Алматы циркінде - "Азия жаңғырығы"

2579
Adyrna.kz Telegram

Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысушылар Алматыда мерекелік қойылым ұсынды. Онда әлемнің әр қиырынан келген танымал цирк ұжымдары өнер көрсетті. Қазақ мемлекеттік циркіндегі мерекелік қойылымда – Никарагуа,Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан және Қырғызстанның танымал цирк майталмандары өнер көрсетті. Әлемнің ең үздік өнерпаздарының бірегей туындылары айлалы амалдар мен қауіпті қимылдарға құрылған.   

Алена Климович, Беларусь мемлекеттік циркінің өкілі:

- Мен Беларусь елінен келіп Алматы циркінде өнер көрсетіп жатырмын. Біз қауіппен күн сайын бетпе-бет келеміз. Дегенмен, шеберлігіміз шыңдалғанымен патша көңілді көрерменді бір сәтке болса да уайымынан арылтып, қуанышқа кенелту үшін тәуекелге барамыз. Талабы болса адамды өнерге баулу аса қиын емес. Ал, жыртқыштың тілін тауып, айтқаныңа көндіру қиынның қиыны. Осы көрініске куә болған көпшілік өнерпаздардың ерлігіне тәнті болды.

Маржан Шәріпханқызы, қала тұрғыны:

- Бүгін балаларды циркке алып келдік, бәрі ұнады. Барысты, иттерді, құстарды көрді. Өте жақсы, бәрі көңілімізден шықты. Басқа цирктен ерекшеліктері сол әр елден қонақтар келді. Бішкектен келді, Өзбекстаннан келді.

Алматы циркі манежінің көгінде құстай қалықтаған цирк өнерінің хас шеберлері жасқа да, жасамысқа да ерекше әсер сыйлады. Жонглерлардың қалжыңына ішектері түйілгенше күлген көпшілік, әуе акробаттарының қауіпті әрекеттерін көріп қорқыныш сезіміне бөленді. Осылайша, демде қуанып, артынша үрей құшағына енген көрермен ертегілер әлеміне еніп кеткендей күй кешті. Цирк көрерменге өнер болса, жан-жануарлар мен оларды үйретуші мамандар үшін өмір. Сондықтан, әлемнің ең мықты цирк өнерпаздарының шеберлік әрекеті мен қалжыңға толы қимылдарын көріп, өнермен ұштасқан өмір туралы білгіңіз келсе қапы қалмаңыз. Елорданың 20 жылдығына арналған цирк қойылымы мегаполисте 19 тамызға дейін жалғасады.


Нұрлан АСҚАРҰЛЫ 

Пікірлер