Мемлекеттік тілді жетік меңгергендердің үлесі — 94,4 пайыз

2745
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында мемлекеттік тілді жетік меңгергендердің үлесі 94,4 пайызды құрап отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Тілдерді оқыту орталығы арқылы 1800 адам мемлекеттік тіл оқыту курстарынан өткен. Тіл үйренушілердің 22% — өзге этнос өкілдері.

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, тілдерді оқыту орталығының тілдік курстары Ақтөбе қаласында ғана емес, орыс тілді орта қалыптасқан 6 ауданда (Қарғалы, Алға, Хромтау, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар) да жүргізілген.

2021 жылы этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептер арқылы этнос өкілдері мемлекеттік және кәріс, украин, татар, башқұрт, әзірбайжан тілдерін оқытумен қамтылған. Нәтижесінде этномәдени бірлестік өкілдері әдістемелік көмекпен қамтылып, мемлекеттік және ана тілдері оқыту жоспарына сәйкес жүзеге асырылған.

Сондай-ақ, «Шетелде тұратын қазақ диаспорасымен байланыс» жобасы аясында 2021 жылы облыста «Қазақ тілі – ана тілім, сарқылмайтын байлығым!» атты онлайн диалог алаңы ұйымдастырылған. Шараға Түркия және Ресей елінен қашықтан ана тілі – қазақ тілін үйренуге ынталы қандастарымыз қатысқан. Атап айтсақ, олардың қатарында Ресей Федерациясы Орынбор қаласы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өкілдігі, Самара қаласы «Поиск ЦВР» орталығы, Мәскеу қазақтары ұлттық-мәдени қауымдастығы, Орынбор облыстық «Жас қанат» жастар ұйымы, Екатеринбург қаласы «Еуразия-Қазақстан» аймақтық қоғамдық ұйымы, Түркия Республикасы «Тарих және мәдениет» қауымдастығы, Түркия Республикасы «Көк ту» қазақ мәдениет қоғамы бар.

— Іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі мәселелері де назардан тыс қалған емес. Бұл бағытта іс қағаздарының жүргізілу жайына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, қорытындысымен төмен көрсеткіш көрсеткен мекемелерге кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар берілді. 2021 жылы облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарда іс қағаздарының 98 пайызға жетті. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға тіл туралы заңнаманың орындалуына профилактикалық бақылау жүргізіліп, бұзушылықтар анықталған мекемелерге ұсынымдар берілді, — дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Маржан Жанасова.

Оның айтуынша, былтыр облыста латыннегізді жаңа әліпбиді қашықтан оқыту мақсатында til-aktobe.kz сайтында «Qazlatyn» сабақтар циклы ұйымдастырылған. Атап айтсақ, «Латын графикалы жаңа әліпби: оқу және жазу» тақырыбымен облыс және аудан көлемінде 49 онлайн сұхбат өткізілген.

— Азаматтардың латыннегізді қазақ әліпбиінде жазу машықтарын жетілдіру, сауатты жазу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Еліме елеулі ұлы есімдер» атты 1000 адамды қамтыған онлайн аудиодиктанттар циклы ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде қазақ тілді контент үлесін арттыру, желі қолданушыларының қазақ әліпбиін шапшаң меңгеруіне жағдай жасау мақсатында «LatynTime» жобасы жүзеге асырылды. Жоба караоке форматындағы материалдарды қамтыды.Қазақ тілін латын графикасына көшіру қажеттілігін негіздейтін аспектілерді түсіндіру мақсатында «Латын графикалық қазақ әліпбиі – қазақ жазуының қайнары» және «Казахский алфавит на латинской графике – источник казахской письменности» әлеуметтік роликтері жарық көріп, жергілікті «Ақтөбе тв» телеарнасында тамыз-қыркүйек айларында 140 рет ротацияланды. Облыстағы ересек тұрғындарға тіл үйрету барысында латыннегізді қазақ әліпбиін түсіндіру бағытындағы ақпараттық сағаттар ұйымдастырылып, барлығы 96 шарамен 5216 адам қамтылды, — дейді бөлім басшысы.

Сондай-ақ Ақтөбе облысында тілдік деңгейін бағалаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға арналған «Қазтест» арқылы бүгінгі күнге дейін 22 513 адам тест тапсырған. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын тестке 2021 жылы 700-ден астам адам қатысқан.

Ал облыста ономастика саласы бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталсақ, байырғы жер, су, елді мекендердің тарихи атауын қайтаруда тәуелсіздік алған кезеңнен бері көпьтеген жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтсақ, бүгінге дейін өңірде 170 елді мекен өздерінің тарихи атауларына ие болған.

— 2021 жылы Ақтөбе қаласы бойынша 5 атауы жоқ көшесіне (Астана ауданы бойынша- 4, Алматы ауданы бойынша- 1),3 шағын ауданына (халық аузында аталып жүрген Нұр-Ақтөбе – Есет батыр, Батыс-1,2 – Батыс, Батыс-3 – Ұлы Дала), 13 тұрғын үй алабына (Сельмаш, Сельмаш-2 – Самал, Жаңақоныс-2 – Жаңақоныс-2, Бауырластар-4 – Таңшолпан, Қанағат – Қанағат, Заречный-1 – Көктем, Заречный-2 – Балауса, Заречный-3 – Жібек жолы, Ясное – Жарық, Саяжай, Саяжай-1,2 – Саяжай, Ақшат-2 – Ақшат-2, Бауырластар – Бауырлар, Бауырластар-2 – Бауырлар-2, Ақжар-2 – Ақжар-2) атау беру, 5 қайталанған көше (Қарғалы тұрғын үй алабындағы Интернациональный көшесін – Сегіз сері, Центральный көшесін – Мұхаммед-Салық Бабажанов, Набережный көшесін – Мұрат Мөңкеұлы, К.Нокин тұрғын үй алабындағы Набережный көшесін – Жаяу Мұса, Мир көшесін – Қабылиса жырау) атауын қайта атау бойынша ұсыныстар облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылды, — дейді М.Жанасова.

Бүгінде облыс бойынша бір облыстық маңызы бар қала,  12 аудан, 7 аудандық маңызы бар қала, 136 ауылдық округ, 359 ауыл, 5740 құрамдас бөлік (оның ішінде 3400-і көше) болса, олардың  96 пайызы — мемлекеттік тілдегі атаулар.

— Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларының негізінде 2021 жылы Ақтөбе қаласының 2 мектебі — №40 Фариза Оңғарсынованың және №72 Әбіш Кекілбаевтың есімдерімен ұлықталды. Ақтөбе халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжі ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің есімін алды. Сонымен қатар облыс орталығында Ахмет Байтұрсынұлының және новый Қаныш Сәтпаевтың есімдерін ұлықтау мақсатында екі мектепке есімдерін беру бойынша ұсыныс облыстық мәслихат сессиясында мақұлданып, Білім және Ғылым министрлігінен келісім алынып, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына жолданды, — дейді бөлім басшысы.

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек. биыл жыл басынан 733 рейд жұмысы жүргізіліп, 7347 жарнама мәтіні сараланған. Оның ішінде 75 сауда үйі, 34 жабық базар, 180 салон, 44 спорт мекемесі, 91 мейрамхана, 230 дәмхана, 103 қоғамдық көлік, 89 дәріхана, 97 көлік жуу, жөндеу орталықтары, 237 азық-түлік,  киім дүкендері, 65 фаст-фуд, 223 көше қамтылған.

— Рейд барысында кәсіпкерлік нысан иелерімен кездесіп, Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңнама талаптары түсіндірілді. Анықталған кемшіліктер бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Түсіндіру, насихаттау жұмыстарының нәтижесінде қате рәсімделген 4370 көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндері заң талаптарына сәйкестендірілді. Алдағы уақытта да тіл жанашырларымен бірлескен рейд жұмыстары жалғаса бермек.

Мемлекеттік тіл саясатының бағыттарын түсіндіру, сала бойынша атқарылып жатырған жұмыс жөнінде ақпараттық беру, халықпен кері байланыс құру мақсатында 3 баспа басылымы («Күншуақ», «Ономастика тынысы», «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» журналдары), 2 сайт(басқарманың ресми сайты, «Тіл-актобе.кз» сайты), ютуб каналы, әлеуметтік желілердегі парақшалар сияқты ақпараттық ресурстар арқылы жүзеге асырылуда, — дейді Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Маржан Жанасова.

 

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер