Арғынбеков, Дизельная, Ата заң, Қызғалдақ, Мамбетов көшелерінің бойы жаңбыр суынан тазартылды. Оған 8 дана ассенизаторлық машина, Зил-130 көлігіне орнатылған 4 дана мотопомпа және «ЛТД-ТҰРМЫС» ЖШС-інің 83 жұмысшысы жұмылдырылған.
Ауа райының қолайсыздығы Абай ауданында да көшелер мен арық-атыздарға мөлшерден тыс су жиналуына себеп болды. Әсіресе, 112 орамда орналасқан Шынар, Юнатов, Аққараған көшелері мен Қатынкөпір, Шұғыла, Тельман, Ақниет шағын аудандарында судың мол жиналуы тұрғындарға қолайсыздықтар туғыза бастаған. Сол себепті жедел түрде су сору жұмыстары қолға алынды. Абай ауданында бұл жұмысқа 34 техника және 105 жұмысшы қатысуда. Сонымен қатар, аудан аумағында санитарлық тазалық жұмыстары кестеге сәйкес тұрақты түрде атқарылуда. «Ақсемсер» ЖШС-інің 70-ке жуық қызметкері мен 23 техникасы тартылыпты.
Су сору жұмыстарына Қаратау ауданында да ерекше назар аударылып, бүгінде оған 41 дана техника, 45 жүргізуші және 180 адам атсалысып жатыр.
Шаһарда жауапты мекемелердің қызметкерлері дер кезінде әрекет етіп, жауын зардаптарының алдын алды. Төрт аудан бойынша көшелер, арық-атыздарды тазартуға 80-нен астам техника және 550-ге жуық адам жұмылдырылды.
Айта кетсек, Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындардан су жиналған орындарды байқаған жағдайда «I-Komek 109» ситуациялық орталығының 109 біріңғай байланыс телефон нөміріне хабарлауды сұрайды.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket