Ғылымды дамытамыз десек, шикізаттан кету керек - Жанұзақ Әкім

2405
Adyrna.kz Telegram

"Ғылымды дамытамыз десек, инновацияға бет бұрып, шикізаттан кету керек. Отбасында баланы білімге үйретіп, ғылым жолына жетелесе, ол есейгенде Билл Гейтс, Стив Джобс, Қаныш Сәтбаевтар сияқты ғылым-білім іздеп кетеді". Бұл пікірді белгілі қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты. 

"Отандық ғылым дамып, Қазақстан өркениетті ел атансын десек, бізге адам капиталын дамытып, инновацияның басым салаларын енгізу керек. Осыған күш салуымыз керек. Шикізат елдері қандай байлықтың үстінде отырса да, Венесуэла болсын, Нигерия болсын, мұнаймен ешқашан дами алмайды. Себебі, шикізат белгілі бір адамдардың қолында шоғырланады. Ғылымды дамытамыз десек, шикізаттан кету керек. Ресейдің өзі ең бай елдердің қатарына кірсе де, шикізатымен байланып, ешқашан дамыған елдердің қатарына қосылған жоқ. Ғылым, білім жолға қойылсын десек, бағдарламаларды қайта қарап, осы мәселелерді түгел шешуіміз керек. Бәсекеге қабілетті мықты ұлт қалыптастырып, интеллектуалдық ұлт болуымыз үшін осындай қарекеттер қажет. Ал біз осыны беріп жатырмыз ба? Мысалы, неге біз ғылым жолына қызықтық? Оған Карл Маркстің әйгілі «Капитал» еңбегі себепкер болды. Бұл еңбекті 9-сыныпта оқып, кіріспесінде «Ғылымға барар жерде, қақпаның алдында тұрғанда, сен тозақтың алдында тұрғандай боласың. Бірақ жүректе ешқандай қобалжу болмау керек. Тек қана сенім болу керек. Жастарға ғылымда сайрап жатқан даңғыл кең жол жоқ дейді. Оның шыңына тек қана талмай, шаршамай, соның соқпақтарымен жүре берген адам ғана өз мақсатына жетеді» деп жазылған ойлардан шабыттанып, ғылымға деген қызығушылығым еселеніп артқан еді. Абай Құнанбайұлы «Басында әке айтпаса ақыл жарлық, Ағайын табылмаса ой саларлық, Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?!» деп айтқандай, әр қазақ баласына осындай мықты-мықты мотивациялар жиі айтылуы керек",- дейді қоғам қайраткері. 

Оның айтуынша, көштен қалғымыз келмесе, инновацияға бет бұрып, ғылыми жаңалықтарға ұмтылуымыз қажет.

"Ғылым мен техникадан гөрі әдебиетті жақсы көретін халықпыз ғой. Сол дін, әдебиет, тағы басқаларын жағалап, ру-тайпалық қатынастар секілді тар шеңберден шыға алмай жүрміз. Жастарымыз ғылым қуудың орнына мешіттерден шықпайды. Елдің болашағын өзіміз құртып отырмыз. Дамыған елдер мен дамушы елдердің айырмашылығы басты айырмашылығы неде? Дамыған елдердің өмір сүру ұзақтығы жоғары болады. Біздегі орташа өмір сүру ұзақтығы - 67 жас.  Жапонияда, Еуропада - 87-88 жас. Бізден 20 жасқа ұзақ. Еңбек өнімділігі де 8-10 есеге дейін жоғары. Біз неге артта қалдық? Неге масыл болып қалдық? Осыған әркім өзінше жауап беруі керек. Қазір бәсекелестік заманы. Басқаның бәрін тастау керек. Осыдан 5 ғасыр бұрын атамыз пәлен-түген болған дегенді қою қажет. Әркім өз-өзіне жауап беру керек. Өмірінде не істеді, не істей алады, қандай мақсат қойды... Жалпы қоғамның дамуы осыған байланысты. Жаңа Қазақстанда барлығын жаңаша бастауымыз керек. Моральдік деңгейі төмен халық ешқандай мақсатқа жетпейді. Дамыған елдер мен дамушы елдердің айырмашылығы - біріншіден адам капиталының дамуы. Яғни адам капиталы 3 бөлімнен тұрады. 1) Білім, ғылым. 2) Инновация, әлеуметтік мәселелер. 3) Денсаулық.   Мысалы АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің 51 пайызын инновация береді. Немесе Швейцарияның жалпы ішкі өінімінің 62 пайызын сол инновация береді. Бізде инновациялық үлес бір пайыз ғана. Сондықтан біз кедейміз. Көп ауырамыз. Қысқа өмір сүреміз. Себебі инновацияны пайдалана алмаймыз. Инновация жылына 30 пайыз өсім береді. Қазақстанның экономикасың жылдық дамуы 2-3 пайыз ғана. Инновацияның саласынан 15 есе төмен. Сондықтан, біз экономика бағытына бұрылуымыз керек. Әлеуметтік мәселе, білім, ғылымға қайтадан көңіл бөлуіміз керек",- дейді Жанұзақ Әкім.

Заманға сай ғылым игергіміз келсе, кеңестік жүйеден қалған ескі таным-түсініктен арылатын уақыт келді.

"Ғылым-білім саласында кеңестік дәуірден қалған методикаларды түгел өзгертуіміз керек. Бізде тек қана білім береді. Ал дамыған Батыс елдерінде үш түрлі білім бар. Біріншісі – жаңа нәрсені танып-білу. Екіншісі – ұғыну, яғни әр нәрсенің ішкі процесстерін түсіну. Үшіншісі – алған білімнен қорытынды жасап, ғылыми жаңалық ашу. Осы жағынан келгенсек, Еуропа елдері білімнің үш жағын түгел қамтылған. Жапонияда интеллектуалдық дағдының 40 пайызы қалыптасқан мезгілде 5 жаста мектепке береді. Бізде 7 жастан береді. Ол кезде 70 пайыз интеллектуалдық дағды қалыптасып қалады. Сондықтан біз кешігеміз. Сондай-ақ оларда аптасына 51 сағат. Бізде 36 сағат. 41 сағатқа жеткіздік. Бірақ мектеп бітірген кезде олар 6600 сағат артық оқиды. Былайша айтқанда 4 жылда өтетін бір бакалаврдың курсын бітіріп шығады.  Яғни олар 17-18 жаста өткен білімін біздің жастар университетті аяқтағанда 22-23 жаста оқиды. Өмірден кешігеді. Сөйтіп өмірден ғылымнан, технологиядан, инновациядан кешігу осыдан басталады. Мәселен, атақты өнертапқыш Томас Эдисон мектепте оқып жүргенде, оның анасына ұстазы хат жазады. Хатты оқыған анасы жылап отыр екен. Кішкентай бала қасына барып «Не болды анашым?» деп сұрайды. Міне, ұстазын хат жазып, сені оқыта алмаймыз депті. Себебі, сен сондай данышпан екенсің. Ұлы адам боласың. Біз сені оқыта алмаймыз. Басқа мектепке беріңіз деген екен. Сөйтіп,Томас Эдисонды анасы басқа мектепке береді. Ол мектепті тәмәмдаған ол, кейін университет бітіреді. Үлкен өнертапқыш болады. Содан біраз жылдар өткененнен кейін отбасылық архивтен ұстазының жазған хатын тауып алады. Ол жерде «Сіздің балаңыздың ақыл есі кем. Ол біздің мектепте оқи алмайды. Басқа мектепке алып кетіңіз» деп жазылған екен. Міне, анасының даналығының арқасында хаттың мазмұны 180 градусқа өзгеріп, баласы шынымен данышпан атанады",- дейді қоғам қайраткері.

Кітап оқитын ұлт ғылыми жаңалықтар ашып, әлемдік деңгейге көтеріледі.

"Азаттық пен еркіндікке лайықты адам күн сайын ана тілі үшін, жер үшін, атамекен үшін, ел үшін күресе білуі тиіс.  Тек күрес адамды адам қылады. Қадыр Мырза Әлі «Туған жердің тылсым сырын ұғып көр. Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға, қалай төмен боламыз, ей, жігіттер! Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге, қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер! Көре тұра мынау ұлы даланы, қалай кіші боламыз, ей, жігіттер»,- демекші, дәл осындай мотивациямен қаруланған жастар ғұмыр бойы білім-ғылымға өз-өздерін жетелеп, үлкен жетістіктерге жетеді. Ал бізде өкінішке қарай, адамдар діни надандыққа ұрынып, «менің тағдырым жазылып қойған» деп, қолда барына шүкіршілік етіп, алдыға ұмтылмайды.  Бұны жігерсіз, масыл, қайыршы адамдарның тірлігі деп санаймын. Құлдық психологияға берілгендер жыл өткен сайын арамызда көбейіп жатыр. Міне, біз осылардан құтылуымыз керек. Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа бидің баласына жазған хатында «Шырағым, мұнда жүрсең, нетер едің? Қолыңа құрық алып кетер едің. Тентіреп екі ауылдың арасында Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!» дейді. Яғни бір мұратқа жету үшін ауылда қалу мақсат емес. Қазіргі жастар әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып, тәжірибе жинақтауы қажет. Ғылыми орталықтар, кітапханаларға жиі барып, ғылымға өз үлестерін қосса ғана жетілеміз. Себебі, біздің Қазақстан дамушы ел ретінде жылына бір адам бір кітаптың айналасында ғана оқиды екен. Жапондар болса айына 8-10 кітап оқиды. Ал біз жылына 1 кітап оқимыз. Көрдіңіз бе?  Әрине, бұл жерде барлығы тікелей ортаға байланысты. Отбасында баланы білімге үйретіп, ғылым жолына жетелесе, ол есейгенде базарда арба сүйреп, барлығынан құр қалып кетпейді. Билл Гейтс, Стив Джобс сияқты немесе Қаныш Сәтбаевтар сияқты ғылым-білім іздеп кетеді", - деп пікір білдірді Жанұзақ Әкім.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер