"Хаменова ісі": Елбасыны сүйеді екен, сөзінде тұрды деп ақтаудың қажеті жоқ!

13343
Adyrna.kz Telegram

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың "мені негізсіз қудалады" деген мәлімдемесіне жауап берді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

«Әлеуметтік желілерде сотталушы Бақытгүл Хаменованың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан оны негізсіз қудалау туралы мәлімдемесі бар ақпарат таратылуда. Өткен жылдың желтоқсан айында Хаменова Мәдениет басқармасының басшысы А.Рысқалиевпен Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны және міндеттемелерді орындау барысында жалпы қамқорлығы үшін "Балқыту" ЖШС директоры У. Адамовтан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында 4,5 млн. теңге сомасында пара алғаны үшін әшкереленгенін хабарлаймыз», - делінген хабарламада. 

Антикордың хабарлауынша, оның әрекеттері жиналған дәлелдемелерді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін, сондай-ақ күдіктілер мен куәлардың тікелей айғақтарын ескере отырып сараланады.

"Тағылған айыптың негізділігі мен заңдылығы прокурормен расталды. Хаменованың және басқа адамдардың кінәсі туралы қорытынды шешімді сот қабылдайды", - деп хабарлады агенттік.

Хаменованың мәлімдемесіне қатысты заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек те өз пікірін білдірді.

"Отыз жыл жемқорлық жасағандар — «халқымды сүйгеннен соң, осылай жасадық», деп жылап-сұқтаса ақтап жіберетін түрлерің бар ғой! «Елбасыны сүйеді екен, сөзінде тұрды», - деп ақтаудың еш қажеті жоқ, туған Елінің алдында қателікке бой алдырғанына кешірім сұрап жыласа, екі балапаны үшін кешіріммен қарауға болар еді... “Елбасыны сүйгенім үшін қамап жатыр”, деп еңіреуі — адамдардың жанашырлығын оятып, өзінің қылмыстық әрекетін «саясиландыру» болып табылады! Бұндай іс-әрекеті үшін айып тағылған адамды — қылмыстық жауапкершіліктен босатпау керек! Жаңа Қазақстанның әділ Сот шешімін күтемін!", - деп жазды ол өзінің фб парақшасында. 

Естеріңізге сала кетейік, 10 желтоқсан күні Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды. 31 мамырда Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына берілді. Сот процесі 3 тамызда басталып, әлі де жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысынла Бақытгүл Хаменова  өз сөзінде тағы да кінәсін мойындамай: “Құрметті сот! Қазір мықтылардың уақыты. Мені Назарбаевтың жақтасы деп айта берсін. Мен Елбасын жақсы көремін. Оның елге қосқан үлесі туралы айтуды тоқтатпаймын”, – деген болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер