Сәуле мен Сайрагүл

2327
Adyrna.kz Telegram

Кеше бір сыйлы ағамның көңіл шайға шақырған жақсы отырысында Сайрагүлдің Сәулеге қарсы видеосы, осыған орай Сәуленің маған жазған жазбасы жарық көріпті. Басқа да бірқатар өзіме сыйлы аға-әпкелерім де бұл мәселеде өз алаңдаушылықтарын білдіріп, біразы жекеме хатта жолдап жатыр екен. Бұның бәріне тікелей қатысы бар адам ретінде таңғы сағат 5 болып қалғанда осы хатты жазуға компьютерге отырдым. Жалпы періште-қызымнан қапыда айырылып қалғалы Сайрагүл ісі, оралмандар ісі туралы көп ойланып, толғандым, осы жазуға отырмай тұрып екі үш сағат отырып және ойландым. Ақыры, мынадай пікірге келіп, өзім үшін шешім қабылдадым:
Біріншіден, мен үшін Сәуле кім, Сайрагүл кім?

Сәуленің бейнесі ондаған жыл бойына теледидар арқылы, газет-журналдар арқылы бәрімізге етене таныс. Оның өзгелерден алған немесе өзі берген сұхбаттары, теледидар алдындағы жүріс-тұрысы, бәрі-бәрі жарасымды, қазақ қызының эталоны деуге лайық тұлға. Сіз үшін білмеймін, мен үшін солай болған, солай болып қала бермек! Алайда Сәуле екеуіміздің жеке таныстығымыз өкінішке қарай, оның басына түскен ауыр қайғылы жағдайда орын алды. 2017 жылдың аяғында оның туған інісін Ресейден қаңғып келген орыстар бауыздап өлтірді, Сәуле бауырының артынан жоқтаушы, жәбірленуші өкілі болып танылды, мен қолымнан келгенінше кәсіби кеңестерімді беріп жүрдім. Арада ай өтер-өтпес жалғыз ұлынан айырылды, оның 7-ін беріп жатқан күні әкесі қайғыдан көз жұмды... Осымен тоқтады ма десек, кейіннен Сәуленің ұлымен ойнақтап бірге өскен туған әпкесінің ұлы мезгілсіз қайтты. Сәуленің орнында шамалы адам қайғыдан басын көтере алмай қалған болар еді. Сәулені білмеймін, жеке өзімнің бұл жағдайлар қабырғамды қайыстырып-ақ жіберді. Сәулеге қалай, қайтсем көмек ете аламын деп, жатсам-тұрсам ойландым. Сөз біледі-ау, сөздері өтеді-ау деген талай адамдарды Сәуленің үйіне жібердім, өзім де бірге жүрдім, өзінің де дос-жаран, ағайын-тумасы бар, біз бар барынша жұбаттық, бұның бәрі Алланың ісі, сынағы дегенді дәлелдеген болдық, Сәуле де басын көтеріп, иығын тіктегендей көрінді. Осы кезде маған бір ой келді, ол - не болса да Сәулені енді қоғамдық іске тарту, оның үйде жалғыз қалуына жол бермеу, сол арқылы қайғысын ұмыттыра алмасақта, сәл де болса жеңілдету. Содан қалай, қайтіп жүзеге асқанын білмеймін мен Сәуле және Абай.кз сайтының журналисі Нұргелді Әбдіғани үшеуіміз Ресейлік Диана Перегудаға қарсы істі бастапта кетіппіз (ол іс туралы тоқталмай-ақ қояйын, интернетте ақпарат жеткілікті). Басқаны білмеймін, өз басым Сәуленің көздерінен от-жалынды көргендей болдым. Артынан Сайрагүл ісінің эпопеясы басталды да кетті. Сәуле жанып түсті! Іске бәрімізден де ерекше құлшыныспен кірісті, тіпті мен жоқта не қолым тимегенде, менің анау-мынау қағаздарымды да өзі жазып, өзі апарып жүрді. Ыңғайсыз болса да айта кетейін, өзі жазғандай Сайрагүлдің түрмеден шыққан іш киімі, нәскиіне де шынымен өзі жуып, өзі сатып алып, ауыстыртқанына да куә болдық. Оның кей тірліктері менің өзімді шошытты, мысалы «егер Үкімет Сайрагүлді босатпаса, мен аштық жариялаймын» - деді. Сонда ол Сайрагүлді әлі көрмегенде танымайды да, тек қана түрмеге кіріп шығып жүрген менің айтуымнан ғана біледі! Ал енді сот кезіндегі жасаған тірліктері бәрі өздеріңіздің көз алдарыңызда, анда-санда «не болып жатыр екен» - деп қараған адамға да Сәуленің бұл істе қалай жанұшыра қызмет еткені көрініп-ақ тұр. Одан былайда Сайрагүлдің баласы Ұлағат математикадан орын алды деп сүйіншілеп, оны академик, профессор аталары Асқар Жұмаділдаев пен Саят Ибраевтен қатар бата алдырғаны т.б. т.т. бәрі көз алдымызда менің және Нұргелдінің тікелей қатысуымызбен өтіп жатты. Сәуленің көптен қабырғасына батып жүрген дүние Сайрагүл мен оның отбасының үйсіз жүргені болатын, оныңда бір шешімін тапқандай болып, осыдан небары бір апта бұрын Сәуле өзі және менің атымнан белгілі кәсіпкер, меценат Бауыржан Оспановқа хатта дайындаған-тұғын. Енді қалған мәселе, соған екеуіміз қол қойып, шыққан кісілер арқылы Оспанов мырзаға жеткізу болатын. Сол кезде Сайрагүлдің күйеуі Уәли Сылам, артынан Сайрагүл анадай видеоларын жариялады...
Уәли шіркін ана бір сайтанның тіліне еріп, мені де Сәулені де біраз жерге апарып тастаған екен, өз басым оған қиналғанда жоқпын. Өйткені, Уәли қанша кездесіп жүргенде Қытайдан мұғалімдіктен ерте зейнеткерлікке кетуіне психикалық ауруы себеп болғанын өз аузымен айтып жүрген. Бұл жағдайды ана сайтанда 5-ке біледі. Рас, Уәли сондай қағаз жасатып алдым деген. Бірақ, о жақтан келген басқа ағайындардың айтуынша Қытайда ондай аурумен ауырамын деп өтірік анықтама алып зейнетке шығу мүмкін емес көрінеді... Сондықтан, оның өзі не, сөзі не деп анау айтқандай көңіліме ала қоймағам.
Ал енді, Сайрагүлдің Сәулеге қарсы шабуылының жөні бөлек. Ашығын айтқанда «Сайрагүлдің жәйін менен артық білетін адам кемде-кем» – деп бұрын ойлаушы едім, қазір сол Сайрагүлді танымай отырмын. Мүлдем! Бірақ, өзім куә болған көптеген жәйттер мен детальдарды орнына қоя отырып Сәуле мен Сайрагүлдің портретін жасақтап шығардым. Сәуленің кемшілігі ме, артықшылығы ма білмеймін, ол өте эмоционалды адам. Бірақ, адамның малдан негізгі айырмашылығы да сол эмоциясында дейді ғалымдар. Соған қарап, бұнысы кемшілік емес, артықшылығы болар, тіпті артықшылығы болмаса, адамшылығы болар депте ойлаймын. Алайда, Сәуленің мен өз басым кепіл болатын бір сөзсіз артықшылығы бар, ол – оның шыншылдығы! Ол эмоцияға салынып артық ия кем айтуы мүмкін, бірақ ешқашанда өтірік айтпайтыны! Жоғарыда қандай жағдайда танысып, қандай тірліктерде бірге жүргенімізді есепке ала, менің ол қасиетін көре, бағалай алатыныма күмәніңіз болмасын. Сәуле өте шыншыл адам! Ал Сайрагүл керісінше, ол эмоциясын толық басқара алады. Біздер, адвокаттар үшін, өз қорғауымызға алған адамдардағы ол таптырмас қасиет! Эмоциясын басқара алатын адам айт деген сөзіңді айтады, айтпа дегенді айпайды, жыла деген жерде жылайды, күл деген жерде күледі, бір сөзбен айтқанда бәрін бақылауда ұстайды. Егер Сіздер сотта сотталушылар тек қана шындықты айтады және шындықты айтуға тісті десеңіздер қатты қателесесіздер. Біз, жоқ, жеке өз басым, сотта Қадағаңның (Қадыр Мырзалиев) өлеңіндегі «Жеткізу үшін шындықты, өтірік қостым аздаған» деген принципті ұстанамын. Басқасын айтпай-ақ қояйын, Сайрагүлдің отбасына қосылуы қажет болды, мен үшінде, халық үшінде. Оны отбасына аман-есен қостық. Енді сол отбасынан айыру, сөйтіп Ұлағат пен Үкілайды тірі жетім ету... Жоқ! Ол туралы ойлауда мүмкін емес! Оны, басқаңызды білмеймін, ұлынан айырылған Сәуле, қызынан айырылған мен жақсы түсінеміз! Сондықтанда, Сайрагүлді ары қарай қорғайсыз ба, жоқ па деген сұрақтың қойылуы да орынсыз. Сайрагүл өзі менен бас тартпаса, мен оны қорғаудан бас тартпаймын. Отбасы бірінші кезекте, қалғаны маңызды емес немесе екінші, үшінші кезектегі мәселелер...

Сәуленің Бауыржан Оспановқа жазған хаты

«Жер-Су» корпорациясының президенті
Бауыржан Оспанов мырзаға

Құрметті Бауыржан Кеңесбекұлы!

Елге белгілі меценат ретінде мемлекеттік жоғары деңгейдегі бағдарламалар аясында да, мемлекеттік емес ұйымдар мен жекелеген адамдардың өтініші бойынша да елге қызмет етіп, алдыңызға келген талай мұқтаж жанның бетін қайтармай, ұшан-теңіз жақсылықтар жасап жүргеніңіз халыққа аян.
Атымтай жомарттығымен елге танылған өзіңізге біз де өтініш айтқымыз келді. Өзіміз үшін емес, елім, жерім деп Қытай қорғанын бұзып келген, отбасына, екі баласына қосылу үшін басын бәйгеге тіккен қазақтың батыр қызы Сайрагүл Сауытбай үшін Өзіңізден көмек сұрауды жөн деп шештік.
Сайрагүл Сауытбай туралы әлемге тараған ақпараттарға Сіз де қанық боларсыз деп ойлаймыз. Дегенмен, қысқаша баяндай кетсек, Сайрагүл Сауытбай 21 мамыр 2018 жылы қытай-қазақ шекарасын бұзып өтуге мәжбүр болған, өйткені оның отбасы – жары Уәли Сылам, екі баласы – Үкілай мен Ұлағат Қазақстанға 2009 (?) жылы көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған. Сайрагүл Сауытбай заңды түрде Қазақстанға көшіп, өз отбасымен табысу үшін қаншама әрекеттер жасаса да, Қытай үкіметі оны жібермей қойған. Бірнеше жыл «жібереміз» деп алдарқатумен күттірсе, соңғы 1 жылында «Саяси үйрену лагерінде» жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Соңында өзінің жеке бас бостандығына қауіп төнгенін түсінген Сайрагүл Сауытбай Қазақстанға заңсыз өтуге мәжбүр болған.
Сайрагүл Сауытбайдың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 1 тамызға дейін уақытша тергеу изоляторында қамауда отырды. Оған 2,5 ай бойы бүкіл Қазақстан халқы тілеулес болды, күндіз-түні «Сайрагүлге бостандық» деп барлық республикалық БАҚтар мен әлеуметтік желілер жарыса жазды. Одан бөлек, АҚШ, Германия, Австрия, Чехия, Түркия т.б. алып мемлекеттердің «Нью-Иорк таймс», «Вашингтон пресс» сынды әлемге танымал көптеген халықаралық БАҚ, БҰҰ баспасөзі жарыса ақпарат таратып, 200-ге жуық мақала жарияланды, «Human Rights Watch», «Soclety for threatened peoples» сынды әлемге танымал халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Сайрагүлге бостандық сұрап, араша түсті. Нәтижесінде, 1 тамыз күні Жаркент аудандық соты Сайрагүл Сауытбайға 1 жыл шартты мерзім тағайындап, бостандық берді.
Бүгінде Сайрагүл Сауытбай отбасымен Алматы облысы Есік ауданында пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Басында баспанасы болмаса да, әлеуметтік жағдайы төмен, денсаулығы нашар болса да, Сайрагүлдің өмірге деген құлшынысы, жақсылыққа деген сенімі жоғалған жоқ. Бүгінгі елдегі жұмыссыздық ахуалын жақсы білесіз, Сайрагүлдің жолдасын да, өзін де еш жерге жұмысқа алмайды, көршісінің сиырын сауып, күнін көріп жүр. Солай бола тұра, екі баласының сабақ үлгерімі өте жақсы. Ұлы Ұлағат таяуда математика пәні бойынша өткен олимпиададан 1 орын жеңіп алып, Дубайға жолдама алды. Екі бала да өнерлі, дарынды, талантты балалар. Олардың жетістіктерін дәлелдейтін дипломдары да бар.
Сайрагүл Сауытбайдың тұрмыстық-әлеуметтік-саяси жағдайын ескере отырып, оған баспана мәселесін шешуге көмектесуіңізді сұраймыз. Сіз әркез жастарды қолдауға барынша жәрдемдесіп келесіз. Биылғы жастар жылында Сайрагүлдің талантты екі баласына қолдау білдіріп, оларға кез келген ауылдан баспана алып берсеңіз, бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да өз орнымен жасалған көмек болар еді.

Алдын ала алғыс айтамыз. Ел игілігі жолында атқарып жүрген әр ісіңізге табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз!

Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан

Журналист Сәуле Әбединова

Абзал Құспановтың Фейсбук парақшасынан

Пікірлер