«Жақсының аты өлмейді...»

3131
Adyrna.kz Telegram

(Жәкім ата Қоңқайұлының рухына арналады)

Жәкім ата Қоңқайұлы ғұмыр бойы педагогика саласында қызмет еттті. Ұстаздық ұлы жолды өзіне мұрат тұтқан ол ғылым-білім жинап қана қоймай, онысын жас шәкірттерімен бөлісуді өмірінің мәні деп білгендей. Ол кісінің өз қызметіне берілген тұлға екені әрбір іс-әрекетінен, сөйлеген сөзінен, мінез-құлқынан да оп-оңай аңғарылып тұратын. Иә, расында да ұстаз кісі ақыл-кеңес айтумен ғана емес, өз болмысымен де жан-жағына үлгі-өнегенің шуағын шашып тұруы тиіс емес пе?!

Жәкім атаның сонау Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай тәрізді сал-серілердің елі, Абылай хан орда тіккен қазақтың кіндік мекені Көкшетау жерінде туып, қасиетті топырақтан нәр алғаны да қарияның сапалы да саналы азамат ретінде қалыптасуына үлкен ықпалы болған шығар деп есептейміз.

Жәкім ата негізі бізге жезде болады. Жәкім атаның құдай қосқан қосағы Биғайша апай – арғы атам Сағындықтың қызы, Әубәкір атамның қарындасы Күләй әжеміздің үлкен қызы. Адамгершілігі мен парасат-пайымының арқасында бізге тура өз туған атамыздай ыстық, құрметті, сыйлы болып кетіп еді.

Жәкім атаның қара шаңырағына араға айға жуық уақыт салып болса да барып тұрамыз ғой. Жәкім атаның үйіне қашан бара қалсаңыз да, жайдары қалпынан бір таймайды, оқу мен жұмыс барысы жайында сауалдарды қарша боратып, әрбір сөзге шынайы ықыласпен құлақ салатын. Үнемі ол кісі «Айналайын» деп айналып-толғанып отырушы еді. «Айналайын» деген сөздің қазақ қана емес, күллі көшпелі халықтар үшін өте маңызды, қасиетті сөз екенін ол кезде аңғара бермейтінбіз. Бәрінен де Жәкім атаның бата беруі керемет еді. Терең мағыналы, қазақтың ең бір көркем кестелі сөзіне құрылған мұндай ақ бата кімді болса жігерлендіріп, жақсы энергиямен қуаттандыратындай сезіледі. Жалпы Жәкім ата әрдайым алғыс айтып, ақ тілектерін жаудырудан шаршамайтын. Бүгінде осылай «Жақсы сөз –  жарым ырыс» деген қазақтың сөзін өзінің өмірімен астастырған кісілердің өте сирек кездесерін айту керек. Атамыз ешқашан біреу туралы бір ауыз да жаман сөз айтпайтын еді. Қасақана қысастық болса да, естімеген, көрмеген кейіп танытып тек жақсы сөздер айтуға тырысатын. Кемшіліктің себебі мен салдарына үңіліп, кең жүректікпен, кешірімділікпен мәселенің терең байыбына барып кімді болса да ақтап алуға шебер еді. Мұның өзі да ақсақалдың адамгершілік деңгейінің өте жоғары сатыда болғанын айғақтайтын жайт қой.

Жәкім ата сөйлегенде өлеңдетіп, мақалдатып сөйлейтін. Әр сөзінен білімі мен өмірден түйген пайымы аңғарылып тұратын. Ең ақыры ол кісінің осал жан емес екенін үйінің қабырғаларын тұтас жапқан кітап сөрелері-ақ білдіріп, айғақтай түсетін.

Жәкім ата данадай терең, баладай ақжүрек еді. Айналасына тек ізгіліктің нұрын шашып жүруші еді. Сол үшін де атамыз үнемі туған-туыстарының, ел-жұртының шынайы махаббатына бөленіп, ардақты ақсақал деңгейінен бір түсіп көрген емес. «Әке көрген – оқ жоңар, ана көрген – тоң пішер» демекші, Жәкеңнің ұрпақтары өсіп-өңіп, өркендеп, ұл ұяға, қыз қияға қонып, барлығы да өздерінің бұл өмірдегі құтты орындарын тапқан, қазақ елінің болашағына «кірпіш болып қаланған» жайы бар. Тұңғышы Асқар – техника саласында (машина жасау) үлкен жетістікке жетсе, қыздардың үлкені Әлия орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша мұғалім атанып ұстаздық жолында адал еңбек етіп жүр. Ал ортаншы қызы Әсия дертке шалдыққан жұртқақол ұшын созар дәрігер, медициа ғылымының кандидаты болса, Жәкім атамыздың нағыз жолын қуған кенже қызы Әсел филология, оның ішінде балалар әдебиеті бойынша кандидаттық дессертация қорғап, кейіннен бала тәрбиесі бағытында Ұлыбританияның Аберген қаласында докторантура оқып қайтты. Олардан немере-шөбере өсіп, әулеті өркендеп қанат жайып өсіп келеді. Атамыздың әруағы ұрпақтарын желеп-жебеп жүрген болар.

Жәкім ата, Сіз бұл дүниемен қош айтысқалы да бір жылдың жүзі болыпты. О дүниедегі әруағыңыз разы болсын! Ұрпақтарыңызды әрдайым желеп-жебеп, қолдап жүрген боларсыз. «Жақсының жақсылығын айт» дейді. Сіздің азаматтағыңызды, адалдығыңызды, қайырымдылығыңызды, парасаттылығыңызды, білім мен ғылымға жаны құштар ғалымдығыңызды, үлгі-өнеге көрсеткен ұстаздығыңызды айтуды, қалың ел-жұртқа жеткізуді парыз деп білеміз.

«Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, сіз біздің жадымызда, көңілімізде, жүрегімізде мәңгілікке өмір сүресіз.

Арман СЕРІКҰЛЫ   

Пікірлер