ҚОШ БОЛ, "ҚАРА МАЙОР"

2255
Adyrna.kz Telegram

Бұдан бір күн бұрын Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери ауруханада жатқан отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың көңілін сұрап, оған Қазақстан әскери барлауына сіңірген еңбегі үшін "Алтын үкі" төсбелгісі мен алғыс хат тапсырғаны туралы хабарлаған еді.

Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Ташкент жоғары әскери училищесін оқып бітірген соң Германиядағы совет әскері қатарында қызметін бастаған.

1979 жылы совет әскері Ауғанстанға басып кіргеннен кейін Борис Керімбаев СССР қарулы күштері бас штабы бас барлау басқармасының (ГРУ) арнайы мақсаттағы 177-тобы ("екінші мұсылман батальоны") басшылығына тағайындалып, ауған жеріндегі арнайы әскери операцияларға қатысқан. Ауғанстанда совет әскеріне қарулы қарсылық танытқан моджахедтермен соғыста Борис Керімбаев "қара майор" деген лақап атымен танылған. Керімбаевтың батальоны 1982 жылы Ауғанстанның Панджшер алқабында әйгілі дала қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың күштеріне қарсы тұрған. Кей деректерде моджахедтер "қара майордың" басына миллион доллар тіккені айтылады.

1983 жылы желтоқсанда Ауғанстаннан Алматы маңындағы әскери бөлімге ауысқаннан кейін Борис Керімбаев әр жылдары батальон, полк басшысы қызметтерін атқарған. 1990 жылдардың басында Қазақ ССР азаматтық қорғаныс штабына жұмысқа ауысып, 1992 жылы полковник шенінде отставкаға шыққан.

Пікірлер