Қожагелді-Уаң

4429
Adyrna.kz Telegram

Ақсуатқа барар ұлы жолдың екі жағында Қожагелді мен Уаң зираты жатады....

Бурыл тартқан күн бауырын тартып, өзгеше түс алыпты. Бұлт біткен булығып, лықсып жеткен әлдебір қуатты шымырлып сездіргендей. Тарғыбатай бауырын мекен еткен кең ауыл көңіл бағып, тынып қалыпты. Иттері де сабылып үріп, сандалма абалаудан ада секілді.
Салмақты жұрттың оқ бойы озғаны, бақ басы – Қожагелді. Осы аймақты Қожагелді үйірлі жылқысы, сансыз малы ғана емес қоя берусіз қатал мінезімен де ала беретін. Ел сөзі, көп қызығынан шет жүретін ер мінез ауыл ағасы бүгін дертті деммен тыныстайды. Емсіз әлде бір шемен шеңгелдей құшақтап шыңырау тартардай.
Көңіл күмбезін шытыната берері түнде естіген шетін хабар.
Суық түс, ентікпе қабақ қара жігіт бар жайды Қожагелдіге көзін қадай отырып айтқан.
Сөз салмағы ел ағасының иығын басып, іш жидырып қалды.
Қожагелді үнсіз тыңдады, қайнап шыққан ашу да бетінен белі бермейді. Аласы көп көп көздері шытынай жарқырап шағыл тартты. Басқа өң өзгерісі, түр бұзылуы жоқ. Хабаршы жігітке қайта бір серпіле қарады да, баруына мезірет еткен. Есік тосқан шалт жас бала- қайыры аз, салқын сөз иесін қонақханаға алып кетті.
Салбырап түн түскенде Қожагелді қабат ойлардың қақпасын ашуда болатын .
Ағайын тілге тізгін, желіге шылбыр бермей қылар шараны шідерлете береді.


Уаң. Уаң. Осының өз аты Рахымғали емес пе еді. Рахым, обал-сауапсыз жаттанып кеткен жау тілек жұмыртқа. Бүлініп туған – іргесіз ірің. Қожагелді ойы тағы да тұңғиық, тамырлы терең мор мекенге беттеп кетті. Ібіліс араласқан іңір басқа бояуды жұтып, қараңғылық ес қылқындырып, ақыл біткенді аулаққа жетелеген еді...
Жеті Жолымбет Найман ішіндегі екі жас Рахымғали мен Қожагелді қатар ауызға іліккен.
Жоңғарды шегінте қуған жау жеңген қазақ, ары асып Қытайға келіп найза тіреген.
Жоңғардай шыға шаппа, қайтуы тез, оңай сынар деген алаш жұрты дендей алып саны көп, тегеуріні аз саралаяқ қытай делінер қиғаш көзділерді ары Тақламақан шөлдеріне қуып тастаған, өшпенділігі жоқ көшпелі жұрттың ары жақтағы ызасы қызара қоздаған. Бойы бебеу тартып жан салған. Қытай шерігінің көптігі ептілігінің шеніне келмеген. Тірсегі үзілген омалма, көрқаппа жер тырмалаған ырымы жаман немелерді найза ұшында керіп әкеткен. Сағы сынғандар сарыла тоспай, сауға сұраған.
Даланың бөрілері Алаш ерлері Жеті шәр, Қашқар тұсына тоқтап ойғыр, мәнжу, сібе, солаң тектес жат жұрттың бура сан, сағақ белдеріне бой суытқан. Керей Алтайға беттеп, Арғын артта қалған. Соғысса ту көтерер доғасы симас, дулыға маңдай наймандардың дәл осы жолы жығасы желбіреген. Ордадан шет қонар, олжадағыға сұғын салмас жеті жолымбет ішінді Рахымғали мен Қожагелді ерекше алға ұмтылып шепке кіре беретін. Жанынан безген екі жас алғашында үрей тудырардай көрінгенмен кейін асмарсыз ардақталды.
Сары тулы найман елге қайтқанда көңілдері көлеңкесіз, жандары жадыра болатын. Тек Рахымғалидың жетігендей ауыр қозғалар мол мал мен дәргейіндегі елдің көптігі Қожагелдіні таңдандырған. Белдері бұралған көп сұлуға толы көш сарбаздардың көздерін сындыра берген соң, кегежу қалған.
Үшінші қонған күні Қытай ішінен жеткен шарт буынған, дом түсілген он шақты жан қайтқан қолды бөгеген.
Шағын үйірлі жан басшысы егде қытай екен. Қасындағы қалмақпен қидалап отырып жеткізгені -Рахымғали тобында қызы кетіп барады. Еріксіз. Тұтқын. Жалғыз баласы. Жарылмаған жұмыртқасы. Ақтарылмаған сандығы. Соңғы сөзі өтер деп Қожагелдіден сұрап отыр. Басқа дауасыз.
Көңілі қаламаса да Қожагелді даушыл, жоқшыларды ертіп Рахымғалиға келген.
Сөз жүйесін бірден таппады. Көп ырғасқан. Тілі майда Рахымғали жоқшылардың сөзін жалалы, түтінді, бәлелі деп бет бермеді. Қыз қалауы осы деген. Қожагелді қанша сөзбен санына арқан салса да, Рахымғали іргесін ары салып, көнбеді. Аяғында Қожагелді қасында жоқшылары мен тұсақ қызы жолығып көзбе көз ант ұстасбақ болған. Тек ертең оянбақ қытайлар түн ортасында дүрк тұрып кетіп қалыпты.
Қожагелді жігіттері тоқтатпақ болғанда тиылмаған. Жағасы бөлек жат жұрттың қоймасын біле алмай қалған. Қыбы табылған болар деген. Тек кейін уақыт озғанда жіп таққан. Кешең болатын бұл кезде.
Қалмақ жылқысы, қалмақ қодасымен қайтқан Рахымғали аз уақытта қордаланып, ауыр дәулетті егелеген. Басында көңіл аудармаған Қожагелді кейін аңтарыла таң қалған. Дүние мүлік үшін жанын салар қоңсысы өзгеше түр алып, жаттанып, бетін ары бере бастаған. Сол ауылдағы орыс, қытай саудагерлері сыбай келіп сансыз малмен қайтып жататын. Бұрын алаш көрмеген қытай шайы, орыс самаурыны ел ішін кернеп алып кеткені Қожагелді көңіліне күдік туын көтерткен.
Сауда иман ағзам делінер дәйек-те тұсаулап тұратын. Бір самаурынға бес жылқы алар саудагерлер аларман да әр түрлі ойға түрен салдыратын.
Қожагелді туысы бір әңгіме – қосақта бір жылқыны жеткізу үшін бес жыл сарып, сонда орыстың темірі үшін қанша малымызды беріп жатырмыз, бұған қоса көңіл-жақының Рахымғали кәпірдің сөзін сөйлеп, арзуымызды керек еткен емес деген-ді.
- Өріс жақындығы , көңіл қоңсылығы емес -деген түйіліп отырып Қожагелді.
Ірге жақындаған шақта, сөз сырағысында:
- Бір самаурынға бес жылқы тым көп емес пе – деген.
- Пәлі орыс, өріс емес пе... Бізде самаурын жасар ақыл мен айлы бар ма? Ол өнерлі ел, өнеріне ортақтаса алмасақ та, өсіміне ортақ болайық. Қазіргі найманның көшелімін дегені самаурынсыз дастархан жая ма. Біз қараңғы халықпыз, жоғымызды осылардан алайық.
Сөз ауаны, салмақ басы Қожагелдіге салғаннан ұнаған жоқ. Сонда да сыр бермей қарысып тыңдады. Қонар жерін аңғармақ болған.
- Көшпесі ел осындай өнерлілердің барын алғаны ләзім.
Қожагелді мырс берді.
- Мүмкін мына бағып отырған сәулелі сәйгүліктерді доңызға, алты қанат орданы шоңқайма үйшіктерге айырбастармыз соларға ұқсап.
- Кім біледі. Мүмкін.
Қожагелдінің қайратты пішіні тарғыл тартып, қату құбылған.
- Не айтып отырсың сен. Не былшыл мынау! Басыңды тарт мына сөзден. Еркек болсаң бері шық. Ары кетсе иықтағы бас кетер...
Қалшылдап кеткен Қожагелдіге қарсы ештеме айта алмаған Рахымғали. Айтқысы келмегендігінен, сөз танымындығынан емес. Апайлы – топайлы уақытта жинаған ауыр мүкәлләмасы ауызын буа беретін болған. Екі мыңға тартар қаражал , күрең үйір кеудесін күйдіре беретін. Суық уақыт белін бүккеннен соң жар қызығы қашақтап, малын өбектей беретін. Бай адам қорқақ, бой баққыш -ел әңгімесінен алыс тұрмақ, осының бәрі Рахымғали қылығынан қапысыз білінетінін-ді.
Қожагелді де соны таныған. Ежелден ілік-шатыс, көршілес, жұға жүретін екі ауыл ертеңінде тоң-торыс күйде қалып, Рахымғали елі көшіп кеткен. Халас айтпаса да қоштасып, амандасқан жан жоқ болып шықты. Жаттанған жақын ерін тістелей аулақталған.
Өрістері қоныстары сыбай қиылмаған. Шатқаяқтап кеткен екі жан тізгін қоспаған-ды.
(Жалғасы бар)

Серік Елікбай

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер