«Алтын Орда» мәдениет үйі ел игілігіне берілді

2311
Adyrna.kz Telegram

Мерекеге орай Оралда жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, ел игілігіне берілуде. Солардың бірі – Зашаған кентінде ашылған «Алтын Орда» мәдениет үйі.

Кентте алғаш ашылған 250 орындық мәдениет ошағы бүгіннен бастап өз қызметін бастады.Екі қабатты зәулім ғимаратта алдағы уақытта концерттік бағдарламалармен қатар балаларға әртүрлі үйірмелер өткізілетін болады. Сонымен қатар сурет көрмелерін, қолөнер жәрмеңкелерін өткізуге толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ ,мұнда 24 мың дана кітап қоры бар №4 кітапхананың филиалы жұмыс жасайды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қатысып, кент тұрғындарының қуанышымен бөлісті.

– Сіздерді шаһарамыздың төл мерекесі – туған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Зашаған кенті – қаламыздағы ең ірі аудандардың бірі, мұнда 70 мыңдай халық тұрады. Кент тұрғындарымен кездесулерде жергілікті халық тарапынан жиі көтерілетін мәселе – мәдениет үйін салу қажеттілігі еді. Міне, бүгін тұрғындардың тілегі орындалып, жаңа 250 орындық «Алтын Орда» мәдениет үйі пайдалануға берілуде. Зашағандықтарды заман талабына сай салынған жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын. Ел өнерінің биіктеуі алдымен мәдениетінің қалыптасуына байланысты екені анық. Сондықтан мәдениет үйі – рухани дамуымыздың ошағы саналады. Бүгін ашылып жатқан руханият ошағы ел игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет ете бергей. Мәдениет үйі өнерлі өрендерді бір жерге тоғыстырсын. Жаңа нысан Зашаған кенті тұрғындарының рухани өмірінің орталығына айналарына бек сенеміз, – деді шаһар басшысы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы, профессор, белгілі театр режиссері ұстаз, Елордамыздағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры және көркемдік жетекшісі, жерлесіміз Асхат Маемиров, танымал кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Астана циркінің директоры Ерік Жолжақсынов және танымал кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ел астанасындағы «Жастар» театрының директоры Әділ Ахметов орталықтың ашылуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

Ашылу салтанатынан кейін қала әкімі мен жиналған қонақтар орталықтың ішін аралап, жұмыс барысымен танысты. Айта кетейік, «Алтын Орда» мәдениет үйі қалалық «Жастар мәдениет сарайының» филиалы ретінде жұмыс жасамақ.

Пікірлер