"Үкіметті құлату үшін емес, наразылық көрсетуге бардық". Пригожиннің мәлімдемесі тарады

4025
Adyrna.kz Telegram

«Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин «әділет шеруі» аяқталғаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Оның аудиожазбасы «Пресс-служба Пригожина» Telegram арнасында жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Интригалардың ойластырылмаған шешімдердің нәтижесінде бұл бөлім 1 шілдеде жұмысын тоқтатуы керек еді. Командирлер мен жалдамалылардың ешқайсысы Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруға келіспеді. Себебі бұның жауынгерлік қабілеттіліктің толық жоғалуына әкелетінін жақсы білеміз»,—деді ол.

Айтуынша, әскери көтерілістің болуына Қорғаныс министрлігі тарапынан жасалған зымыран соққысы себеп болған.

«Бір күнде 780 шақырымды бағындырдық. «Вагнер» тарапынан 30-ға жуық жауынгер қаза тапты. Біз жасақтың жойылуына жол бермеу үшін науқан жасадық. Бұны көпшілік те талап етті. Мәскеуге жетуге 200 шақырым қалған еді. Бірінші шабуыл жасағы артиллерияны орналастырып, аймаққа барлау жүргізген сәтте тоқтадық. Қан төккіміз келмеді. Өйткені «Вагнер» елдегі үкіметті құлату үшін емес, өз наразылықтарын көрсетуге барды. Біз не істегіміз келетінін көрсету жеткілікті деп шештік»,—деп түсіндірді Пригожин.

Еске салайық, 24 маусымға қараған түні Евгений Пригожин Ресей қорғаныс министрлігін соққы берді деп айыптап, қарулы қақтығыс басталғанын мәлімдеген еді. Кейінірек оған қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ел президенті әскери бүлікшілерді сатқын деп айыптады.

«Вагнер» жасағы Мәскеуге 200 шақырым қалғанда кейін шегінетіндерін мәлімдеді.

«Қан төгілуі мүмкін, сондықтан әскерімді алып кетемін»,—деді Пригожин.

Пікірлер