Серік ЕЛІКБАЙ. Мадақ жыры

2102
Adyrna.kz Telegram

Ер Мамай бастаған ауыр қол Кәрі Донның жоғары басына келіп тоқтады. Сансыз сарбазды ләшкердің, салмақты, суық жасақтың алдында кейінгі тарих Шик-Мамай деп атаған Шидақ, Көшімдермен қатар аталар Мамай бек тұрған. Күлуге бейімі жоқ биік қабақ, қиық көз, ұзын бұрымды Насрат-дин-Әбу-әл-Фатих өзін қоршаған қарашы, аталықтарға қарап ер Доспамбет қайда деді.

- Оң қанатта.

- Паң шатырға келсін.

Дешті Қыпшаққа аты кеткен, қараша жұрт қана емес, сұлтандар, бектер мырзалар, хафиздер, данышпандар арасында аты алағай, ісі мен сөзі сұрапыл Доспамбет батыр оң қанаттың алдында болатын. Отызға жаңа толған, сере қардан сескенбес жырау ойы өте алыс арғы армандарда тұр еді. Жүректің сандығында жатқан жарығы, жас күндердің белгісіндей болып Әли ағаның қызы Нигара-Шырын бейнесі көлденең тартты.

Азаулы деген түркі ұлысы үшін арман тектес шаһар еді. Азаулыға кебежемен барсаң болады, күшің жетсе керуенмен кел, онда бәрі табылады деп айтқан аңыз Карамзинге дейін жеткен. Аппақ Азаулы қаласы ақшаңқан тартып әр соғыстан, майданнан шаршап келген жау жүрек, екі бұтын арыстандай алшайтып, арғымақ мінген, кілең мұздай құрсанып, көбе киген есіл ерлерді жұпары қардай бораған аруларымен тосып алатын. Азаулының теңізге шығар түйісінде көк шатырлы ақсарай жұмбақ сиқырмен тартады. Ақсарайдың ішінде сүмбіле шашын жел сипаған, ақ маңдайын күн үрмеген, әжемсіз ақ білегін жастанып, қара көзі қан қоздырып омыраудағы оң түймесі ағытылуға ыңғайланып, белі босап Нигара-Шырын тосатын. Доспамбеттің өзі Әли ағаның қызы есік алдында тұрып тосқанын қаламайтын. Қызғанғаны емес, қызығын қызылшыл көзден тыс жерде көргісі келер, Шырынын оңашада бауырға басқанды ұнатар сахи көңіл. Он түйме, Мысыр асып жеткен он гауһарды аңсап келген батыр салалы күшті саусақтарымен мың бір түннің бетін ашқандай ақырын, аптықсыз шеше бастайтын. Алакөлеңке кезде, періште мен перілер серуен құрған ғазал шақта қымбат мүкәммәл гауһар түймелер бірде сөніп, бірде жанып жырау жүрегіндей алабұғалап, аттандап тулайтын. Доспамбет жеті ықылым кәшнүрдің бойлағында Нигара-Шырыннан сүйем артық сұлу бар деп мойындаған емес. Бозбала шағында жанған ғашықтық оты бәсең тартқан емес, білтеленген емес, керісінше жыл өткен сайын шалқи өртеніп, қызуымен орап, шалғай кеткен сайын қайта шақырып, шал жебедей жүрекке ұра береді. Сыздатып ауырып, сал бүліндіріп, таңдай қақтыра, тіл сордырады. Батыр ойын Мамайдың бақауылы бөлді.

- Дәншманд, сізді Мамай бек әмірші шақырады.

Доспамбеттің езуіне күлкі үйірілді. Дәншманды несі. Әлде бұның мүрид болып жүрген кездегі Стамбұл, Бақшасарай бойын аралағанын айтып тұр ма. Дәншмандар мен сейіттер ішінде мол біліммен ерекшеленер жырау Шам, Стамбұлдың қауызды кітапханаларында ұзақ-ұзақ отырушы еді. Араб, яхуди, фарал, шағатай тіліндегі ауыр тіл, құж кітаптарды, бедерлі терімен тігіліп, күміспен күптелген ақыл қазыналарын мол ақтарған.

Еркін көшкен, қазақ жүрген жұрттың әлі ашпаған көмбелеріне көміле отырып асқақ ақылға астау ұсынатын. Сорпалы сөз арпалы ойларға қол салатын. Юан ғұламаларынан бастау алар асыл бұлақтарға әттең ,мол бет жуа алмай кетті. Әл-Киндиді әлінше танымай, Хорезмиді қотарып ала алмай, Азаулы жұртқа қан қасапқа қайта араласты. Қаланы қабылан жау қайта қамап тұр екен. Жолданған дұшман жалақтап жанын жалдап қақпа алдында ойран салып жатқан шақта айбалтасы азулы, жауға көрі қазулы Доспамбет жеткен долданып.

«Апырым, ер Доспамбет» деп досы мен дұшпанның даңғыра қаққаны осы кез-тін.

Тасқа салса тосылмас, қасқа салса шошынбас жиырма жастың жалауы -Азаулы аңызы болатын. Ұзақ ұрыс, созақ соғыстан Доспамбет шаршаған емес, талған емес, шегінген емес. Ауыр қолға бас болып, күңіреніп күн түбіне көп жортқан. Арғымақтың тал мойыны тұралағанда тұғры жолдан таймайды. Май қаңбақта ат шалдырып, ақ шаңдақта тән талдырып дем алған. Садақ толы сәйгез оқты созып тартқан Доспамбет. Еділдің бойын ен жайлаған Доспамбет. Толғамалы ақ батаны толғап ұстаған Доспамбет.

Паң шатырдың алдындағы алма ағашқа ат басын тіреді. Қалың ойдың құшағында қабағы сұсты батыр боз ордаға еңкейе кірді. Амандық ініден.

- Ассалаумағалейкум, Мамай аға!

- Уағаликаламассалим, Доспамбетжан.

Ер Мамайдың түрі тым шаршау көрінді. Сүлеймен тағы болмаса да өрік ағашынан жасалған тақ тұғырдағы бек сәл қабағын аша қарады. Бұл алтындалған, гауһарлы тақ емес, осындай жорықта алып жүрер жинамалы ұстын. Құрама шапшақ қымызды Мамай өз қолымен ұсынды.

- Тауда түмен, қырда шеркес, қасында естектері бар мұндай телегей қолмен найза түйістіріп көрген жоқпыз. Амал нешік. Қазақ жұрты жалғыз қалды. Бұл да дұрыс шығар, қас бен достың жігін жіліктеп, арасын ашып алдық. Әрбіреуміз он жасауыл үшін майдан саламыз. Ұрыстың кесе басы саған түседі. Доспамбет сен осы арада бір түменмен қаласың. Жиырма бес түмен алып, мен дұсман артынан айналып соғамын. Егер шыдатпай, сағақ сындырып жатса, қаша соғысыңдар. Басқа жол жоқ. Сенің орның бір бөлек, «тағдырыңды» жауып шық. Біз есекқырған туғанда қозғаламыз. От-ошақты өшіреміз.

- Өлсек шаһидпіз. Хош, ерім.

Екі жуан сіңір, батпан білек жан төс түйістірді. Доспамбет тез шығып кетті.

Бір-ақ түмен. Қарсы жаудың әскері кем дегенде 30 түмен немесе одан көп. Алтын Орданың шашылған сүйегінің бұл соңғы бас көтеруі. Ал кәуірдің қол астындағы салмақты әскер артында зеңбіректі Речь Посполита тұр.

Кәуір Алаш ұлдары долы білекпен алған сайын даланы, сайтан ақылмен ала бастаған. Білте мылтық, зор зеңбірек бұлар әлі көп көре қоймаған қыры, шыға қоймаған шыңы. Күш тең емес, қашуға жер кең емес. Шығыс көгілжім тартқанда даңғыра соғылып, дабыл қағылды. Зор зұрна үні зорлана, күңірене, үрей пердесін, ақыл дәртесін, шыдам шылбырын үзіп естілді.

Тұманды, шаңды алаң бар көз бөгетінен сейілгенде бітіспес жаулар бет тіресіп тұр еді. Екі жақ сөзге келіскен жоқ, жекпе-жек сұраған жоқ. Өлім есірігі жайлаған алап-қан сұрап тұрған.

Доспамбет сауыт-сайманын сайлап киген, Мамай аға айтқан тағдырын да жауып тастаған. Алтын Орданың бүгінгі қолдағы, бәсіре басы Азаулы жұрты салдыр сауыт, көлденең көбені ұната бермейді. «Ажал алтын сандықтың да ішінде іздеп табады». Әбден, түйілген, жентектелген тұжырым. Осындай ақ орамал майданда шейітпін дегендер жүрек тұсындағы тағдыр атты алақан басындай тұсты әдейлеп ашып, ажалмен таласып жаппай шығады. Кіреукесіз, қорғаусыз тұсқа тиген жебе, кірген найза өлімнің өзі тапқаны, қашқанға жеткені, берместі алғаны. Шара жоқ.

Дала ұлдары ажалға бас ұрған емес. Сондықтан да ардан аттамайды. Андасын, туғанын, қандасын жауға тастамақ емес. Ар амандығы үшін жан құрбан. Алаш амандығы үшін жан құрбан. Тізерлеп күн кешкенше, тістеніп өлмек ләзім.

Қарсы жақтан дүниені жаңғырта зеңбірек гүрс етті. Азаулықтардың арасына жарылған өлім оғы, жаужүрек ұлдарды өзгеше сескендірді.

Ақбоз атын атойлап Доспамбет шеп алдына шықты. Аруақтап айғайлаған жоқ, аттандадамады да. Ажал сепкен зеңбіректер тұсына ат басын салды. Білте қойып жатқан, қашуға үлгермеген шикі сарылардың бастары қарбыздай айрыла бастады.

Діріл жүректерге дем кірді. Ұрыс өліспей беріспес сипат алды. Сауырдан тиген соққы Доспанбеттің бел сүйегін сындырып жіберді. Соғыстың өтінен шыға бере, Доспамбет мені ашамайлап байлаңдар деді. Жығылған қолбасы қол бастай алмайды. Әскер басы, ләшкер басы жығылғында сарбаз рухын көтеру мүмкін емес, ләкин.

Қылыш қамшыға, теңіз тамшыға айналғанда Мамай қолы жау жауырынын жұла отырып бері өтті.

Ер Мамай жанұшыра Доспамбеттің жанына жеткен. Ентіге дем алған жас батырдың балған бетіне ажал шідері түсіп те кетіпті. Қайта тумас, енді келмес хас батыр қою қан шұбырған жүзімен Мамай бекке қарады. Көнген түр, кетер көздер егесі «Ер Мамайдың алдында шаһид кештім өкінбен» деді.

Қазақ қазақ үшін өлді. Дүние теңселіп кетті.

Солай. Ажал біреу ғана. Ерлік те жалғыз. Ұлт үшін өлген ұлдарды ұлықтайық... Алаш...

 

Пікірлер