Өндірістік тәжірбие – мамандық игерудегі алғашқы қадам

2301
Adyrna.kz Telegram

Өндірістік тәжірбие – болашақ маман иесінің университет қабырғасында алған білімін өмірде пайдалана алуына алғашқы қадам. Осы тәжірбиелердің неғұрлым сапалы болуы болашақ маманның өз ісіне жетік болуын қамтамасыз етеді.  Осы негізде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ тілі және әдебиеті мамандығының биылғы 4-курс студенттері өздерінің өндірістік тәжірбиелерін Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі жанынан ашылған «Тіл–құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығында өтіп жатыр.

Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығы 2019 жылдың 29 қарашасында жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген екен. Еліміздегі эпидахуалға байланысты орталық жұмысымен және орталық директоры Райхан Сахыбекқызымен таныстығымыз онлайн форматта Zoom бағдарламасы арқылы өтті.

Тәжірбие барысында бекітілген үш жетекшіміз болды. Олар: орталық директоры Райхан Сахыбекқызы, Шортанбай Шоқан Амангелдіұлы және Оспанова Гүлмария Тұрысбекқызы. Біз ізденістерімізді Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын тілдік, әдеби, көсемсөз, ағартушылық және т.б бағыттар бойынша бастап, қазіргі таңда әлі де жан-жақты жұмыстанудамыз. Биылғы жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өтіледі. Соған орай, бізде орталықтағы өндірістік тәжірибе арқылы ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын тереңірек тануға ерекше мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта ұлт ұстазының өмір сүрген кезеңіндегі әдебиет саласындағы шығармашылығы, публицистикалық бағыттағы "Қазақ" газетін шығаруы, лингвистика саласындағы "Төте жазу" жасауы, терминдерді қазақша баламаға аударуы және саясаттағы "Алаш-Орда" үкіметінің қызметіне қатысуы сынды ірі-ірі еңбектері туралы білімімізді тереңдету үстіндеміз.

Ұлт ұстазының мұражай-үйі қазіргі уақытта біршама экспонатқа толы. Бұл мұражай – Ахмет Байтұрсынұлының 1934 жылдары отбасымен бірге өмір сүрген қарашаңырағы. Халқымыздың сол кезеңдердегі «елім» деп еңіреп, «ұлтым» деп жаны ашыған көптеген зиялы қауым өкілдері бас қосып отырған мекен болған. Көрнекті қайраткеріміздің мұражай-үйіндегі көптеген заттар ағайын-туыстары мен туып-өскен өлкесіндегі көз көрген қарттардан алынған.

Ғимаратта Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты мұрағат мәліметтері, әр түрлі құжаттар, қолжазбалары, фотосуреттер, өте сирек кездесетін кітаптар қойылған. Мұражайдағы кейбір заттар Торғайдағы мұражай-үйінен әкелініпті. Олардың ішінде, жиһаздар мен түрлі бұйымдар, сонымен қатар, құжаттар да бар. Ұлт ұстазының мұражай-үйі әрқашан құнды экспонаттармен толықтырылып отырады. Мұражайдың өзіндік ерекше атмосферасы мен берер тағылымы өзгеше жанға жайлы.

Хоккайдо университетінің профессоры Томохико Уяма Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі жөнінде: «Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды мұражайына келгеніме өте қуаныштымын! Мен бұл қалаға тоқсаныншы жылдардың соңында келіп кеткенмін. Сол себепті өткен күндер көз алдымда менмұндалап тұр. Жылы қабылдағандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Мұражайдың өркендеуін тілей отырып, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы жылдар бойына мәңгілік мұра болып қаларына сенемін!», - деп, мұражай турасында өзінің жылы көзқарасын білдірген екен.

Халқымыздың біртуар ақыны, жазушысы, әрі лингвист, әрі әдебиетші, әрі аудармашы, «елім» деп еңіреген, «Отаным» деп жанын берген Ахмет Байтұрсынұлының халқына арнап жазған мұралары баршылық. «Елімнің көзі ашық, көкірегі ояу болсын. Өзге ұлттар мен халықтар білім алып, ізденіп жүргенде өз елім де олардан қалмасын. Білімнің шамшырағын жақсын. Оқу-ғылым іздесін»,- деген оймен маса болып шырылдады. Сол жолда «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Баяншы», «Әлібпи», «Сауат ашқыш», «Әліппе – астары», «Тіл – жұмсар» сынды педагогикалық еңбектер, «Қырық мысал», «Маса», «23 жоқтау» сынды әдеби еңбектер жазды. Бұлардан бөлек, лингвистика саласындағы ізденістері де қазіргі кезде өзекті зерттеліп жүр. Жазған мақалаларының өзі қаншама?!

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімін ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды. Сол себепті, осындай ерен тұлғаның мұражай-үйімен байланыста болып, тәжірбиеден өтуіміз біз үшін ерекше мүмкіндік. Сондықтан, өндірістік тәжірибе барысында жетекшілік етіп, бағыт көрсетіп, өздерінің осы саладағы өмірлік тәжірбиелерімен бөлісіп жүрген Имаханбет Райхан Сахыбекқызына, Оспанова Гүлмария Тұрысбекқызына, Шортанбай Шоқан Амангелдіұлына алғысымызды білдіреміз.

Аяжан Кубиева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі:
Райхан Имаханбет,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы

Пікірлер